14 қазан күні Алматыда бокстан әлем чемпионаты басталды. Спорттың бұл түрі бойынша әлемдік жарыс Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа 111 елден 457 боксшы қатысып жатыр.
Әлем чемпионатының құрметті қонақтары ретінде Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) президенті Чинг-Куо Ву, ұлттық федерациялардың президенттері және халықаралық спорт ұйымдарының жетекшілері келді.
Біріншіліктің финалы 26 қазан күні болады. Жарысқа Қазақстаннан 10 боксшы қатысады. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Азаттық тілшісіне әлем чемпионатынан екі алтын алуды жоспарлап отырғанын айтқан.
Алматыдағы әлем чемпионатында боксшылар жаңа ереже бойынша шлемсіз күш сынасады.
Бокстан әлем чемпионаты екі жылда бір рет өтеді. Келесі 2015 жылғы біріншілік Катардың Доха қаласында өтеді деп жоспарланған.