АЛТЫНОРДА
Новости

Алматыда жарылыстан зардап шеккен студенттер палатаға ауыстырылды

Алматы. 20 қараша. Baq.kz — Алматыда Сән және дизайн колледжіндегі жарылыстан ауыр жарақат алған студенттер жан сақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды, дәрігерлердің бағалауынша олардың жағдайы орташа ауыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова: «Төртінші тәулік күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Оқиғаның зардаптарын жою бойынша штаб құрылды. Денсаулық сақтау басқармасы комиссияларының бірі Алматының үздік дәрігерлерінен жасақталды, бізге ҒЗИ қол ұшын берді. Жарылыстың салдарынан есту қабілеті төмендеген екі науқас 5-қалалық ауруханаға өздері ауысып кетті. Біреуі 7-клиникалық ауруханаға жүгінді. Бесеуінің жағдайы ауыр еді. Хирургтер 10-ға тарта күрделі ота жасады. Қазір жан сақтау бөлімінде үш науқас жатыр, біреуі нейрохирургиялық бөлімге ауыстырылады, оның жағдайы ауыр, бірақ қалыпты», — деді.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың 17 қарашасында Алмалы ауданы аумағында орналасқан оқу орнында АӘД сабағы кезінде граната жарылды. Оқыс оқиғадан бір студент көз жұмып, тағы 11-і әр түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. Колледж студенттерінің барлығы қауіпсіз жерге көшірілді.

http://baq.kz/kk/news/56476