АЛТЫНОРДА
Новости

Алматыда бокс академиясы ашылды

Астана. 17 қыркүйек. Baq.kz — Алматыда Дүнижүзілік бокс қауымдастығының (AIBA) жаңа академиясы ресми түрде ашылды, — деп жазады «Алаш айнасы».

Академия Алматының маңындағы Іле Алатауының бойында, экологиялық таза аймақта орналасқан. Академияның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, AIBA-ның презиеденті Чинг Куо Ву, AIBA-ның вице-президенті Тимур Құлыбаев, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев, Олимпиада ойындарының чемпиондары Серік Сәпиев, Ермахан Ибраимов, мұхиттың арғы жағында кәсіпқой бокстан ел намысын абыроймен қорғап жүрген Қанат Ислам сынды белгілі азаматтар қатысты.

Әу баста академияны салу құқығын Канада мемлекеті ұтып алған еді. Бірақ, «үйеңкі жапырақ» елінің өкілдері қаржылық қиындықтарға байланысты бұл жобадан бас тартқан. Кейін Еуропаның бірнеше елдері үміткер болған. Дегенмен, AIBA соңында академияны салу құқығын Қазақстанға берген. Сөйтіп, 2011 жылы AIBA мен Қазақтан бокс федерацияларының басшылары ресми құжатқа қол қойып, сол жылдан бастап елімізде бұл ғимараттың құрылысы басталған.

Жаңа академия екі үлкен ғимараттан тұрады. Кіре бергендегі оң қанаттағы ғимарат 3 қабаттан тұрады. Бұл жерде қонақүй мен асхана орналасқан. Қонақүй бір мезетте 160 адамды қабылдай алады. Оның ішінде 10 бөлме жартылай люкс. Ол бөлмелерде бапкерлер мен құрамалардың жетекшілері тоқтайды. Ал, 76 бөлме екі орындық. Екі орындық бөлмелерде спортшылар жатады. Қонақүйде талаптарға сай теледидар, телефон, желдеткеш және сымсыз интернет, шомылатын бөлме бар.

Кірген бойдағы сол қапталда орналасқан ғимарат 4 қабатты. Бұл жерде негізінен спорт залдар мен жиналыс залдары бар. Тарқатып айтатын болсақ бұл ғимараттың 1-қабатында 2 жаттығу рингі мен 500 көрерменге лайықталған тағы 1 ринг бар. Сондай-ақ бұл қабатта ұзындығы 25 метр, ені 8 метр, тереңдігі 2-2,5 метр, 4 жолақты жүзу бассейн мен ерлерге және әйелдерге арналған сауна жұмыс істейді. Бірінші қабаттың басты ерекшелігі мұражай болады. Дегенмен ол әлі өз жұмысын бастамаған. Бұл жерде Қазақстан боксының тарихында алтын әріппен жазылған былғары қолғап шеберлеріміздің жүлделері мен елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушылардың жетістіктері туралы сыр шертетін кітаптар мен олардың жеке заттары тұрады.

Екінші қабатта жаттығу бөлмесі бар. Бұл жерде жаңа заманауи технологиялармен жабдықталған электронды және механикалық зілтемір, жүгіретін жолақша, физикалық жаттығу жасайтын құрылғылар бар. Одан бөлек екінші қабатта спортшылардың денсаулығын бақылайтын медициналық бөлме орналасқан. Білікті спорт дәрігерлері бұл жерде спортшылардан допинг тест, физиотерапия сынды сынамаларын алып отырады. Сонымен қатар екінші қабатта 250 адамға лайықталған жиналыс залы бар.

Ғимараттың үшінші қабатында 35 және 65 адамдық оқу бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар 20 және 150 адамды бір уақытта қабылдай алатын жиналыс бөлмесі бар. Одан бөлек үшінші қабатта әкімшілік бөлмелер жұмыс істейді. Төртінші қабаттың құрылысы соңына дейін бітпепті. Дегенмен, бізге белгілі болғандай бұл қабатта жоғары лауазымды тұлғаларды қабылдайтын VIP бөлмелер болады екен.

Ал, екі ғимараттың маңайында жүгіру жолақтары, футбол, теннис және баскетбол алаңдары орын тепкен.

Жалпы ғиамараттардың құрылыс аймағы 5 гектар жерді алып жатыр. Ал, құрылыстың көлемі 29 000 шаршы метр. Бұл академияның құрылсын толығымен Қазақстан бокс федерациясы қамтамасыз еткен. Дегенмен, құрылысқа қанша ақша кеткені ешкімге айтылмай, құпия сақталуда.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Құрметті спортшылар, бапкерлер, жанкүйерлер және барша бокстың маңайында жүрген мамандар, мен сіздерді бүгінгі Дүниежүзілік бокс қауымдастығының академиясының ресми ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға белгілі, бокс – Қазақстандағы ең дамыған спорттың бір түрі болып саналады. Оны біздің боксшыларымыздың көрсеткішінен көруге болады. Жаңа академияда жаңа әлем және Олимпиада ойындарының чемпиондары тәрбиеленіп шығады деген ойдамын. Сондай-ақ академияны салуды алдына мақсат етіп, оның орындаған, жалпы жобаның авторы – Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа рақмет айтқым келеді.

Чинг Куо Ву, AIBA президенті:

– Құрметті Тимур Асқарұлы, құрметті министр мырза және бокстың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтар, мен сіздергі бүгінгі AIBA академиясының ашылуымен шын жүректен құттықмаймын. 2006 жылы, мен бұл ұйымның президенті болғанда алдыма академия ашу туралы бірінші кезекте ойладым. Алайда, ол жоспарымды бірнеше жыл бойы орындай алмай келдім. Кейін, 2011 жылы біз Тимур Құлыбаевпен бірлесе отырып, Қазақстанда, оның ішінде Алматы академия ашу туралы жоспар құрдық. Міне, бүгін бірнеше жыл бойы төккен теріміздің өтеуін көріп отырмыз. Бұл жерде тек әуесқой боксшылар ғана емес, сонымен қатар кәсіпқой боксшылар да жаттығу жұмыстарын өткізуге мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде академияда бір турнир (Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан әйелдер құрамасының жолдастық кездесуі — авт) және бір семинар өтіп үлгерді. Енді келешекте де біз бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру үшін мұнда көп жиналатын боламыз.

Серік Қонақбаев, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті:

– Армысыздар, құрметті қонақтар! Сіздер мен біздер бүгін тарихи сәтке куә болып отырмыз. Олай дейтін себебім, мұндай академия жер жүзінде мүлде жоқ. Қазақстан бокс федерациясы AIBA-ның бізге жасаған ұсынысына бірден келісіп, дәл осындай керемет ғимаратқа қол жеткізіп отырмыз. Мен де боксшы болғанмын. Бірақ, мен жаттығып жүрген кезде мұндай жағдай мүлде жоқ еді. Біз көбіне тауда, тас лақтырып, тауға өрмелеп дайындалатынбыз. Ал мұнда жаттығу үшін заманауи құралдардың барлығы да бар. Бұл Қазақстандағы боксты тағы бір қадам алға жылжытатын үлкен мереке деп білемін.

 

Уалихан Қосанбай

 http://baq.kz/kk/news/53193