Алматы облысының Есік қаласы Алтын адам табылған аймақ ретінде күллі әлемге танылған. 1970 жылы қаланың солтүстігіндегі өзі аттас өзеннің жағалауынан алтын киімді сақ жауынгерінің моласы табылғанда қазақ жері ғана емес, күллі әлем бір елең еткен еді.
Белгілі ғалым Кемел Ақышев жетекшілік еткен археологиялық топтың бұл тарихи табысы темір дәуірінің ескерткіші саналады. Бұл ескерткіш Жетісу жерін мекендеген сақтар мемлекетінің өркениеттің биік шыңына көтерілгенін айғақтап тұр. Алтын адамның киіміндегі алтын әшекейлердің саны 4 мыңға жуық. Табылған мүрдені зерттеушілер сақ ханзадасы немесе әскербасы деп топшылайды.Алтын адам бейнесі бүгінде ел тәуелсіздігін танытатын басты белгілердің біріне айналды.
Есік маңындағы ерте заманнан жеткен көптеген оба-қорымдар бұл аймақтың «Сақтар астанасы» деп бағалануына ықпал етті.
«Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Бұл рухани-мәдени жаңалықтардың барлығы да өңірде болашақта тарихи-танымдық туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді.
Тақырыпты Алтын адам табылған алғашқы аймақ деуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені мұндай алтынмен апталған адам кейіннен еліміздің басқа өңірлерінен де табыла бастады. Десек те, әлемдік тарихқа үлкен жаңалық әкелудің басы Есіктен басталғаны – шындық.