Бүгін Алматыдағы Ғалымдар үйінде академик Мұхтар Әлиевті ақтық сапарға шығару рәсімі өтті. Қоштасу рәсімінде Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұмның отбасына жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Академик, медицина ғылымдарының докторы Мұхтар Әлиевпен қоштасуға денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Алексей Цой, Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының басшылығы қатысты. Марқұмды Алматы маңындағы «Кеңсай» зиратына жерлейді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев қаңтардың 12-сі күні 82 жасында Алматыда қайтыс болды. Ол совет билігі кезінде Қазақ ССР денсаулық сақтау министрі болған, Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығын басқарған.
2008 жылы Қазақстанның Австриядағы елшісі болған ұлы Рахат Әлиев қуғынға түсіп, аса ауыр қылмыстар жасады деген айыппен халықаралық іздеу жарияланған соң Мұхтар Әлиев шетелге кеткен. 2009 жылы Қазақстанға оралған Мұхтар Әлиев «іс жүзінде үйқамақта отырған әйеліне көмектескісі келетінін» айтқан. Қазақстанға оралған соң Мұхтар Әлиев ақпарат құралдарына сұхбат беруден тартынып келген еді.
Рахат Әлиев қазір Венада қамауда отыр. Ол 2014 жылы маусымда тұтқындалған. Былтыр желтоқсанда Австрия прокуратурасы Рахат Әлиевке «қазақстандық екі банкирдің өліміне қатысы бар» деген айып таққан.
Қазақстан билігі бұған дейін Австриядан бірнеше рет Әлиевті қайтаруды сұраған. Бірақ Вена өтінішті орындаудан бас тартқан.
http://www.azattyq.org/archive/news/20150113/330/330.html?id=26790793