АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Алматы облысы аумағында ирригация жүйесін қалпына келтіру мақсатында 5 млрд. теңге қаражат бөлу жоспарлануда — А.Баталов

20150102133022Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Қапшағай қаласының іргесіндегі бірнеше ауылшаруашылық нысандарын аралады. Өңірдің шаруаларымен кездесудегі тақырып ауылшаруашылық саласына инновациялық технологияларды енгізу, атап айтқанда тамшылап суару жүйесін қолдануға арналды.

Алғашында өңір басшысы Шеңгелді ауылында орналасқан «Бәйтерек Агро Сервис» ЖШС аралаумен бастады. Серіктестіктің қарамағындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерінің жалпы көлемі 420 га құрайды. Оның ішінде суғармалы жер — 240 га, жайылым жер — 171 га және қалған 9 га жер аумағында әртүрлі ауылшаруашылық нысандары орналасқан. ЖШС өкілінің айтуынша 40 га жер теліміне картоптың германиялық «Solana» сұрыпы, 50 га жерге ірі пияздың отандық «Манас» сұрыпы отырғызылған. Үстіміздегі жылы кәсіпорынға 1 млн. 915 мың теңге субсидия бөлінген. ЖШС жұмысымен таныс болған өңір басшысы А.Баталов тамшылап суғару жүйесі енгізілген пияз алқаптарын аралап шықты.

Келесіде облыс әкімі А.Баталов «Ұлттық агроөнеркәсіптік компаниясы» холдингінің құрамына кіретін үш шаруа қожалығымен кездесті. Олар «Nur Agro» агрофирмасы», «ТЖН мен К» және «Қанат» ЖШС. Аталған ЖШС өнімдері Алматы қаласында жоғары сұранысқа ие, сондай-ақ өнімдері Ресей, Түркіменстан, Әзірбайжан және Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталуда. Облыс әкімі шаруа қожалықтарын аралай келе осы қожалықтарда енгізілген тамшылап суғару жүйесімен танысып, ауылшаруашылық техникалары мен өнімді жинау мерзімі басталған картоп және пияз алқаптарын көріп, шаруалармен кездесті.

Жоғары аталған холдинг құрамындағы ЖШС тамшылап суғару жүйесіне Ресейде және Израильде шығарылған құрылғылар пайдаланылады. Мұнда суғаруға қажетті суды үнемдеп қана қоймай оны тиімді пайдалану үшін арнайы насостар, фильтрлер мен өзге де су құрылғылары пайдаланылады, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысының әкімі кездесуді қорытындылап: «Заман талабына сәйкес ауылшаруашылық саласында инновациялық технологияларды қолдану — еңбек өнімділігін өсіруге және өнімнің сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Тамшылап суғару жүйесімен алқапты суғару — тиімді әрі үнемді тәсіл екендігі сөзсіз. Облыс аумағында ирригация жүйесін қалпына келтіру мақсатында ауқымды әрі жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Келесі жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттің есебінен 5 млрд. теңге қаражат бөлу жоспарлануда. Бүгін біз көргендей ірі шаруа қожалықтарында инновациялық технологиялардың қолданылуы, сол арқылы табиғи ресурстардың ұқыпты пайдаланылуы көзді қуантады. Сондай-ақ отандық нарықты сапалы азық-түлікпен қаматамасыз етуге, ал артығын экспорттауға өз үлесін қосады. Осындай компанияларға біздер үнемі қолдау көрсетуге әзірміз, бастысы шаруалардың жұмысы нәтижелі әрі қайтарымды болуы тиіс», — деп хабарлады А.Баталов.

Шаруа қожалықтары өз тарапынан Қапшағай су қоймасында су деңгейін сақтап тұру мақсатындағы суда қалқып тұратын насостарды орнатуға көрсетілген мемлекеттік қолдауға алғыстарын білдірді. Себебі насостың орнатылуынан кейін биылғы жылы шаруалар су тапшылығын сезінген жоқ.