АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

АЛМАТЫДА ЕСКІ ҮЙЛЕР СҮРІЛЕДІ

домКүніне қозғалатын 800 мыңға тарта автокөлік Алматыға, негізінен, шешілуі қиын екі мәселені көлденең тартып отыр. Оның біріншісі – экологияның бұзылуы. 
Сарапшылардың зерттеуіне сәйкес тау бөктеріндегі әдемі қаланың экологиясын ластаудың 80 пайызы көліктердің үлесінде екен. Жергілікті басшылық қиын түйінді тарқату үшін шаһардың кіреберісіне экологиялық бекеттер орнатып, ағымдағы 9 айда темір тұлпарынан ауаға бөлінетін улы заттың мөлшері тым жоғары 32 мың жүргізушіге 125 млн теңгеге айыппұл салыпты. Ал тапқан амалдың келесісі – қоғамдық тасымалды түгелдей газбен жүретін автобустарға ауыстыру. Биыл зияндылығы өте аз мұндай көліктің 200-і жүруді бастаса, алдағы жылы қалалық әкімдік тағы да 1000-ын сатып алуды көздеп отыр. Мұндай көлемді автобус мегаполистегі жалпы қоғамдық көліктің 60 пайызын құрайды.

Бұл кеше елордада Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметінде брифинг өткізген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жеткізген көп жаңалықтың бірі. Оның айтуынша, бағасы бензинге қарағанда 40 пайызға арзан саналатын газға ауысу қаржыны үнемдеп, экологияны сауықтыруға таптырмайтын тәсіл. Тіптен сұранысқа орай құнын жоғарылатып жібермес үшін «Қазтрансгаз» АҚ-пен арнайы келісімшартқа да тұрыпты. Бұған дейін екі коммуналдық автобус паркін іске қосқан әкімдік 2014 жылы үшіншісінің құрылысын бастауды көздеп, Алатау ауданынан арнайы жер телімін бөліпті. Сонымен қатар троллейбустардың тозуына байланысты 195 экологиялық осындай көлік алынған. Автобус паркін мемлекеттік негізде құрған әкімдіктің жоспарымен енді газды тұтынатын таксопарк те іске қосылған. Қазіргі кезде алматылықтарға мұндай таксидің 200-і қызмет көрсетіп жүр. Жолушылар мен жүк тасымалын дамытуға арналған 2016 жылға дейінгі бағдарламаға сәйкес екінші мәселе – кептелісті тарқату үшін келесі жылы  4 жолайырық салынып, бірқатар көшелерге айналма өткелдер ашылады. Ал жарты жылдан соң Алматы метросы тағы да ұзарып, «Сайран» және «Мәскеу» бекеттері қосылады.

– Оңтүстіктегі ең ірі мегаполистегі көптеген аудандар өткен ғасырда қаланғандықтан сейсмикалық талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан да елімізде алғаш рет «Ескірген тұрғын үй» бағдарламасы қабылданып, қаланың 7 ауданында 2710 пәтерлі 61 тұрғын үйді сүру жұмыстары басталады. Сүрілетін баспананың иелері жаңа пәтерді «бөлмеге бөлме» қағидатымен иеленеді. Ал қалған пәтерлерді құрылыс компаниясының өзі нарықтағы бағамен сата береді. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша 2014 жылға 183 нысанның құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде 130 тұрғын үй, 29 білім беру, 16 денсаулық сақтау нысаны бар. Сонымен бірге айтарым, зілзалаға қатысты әртүрлі алыпқашты әңгіме көп. Мен апта сайын тиісті зерттеу институттарының мәліметтерін алдыртып, қарап отырмын. Алдағы жарты жылда жер сілкінісінен ешқандай қауіп жоқ – дейді Ахметжан Смағұлұлы.

Қала халқының жыл сайынғы табиғи өсімі 9 пайызға жеткендіктен, Алматыда уақытысына қарай түрлі түйткілдердің көбейе беретіндігі анық. Себебі, адам бар жерде, мәселе бар. Бүгінгі ресми мәліметке сай шаһарда 1 млн 489 мың жан тіркеліпті. Алайда жергілікті тұрғындар мен сарапшылар халықтың 2 млн-ға жетеғабыл екендігін айтады. Соған орай қала бюджеті де ұлғайып 354 млрд теңгеге жетіпті. Бұл Моңғолия, Тәжікстан, Армения секілді мемлекеттердің жылдық қазынасының көлеміне пара-пар. Кәсіпкерлік кең тыныстауға көшкен. Мұнда қазір 103 455 бизнес нысаны тіркеліп, оларда жұмыс істейтіндердің саны 374 мың адамды құрайды. Істің көзін тапқан іскерлердің арақасында Алматы республика бюджетінің 25 пайызын беріп отыр. Қала қазынасының 60 пайызы кіші және орта бизнес саласынан жиналатын салықпен толығуда. Ағымдағы жылдың қорытындысында 1,3 трлн теңге салық жиналады деп күтілуде. Оңтүстіктегі орталықтың жалпы аймақтық өнім көлемі жан басына шаққанда 25 мың АҚШ долларына жетеді. Жалпы, тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан орталықта биылдың өзінде 18 мың жұмыс орны ашылыпты.

Тілшілер тарапынан түскен сауалдарға орай әкім 645 мың теңге жалақы алатындығын, Астанада бір үйінің бар екендігін, Алматыда жылжымайтын мүлкінің тіркелмегендігін айтты. «Қалада үйім жоқ, әйелімнің үйі бар, сонда тұрамын» деп әзілдеп қойды. Әлеуметтік желілерге мұқият қарайтындығын да жеткізіп, телефонымен тұрақты түрде шолу жасайтындығын да ескертті. Қысқасы, алып шаһардың келесі жобалары да тым ауқымды. Нәтижесін күтейік

. Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ

http://www.aikyn.kz