Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің көлеңкелі экономикаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алаяқтықпен айналысып талай адамды сан соқтырған, ұйымдасқан қылмысты топтың жолын кесті. Бұл топ Ресей азаматтарынан тұрған.
Ведомстваның ресми сайтанда хабарланғанындай, аталған қылмыстық топ 2014-2015 жылдары Астана мен Алматы қалаларында және облыс орталықтарында қаржылық пирамида құрып, екінші дәрежедегі банктерден несие алған жеке тұлғаларды алдаумен айналысқан. Ондағы мақсат — кредит алушылардың ақшасын иемдену. Бұл жерде жеке тұлғалар алған несиелерінің 30-дан 80 пайызға дейінгі мөлшерін (қарыздарды жабатын уақытына байланысты) «Фин Статус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аударған жағдайда, бұл фирма олардың несиесін жабуға кепілдік берген.
Бүгінгі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтың алдауына түскен салымшылардың саны 700-ден асып жығылады.
Ал кредиттік салымның мөлшері 500 млн. теңгеге жетті. Бұл ақшалар қылмысты топтың есеп шоттарына аударылып, содан кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған. Қазіргі уақытта қаржылық пирамиданы құрушылардың негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде Ресей азаматтары — ағайынды Зиатдинов Ильдар Альбертович пен Зиатдинов Роберт Альбертович сот санкциясымен қамауға алынды.
«Қазіргі уақытта қаржылық пирамидаға алданған салымшылардың қаражатын қайтару және қылмысты топтың басқа да мүшелерін құрықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Алматыда құрылған «Фин Статус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және онымен үлестес болған «Фин Статус Консалт», «Фин Статус дизайн», «Фин Статус Инвест», «МФО Фин Статус займ», «Профит групп», «Эверест финанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қызметі де тексерілуде. Сондықтан да аталмыш серіктестіктермен қосымша кредит жабу жөнінде келісім жасап, алаяқтарға алданған басқа да салымшылар болатын болса, тиісті құжаттарын әкелу арқылы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметіне төмендегі мекен жай бойынша хабарласуларына болады: Жібек жолы даңғылы, 127(Сейфуллин көшесінің қиылысы). Телефон: 279 29 56», — делінген хабарламада.
http://www.inform.kz/