Алматы қаласының «Астана» алаңында Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған 16 аудан мен Талдықорған, Қапшағай және Текелі қалаларынан жалпы сомасы 110 миллион теңге болатын, экология жағынан таза әрі сапалы 300 тонна өнім жеткізілді.
«Алматы облысында қазір көкөністердің, жеміс-жидектердің нағыз піскен кезі ғой. Сондықтан бұл жолы олар көп әкелінді. Жалпы, тауарлардың ішінде ет өнімдері — 67 тонна, картоп — 37 тонна, көкөніс — 27 тоннаны құрайды. Сонымен қатар, азық-түлік тауарлары арасында Алматы облысының брендіне айналған — Қоғалының картобы, Алакөлдің балығы, Лепсі өңірінің балы бар. Тауар өндірушілер өз өнімдерін өздері, яғни делдалсыз сатып жатыр. Сәйкесінше, барлық тауарлардың бағасы базар нарқынан 15-20 пайызға арзан», — деді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Бекбосынов.
Сонымен қатар, ол Алматыға жақын орналасқан аудандардың тауар өндірушілері Алматы қаласы мен облысы әкімдіктерінің келісімі бойынша,Алматыда апта сайын жәрмеңке өткізіп тұратындығын айтты.
«Талғар ауданы «Жұлдыз» базарында, Іле ауданы «Қазақфильм» мөлтекауданында және Еңбекшіқазақ ауданының тауар өндірушілері Түркісіб ауданында апта сайын жәрмеңке өткізіп тұрады. Ал ірі агрохолдингтер мен агрофирмалар қаладағы мейрамханалар, қонақ үйлер және сауда үйлерімен тауар жеткізіп тұру бойынша дербес келісім-шарттар жасасқан», — деді Қ. Бекбосынов.
Айта кетелік, Алматы облысының тауар өндірушілері «Астана» алаңында биылға осымен үшінші рет жәрмеңке өткізіп жатыр. Бұған дейін ұйымдастырылған жәрмеңкеге 280 тонна өнім жеткізілген болатын.
Жәрмеңке әдеттегідей 16:00-ге дейін жалғасады.
Осы уақыт аралығында Төле би көшесінің Абылай хан даңғылынан Фурманов көшесіне дейінгі аралығында және Панфилов көшесінің Бөгенбай батыр көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысы уақытша жабылады.
Автор: Жаппарберген Айбота