АСТАНА. 11 наурыз. BAQ.KZ – Біздің заманымыздан бұрынғы 110-50 жылдары шүршіттермен соғыста ерекше ерлігімен көзге түскен Алпамыс батырдың өмірде болған адам екенін ғалымдардың бәрі мойындайды. Зерттеушілердің жазуынша, Алпамыс батыр туралы эпостың сюжеті түркі халықтары арасында кең тараған. Онда Түрік қағандығы дәуірінен (5-7 ғасырлар) бастап, қазақ халқының 17-18 ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығына дейінгі күресі көрініс тапқан. Татар, башқұрт халықтарында бұл тақырып ертегі түрінде айтылса, қазақ, қарақалпақ, өзбек халықтарында оның көркем поэзиялық нұсқалары өте көп кездеседі. Оның тарихи, көркемдік мәні мен орны туралы М. Әуезов, С. Сейфуллин, Қ. Жұмалиев, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Т. Смирнова, Т. Сыдықов сияқты зерттеушілер арнайы еңбектер жазды.
Түп негіздерінің пайда болғанына 1200-1300 жыл болатын «Алпамыс батыр» жыры ел арасында ертеден айтылып келе жатқанымен, алғаш рет баспадан 1899 жылы басылып шыққан көрінеді. Одан кейін қазан төңкерісіне дейін 7 рет қайта басылған бұл эпоста Алпамыстың қазақ халқының құрамындағы Қоңырат тайпасының өкілі екендігі айқын жазылған. Осыған қарамастан Алпамыс батыр эпосын әлі күнге дейін кейбір түркі халықтары өз туындысы деп санайды. Мәселен Өзбекстан мен Қарақалпақ қаламгерлері жырдың негізінде пьесса, қазақ композиторы Е. Рахмадиев опера (либреттосын К. Кенжетаев) жазды. Ал мектеп оқулықтары мен түрлі деңгейдегі хрестоматиялық кітаптарда құрастырушылар оны өз елінің ұлттық әдеби мұрасы ретінде таныстыруда. Сондықтан бұл бағытта зерттеушілердің өзара бас қосып, пікір алмасатын ортақ алаңын құруға жасалған талпыныстар нәтижесіз аяқталуда. Бұл энциклопедиялық жинақтарда да өз көрінісін табуда. Соның бірі 10 000 cұрақ пен жауаптан тұратын Мәскеудегі «Рипол Классик» баспасынан 2002 жылы толықтырылып екінші рет қайта жарық көрген «Что, где и когда?» блиц-энциклопедиясы. Ирина Комарова мен Елена Борадычеваның бұл еңбегінде «Қарақалпақ халықтық эпосы қалай аталады?» деп аталатын 250-сұрақтың жауабы «Алпамыш» деп көрсетілген. Оның алдындағы «Қырғыз ұлттық эпосы қалай аталады?» деп аталатын 249-сауалға «Манас» деген жуап көрсетілген.
Жалпы бұл энциклопедияда әдебиетке қатысты 1000 мың сұрақтың ішінде қазақ халқының қандай да қайраткері мен олардың әдеби туындылары және олардың кейіпкерлеріне қатысты бірде-бір сөз жоқ. Фольклорының байлығымен мақтанатын қазақ халқының әдеби мұрасын жинақтауға соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қомақты қаржы жұмсалып, түпнұсқалар жинақталып 100 томдық «Бабалар сөзі» жарық көрген болатын. Алайда оны өзге тілдерге аудару және әлемдік ғылыми айналымға енгізу мәселесі әлі өз шешімін таба алмай келе жатқан сияқты. Алпамыс батырға енді Қызылордада еңселі ескерткіш те қойылмақ. Әйтсе де Алпамыстың өзге ұлт пен ұлыстарға қарағанда қазаққа көбірек жақындығын бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп, оған барлық жұртшылықтың көзін жеткізуге әлі де жеткілікті деңгейде мән берілмей келе жатыр. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты сияқты құзырлы мекемелердің әлеуеті мен мүмкіндігі әлі де толық пайдаланылмай отыр. Ұлттық әдебиеттің байлығын паш ете алатын мұндай бірегей туындыларды елдің абыройын асқақтатып, әлемге әйгілі етуге пайдалана алмай келе жатқанымыз Мәдениет министрлігі басшыларының қызметіне сын болуы тиіс. Бірқатар зерттеушілер, «Алпамыс батыр» жыры – қазақ халқының батырлар жырының ішіндегі ең көнесі деп санайды. Алайда бұл пайымдауды дәлелдеп, ғылыми тұрғыдан бүкіл ғалымдарды мойындату да болашақтың еншісінде қалып отыр.
Автор: Ерлік Ержанұлы, журналист.