Облыстық ІІД-нің кинологиялық орталығында үйретіліп, қызметін Талғар АІІБ-да жүргізіп жүрген Грэй есімді қызметтік-іздеу иті тағы да ерекшеленді.
Ол қылмыстық іздеу тобына мал ұрыларын ұстауға көмектесті. Олар Талғар ауданының Өстемір кентінен 18 бас сиырды ұрлауда күдікті танылған.
Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінен нақтылағандай, шұғыл жұмыстардың барысында талғарлық кәсіпкердің иелігіндегі табынды белгісіз тұлғалар жазғы қашадан ұрлап, 14-16 сағаттың ішінде көрші ауданның аумағына айдап әкеткені белгілі болды. Қылмыскерлер малды айдап әкету кезінде іздерін жасыруға әрекеттенгенімен, қызметтік-іздеу иті оқиға орнынан 50-60 шақырым жерде табылған ұрланған табынның ізіне шыға алды.
«Малды айдап әкеткен екі ер адам ұсталып, қамауға алынды. Барымташылық фактісімен сот алдындағы тергеу амалдары басталды, соның барысында Талғар полицейлері ұсталған ер адамдардың мал ұрлаумен байланысты басқа қылмыстарға қатысын тексермекші», — деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметінен.