АЛТЫНОРДА
Новости Алматы

Алматының үйлері жаңа кейіпке енді

12748-6-almatyny_iler_zha_a_ke_ruАлматыдағы көпқабатты үйлердің қабырғасына салынған стрит-арт жанрындағы суреттер қалаға жаңа келбет сыйлап отыр.Бір апта бұрын қалада 6ARTBAT FEST  заманауи көркемөнер фестивалі бастау алды. Соның аясында суретшілердің қолынан шыққан түрлі-түсті бояумен қаныққан 6 сурет сұр үйлердің қабырғасына көрік берді.

Барлығы 8 композиция жасалған. Оның алтауы стрит-арт жанрындағы қабырғаға салынған жұмыс және екеуі үлкен панно.Негізі, 6ARTBAT FEST   фестивалі аясында бірнеше жобалар қолға алынған. Соның ішінде көпшіліктің қызығушылығын оятқан – стрит-арт. «Стрит-арт» (Street art) – ағылшын тілінен аударғанда «көше өнері» деген мағына береді. Анықтамаға сүйенсек, оның негізгі бөлігі – граффити, бірақ одан басқа постерлар, трафареттер, әртүрлі скульптуралық өнер (инсталляция) жатады. Бастысы, аумақты меншіктеп алу емес, жұрттың назарын аудару және сюжетті бағдарлама көрсету. Міне, алматылықтардың назарына осындай көркемөнерді ұсыну үшін суретшілерге 40 түсті 893 литр бояу қажет болған. Оны фестивальдің серіктесі – Tikkurila фин компаниясы жеткізді. Бұл Қазақ­станда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 
Суретшілердің өнерлері таңғалдырмай қоймайды. Мысалы, қазіргі заманның ең жарқын суретшілерінің бірі – ресейлік  Владимир Потаповтың жұмысы өз алдына. Ол екі тақырыпқа жүгінген. Ақсай – 1 ық­шамауданындағы 46 үйдің қабырғасына суретші киімді «ағытып» жатқандай бейне салған, ал оның арғы жағынан көшпенділердің киіз үйі, көк шөп пен көгілдір аспан көрінеді.Вла­димир Потапов бұны «Тосынсый картина» деп түсіндірді.
– Бұл бейне бір үйдің ғана емес, арасында кеңістігі бар екі үйдің шектескен қа­бырғасына салынды. «Құрастыру нүктесі» бар, яғни өтіп бара жатқандар киіз үйдің шынайы бейнесін көреді, ал егер одан ары жүретін болса, киіз үй екіге ашылады да, ішінен пәтерлер мен терезелер көрінеді, – дейді суретші.
Сондай-ақ Қастеев атындағы бейнелеу өнері мен техникалық дизайн мектебінің сырты да керемет суреттермен түрленген. 
Алматылық суретші Дарион Шаббаш­тың «Алтын квадрат» деп аталған жұмысы  «Мамыр» ықшамауданын (Мамыр 3, 1 үй) орын алды: «Менікі абстрактылы жұмыс, ондағы маңыздылық – түс пен пиксельділік. Маған үйдің жақсы бір маңдайы бұйырды, ол жолдан өтіп бара жатқан жүргізушілерге көрініп тұрады. Үй конструктордың бөл­шектерінен жиналғандай көрінеді» дейді ол.
Ал ресейлік суретші Миша Most-тың жұмысы  Третьяков қорында сақтаулы әрі танымал галереяларда ұсынылды. Ол Сей­фуллин даңғылында (152 үй) адамзаттың болашағын бейнелейтін картинасын қал­дырды. «Бұл жұмыс – бұл адамның эволюция туралы ойы, прогресс немесе регресі жайындағы толғанысы. Біз кімбіз, қай жаққа кетіп барамыз? Бізді сандық болашақ немесе өзге нәрсе күтіп тұр ма деген сыңайдағы ойды көрсетеді» деп түсіндірді суретші. 
«Еуразиялық Мәдени Альянсі» Қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Игорь Слудскийдың айтуынша, енді мұндай шаралар болашақта да өткізіліп тұрмақ.
– Осы жылы нақты 7 жұмыс бар, сегізіншісі әзірге белгісіз болып отыр. Біз үйлердің қабырғаларына сурет салу үшін ПИК-пен және әкімдіктермен келістік. Қабырғадағы суреттердің кем дегенде бір жыл тұруын сұраймыз. Стрит-артқа қоса, «Паблик арт» жобасы бар. Ол – ресми рұқсаты бар өнер. Жоба бойынша Ресей, Қазақстан, Палестина, Ирак, Украина елдерінде суретшілердің жұмыстары қойылған. Одан басқа «жас суретшілер» жобасы да бар. Жалпы, бұл фестиваль қыркүйек айының соңына дейін жалғасады, оған ауа райы кедергі болмас деп үміттенемін, – дейді ұйымдас­тырушы. 
Айта кетейік, қала күніне орай, Тұңғыш президент паркінде суретпен безендірілген тағы бір қабырғаның ашылу салтанаты өтпек.

 Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА

http://aikyn.kz/