Алматы қаласында спутниктік желі арқылы тарайтын ұйғыр телеарнасы ашылды, — деп хабарлайды «Қамшы» порталы informburo.kz – ке сілтеме жасап.
«Тәңрітағ» (Тәңір тауы) аталатын телеарна ұйғыр, қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын көрінеді.
Арнаның ашылуына алматылық ұйғыр диаспорасының өкілдері 5 миллион теңге қаражат жинаған.
Ойын-сауық бағыттағы телеарна ашу идеясы алматылық ұйғырлардың ойында 90-жылдардан бері жүрген екен.
«2008 жылы мен осындай телеарна ашқанмын. Ол кабельдік жүйе арқылы тарады. Бір жыл сегіз айдан соң қаржылық қиындықтарға байланысты арна жұмысын тоқтатуға тура келді. Ол кезде алматылық ұйғыр диаспорасы тарапынан демеушілік көре алмадым. Сол уақыт ішінде арнаға қажет құрал-жабдық, жұмысшылардың жалақысы мен коммуналдық қызметке миллион доллардан астам қаржы жұмсадым. Былтыр осы мәселеге қайта оралдым. Бізде телеарнадан басқа ұйғыр тілінде шығатын газет бар, ұйғыр театры бар. Ұйғыр тілінде кітаптар басамыз. Енді өз телеарнамыз да бар», — дейді Алматы қалалық ұйғыр мәдени орталығының төрағасы және арна құрылтайшысы Абдуллан Ушуров.