АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Алтын алқа» иегері, сегіз баланың анасы басында баспана жоқ, қиын күн кешуде

Алматыда «Алтын алқа» иегері, сегіз баланың анасы басында баспана жоқ, қиын күн кешуде. Жалғызбасты ананың айтуынша, өкіметтен көмек күтіп күдер үзген. Көп балалы отбасы ретінде пәтер кезегіне де тұрған екен, алайда 7 жылдан бері кезек жылжымай қойды деп налиды.

Таң ата үйден кеткен Күлзада түс қайта үйге оралды. Кәмелетке толмаған 5 балаға тамақ тауып келді. Айтуынша, біреудің үйін ақтап 1500 теңге алыпты. Балалардың үлкені 21 жаста, ең кішісі 1 жастан асқан. Үлкен ұлы әскерде. Күйеуімен 1 жыл бұрын ажырасыпты. Бар арманы — баспаналы болу.

КҮЛЗАДА МЫРЗАКЕРІМОВА, көпбалалы ана:

— Халықтың санын көбейтіңдер, сонда көбейткенде не пайда табамыз айтыңызшы. Құдай өзі кешірсін, кейде ойлаймын, 1-2 балам болғанда. Өзім ойлаймын, құдай кешірсінші, менің байлығым — осы балаларым. Осыларға нан тауып, осыларды жеткізу менің мақсатым. Басқа ештеңе емес. Енді бір баспанасы болса, осылар өз үйлерінде отырса, ешкімге жәутеңдемей. 

Әзірге бұл арманның ауылы алыс болып тұр. 7 жыл бұрын баспана кезегіне тұрған ананың бармаған мекемесі, ашпаған есігі жоқ. Жауап жалғыз — кезек күту керек. Ал мектеп жасындағы балалар кейде оқуларына ашқұрсақ аттанады. «Алтын алқа» үшін алатын жәрдемақысы баспананың жалдау ақысына да жетпейді екен. 

КҮЛЗАДА МЫРЗАКЕРІМОВА, көпбалалы ана:

— Көмектесіңіздер. Мынау қазақтың қарадомалақ балалары. Көріп отырсыздар, бәрі кішкентай. Бұларды тастап жұмысқа да шыға алмаймын. Қол ұштарыңызды беріп, көмектеседі деп үміттенемін.

Батыр ананың соңғы тұрақтаған баспанасы мына құлағалы тұрған шағын сарай. Мұның өзіне бір ай бұрын қоныстаныпты. Бұған дейін ауыстырған пәтердің санынан жаңылыстық дейді сегіз баланың анасы.

Алатау ауданының әкімдігі бұл отбасының жағдайына қанық екен. Тек нақты қандай көмек көрсетілгенін айта алмады. Әкімдіктегілер алдағы уақытта қолға аламыз деп уәде берді. Тіпті, әкімнің орынбасары көмекке зәру отбасының ахуалымен өзі барып танысатынын айтты.

МАРЖАН БАЛБАЕВА, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:

— Қазір біз тұрғын үй мәселесіне араласпаймыз. Өйткені тұрғын үй басқармасы бар. Енді мен өз есебімнен осындай кісі кезекте тұр екен. Қаншасыншы кезекте, қалай жылжып жатыр, қалай болады деп сұрап біле аламын. Консультация ретінде. 

Әлеуметтік көмек көрсетілгенімен, әкімдік баспана мәселесін шеше алмайтынын кесіп айтты. Бірақ қала басшылары батыр ананың мұңына құлақ асар деген үміт бар

www.31.kz