Алматы. 3 сәуір. Baq.kz Алматыда үндінің классикалық билерінің кеші өтеді. Би өнерінің халықаралық күніне арналған шараға Үндістаннан катхак биінің танымал шеберлері келеді.
Үндістанның Қазақстандағы елшілігі және Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен өтетін шара Қазақстан мен Үндістан Республикасы арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуды көздейді. Би өнеріне арналған концерт сәуірдің 6-сы күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының залында сағат 18:00-де өтеді. Концертке әлемге әйгілі бишілер Пандит Раджендра Гангани мен Свати Синха және Алматы қаласындағы Үнді классикалық биі орталығының өнерпаздары қатысады. Бағдарлама үнді халқының рухани мәдениетінен, гуманизмінен, оптимизмге толы өмірінен мағлұмат береді. Гангани – үнді халқының классикалық биінің бір стилі – катхакты дамытып, дүниежүзі бойынша кәсіби катхакшылар тәрбиелеп жүрген гуру. Ол биші ғана емес, орындаушы, композитор, музыкант та. Ал Синха – Ганганидің шәкірті, өзіндік стилі қалыптастқан шебер. Алматыдағы Үнді классикалық биі орталығы – Орталық Азиядағы үнді биін насихаттайтын тұңғыш әрі жалғыз халықаралық ұйым. Жетекшісі – хореограф, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық би кеңесінің мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Ақмарал Қайназарова.
Автор: Болатбек МҰХТАРОВ