Ұлы Дала өркениетінің жасампаздары, түркі халықтарының арғы ата тегі болып саналатын сақ, ғұн тайпалар одағы бүгінгі таңдағы адамзат тарихының сахнасында өзіндік өшпес ізін қалдырған ірі құбылысқа айналып отыр. Ата-бабамыз жүріп өткен көне тарих беттерін парақтаған сайын көшпелілер мәдениетінің өркениетті жолын, сол жолдан қалған ізін көреміз.
Талай тарихи еңбектер мен көптеген әдеби зерттеулер, туындыларға нысан, тақырып болған, адамзат тарихында ерекше орын алған ірі тарихи тұлғаның бірі – Атилла. Ол – ірі саясатшы, қайраткер, ғұн империясының әйгілі билеушісі. Атилла туралы бізге жеткен дерек мол емес. З.Қинаятұлы: «Атилла – 360 жылдары алаңдармен болған шайқастарда ерлігімен танылған Баламир ханның бесінші ұрпағы. Баламир ханның ұлы Жұлдыз хан, одан Қаратон хан, одан Мәншүк хан. Аттила 410 жылы дүниеге келген Мәншүк ханның бес ұлының бірі», – дейді. Ал Қойшығара Салғараұлы «Атилла – ғұн империясын құрған Мөде қағанның ұрпағы», – деген мәлімет береді. Енді бір деректерге сүйенсек, 434 жылы Ғұн империясының королі Руғила өлгеннен кейін мемлекет билігі ата-баба дәстүрі бойынша, оның інілерінің баласы Атилла мен Бледаның қолына көшті. Алайда ол біраз уақыттан кейін немере інісі Бледаны өлтіріп, билікке өзі ие болады. Аттила билік жүргізген кезең еуропалық хун мемлекетінің шарықтау кезеңі болды.
Атилла жайында тарихшы-ғалым Ғ.Меңлібаев: «Атилла (Еділ патша) – көшпелі ру-тайпалардың басын қосып, бір жерге шоғырландырған, мемлекет негізін қалаған тарихи тұлға. Әскери қолбасшы, қоғам қайраткері, көшпелі және отырықшы мемлекет арасындағы рухани, мәдени, сауда дипломатиясын жүзеге асырған билеуші. Оның іс-әрекетінен салт-дәстүрді қатаң ұстанған, сондай-ақ өзі басқарып отырған халқының әдет-ғұрпы мен мәдениетін, тілін т.б.жоғары бағалаған билеушінің бейнесін көреміз», – деп оның қайраткерлігі, ұйымдастырушылық шеберлігі мен қарым-қабілетіне айрықша баға береді.
Оның батыр, жомарт, қатал қолбасшы, соңына барлық елді ерте білген көсем екендігі халық ауыз әдебиетінде жиі айтылады. «Ұлы дала мемлекеттері» деп аталатын кітапта Атилланы жомарт, адамгершілік қасиеті жоғары жан деп суреттеген. Оны тіпті ғұндар ғана емес, қол астындағы халықтардың барлығы да жақсы көрген дейді. Бұның барлығы Атилланы «қанішер, жабайы көшпенді, ойран салушы, басқыншы» ретінде санағандардың пікірі жалған екендігін растайды. Рас, оның өте қатал қолбасшы болғандығы анық, түсі де суық болған. Бізге жеткен тарихи деректерге сүйенсек, Атилланы «Тәңірдің қамшысы», «Құдайдың қаһары» деп те атаған екен. Аттиланың атын естігенде жылаған бала уанған деген сөз бар. Алайда Атилла Римге жорықтары арқылы ондағы құлдық дәуірді жойып, адамзат баласын құлдықтан құтқарғандығы көзі қарақты адамның бәріне аян. Атилланың мына бір сөздерінен оның жорықтарының негізгі мәнін түсінуге болады: «Ғұндар! Азаматтың ақ өлімі – борышын адал атқарғаны. Қызыл қаныңды ақ жолда төкпесең, еңсеңді бастырып, езгіде жүрсең, ер атыңнан не пайда? Өр кеудені аяққа бастырып, өз құтын өзі қашырып сасқан адам санатта жоқ. Басыңды бұғып, бұқпалап көрген күнің кімге өнеге, кімге болар ғибрат?».
Ғұн империясының билеушісі Атилланың есімі сол кездегі латын тілінде, яғни Рим империясының мемлекеттік тілінде аталған. Алайда оның есімін әр халық әр түрлі атайды. Бұл жайында Атилланың болмысын, қайраткерлік тұлғасын зерттеген тарихшы ғалым С.Өтенияз: «Атилла» деген атпен көптеген халықтардың әдебиеті мен тарихында белгілі тұлға. Мысалы, ғұн ордасымен тығыз байланысты болған неміс тайпалары тілінде оны «Эцель», Скандинавия халықтарының батырлар жырында «Атли», дат халқының аңыз-жырларында «Артала», испан тіліндегі деректерде «Атила», қытай тіліндегі деректерде «Әтил» деген атпен, ал қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі атадан балаға мирас болып келе жатқан жырлар мен толғауларды «Еділ» немесе «Еділ батыр» деген атпен беріледі», – дейді.
Ғұн ордасының тарихы мен Атилла есімі Еуропаның көп ғалымдарын қызықтырған. Олар Еділ (Аттила) есімінің қай елден, қай тілден шыққанын зерттеп, әр түрлі болжамдар айтты. XIX ғасырда шыққан «Француздың үлкен энциклопедиясында» осы болжамдардың бәрі келтірілген. Мысалы, жоғарыда айтқанымыздай, Еділ (Атилла) есімі: ескі немістің батырлар жырында – Эціл (Еігеі), испан тілінде – Атила, скандинавия халықтарының тілінде – Атли, латын және көптеген Еуропа халықтарының тілінде – Аттила, қытай тіліндегі деректерде – Әтил, қазақ жырларында – Еділ. Ал Швеция, Дания және Фарер аралдарындағы халық балладаларында ғұн көсемін Артала деген есіммен атаған. Кейбір ғалымдар Еділ есімінің түп төркінін Еділ (Волга) өзенінің атымен байланыстырады. Себебі ғұн ордасы қазіргі Батыс Қазақстан жерінде, Еділ мен Жайықтың бойында II ғасырда пайда болған. Сол заманда, тіпті әлі күнге дейін түркі тілдес халықтардың Волга өзенін Еділ деп атайтынын айта келіп, сонымен байланыстырады. Бұған бірінші дәлел немістің көне әдеби жазба ескерткішінің «Нибелунга» жырында Эціл (Еігеі) болып берілуі. Ал Иордан және басқа тарихшылар Еділ есімін «Атель» деген өзен атымен байланыстырады. Иорданның пікірінше, сол кездегі ғұндар және басқа көшпелі тайпалар Волга өзенін Атель деп атаған. Сондықтан кейінгі, яғни Еділден (Атилладан) соңғы дәуірде Паннониядағы (Венгриядағы) өзен аты Ателкузы деп аталған. Тек өзен ғана емес, сол өзенге қарасты аймақ түгелдей Ателкузы аталған екен. Ал кейбір ғалымдар Еділ (Аттила) есімінің түбірі «ата» болуға тиісті деп жорамалдайды. Себебі «ата» ежелден-ақ және осы күнгі көптеген түркі халықтарының тілінде «әке» мағынасын білдіреді. Сол себепті Аталы-Атила-Аттила болып айтылып кеткен деген тұжырымға келеді. Ататүрік, Атабай, Атабек т.б. дәстүрлі есімдер мысалға келтіріледі. Тағы бір зерттеушілер Еділ (Атилла) есімінің түбірі ат, яғни «мініс жылқы» болуға тиісті деп дәлелдейді. Бұл ретте уәж ретінде Скандинавия халықтарында Еділ (Аттила) есімінің «атли», түрік тілдеріндегі «атты», «атлы» болып берілуі мүмкін деген болжам айтылады. Осы айтылған ғылыми дәлелдердің барлығы XIX ғасырдағы «Француздың үлкен энциклопедиясында» жазылған. Ал қазіргі Түркия ғалымдары Еділ есімін «Аттылы» деген мағынадан туындаған деген пікірге ден қояды. Дегенмен, Еділ есімінің түбірі Итил (Еділ), яғни Волга өзенімен байланысты болғаны көбірек көңілге қонады.
Атилла жайында жазылған аңыз әңгімелер мен драмалық шығармалардың басым бөлігін жазған еуропалық жазушылар. Ол туралы бұдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген француздың белгілі драматургы Пьер Корнель: «Атилла есімі керемет әйгілі, бірақ жұрттың бәрі оның характерін толық көлемде білмейді. Ол күштен гөрі өзінің айлакерлігімен көптеген жеңістерге жеткен. Ол бәрінен де бұрын өзінің қарсылас жауының күшін бөлшектеуге тырысқан…», – депті. Шындығында, зерттеушілер көрсеткендей, Атилланың басты қасиеті, ерекшелігі – оның әскери дарындылығында. Ол өзі билік еткен он тоғыз жылдың ішінде елі үшін, яғни ғұн империясы үшін жан аямай адал еңбек қылды. Батыс зерттеушілерінің оны Александр Македонский мен Юлий Цезарьдан кейінгі орынға қойғаны да осыдан болар. Ғұн ордасында болып, Атилланы көзбен көрген грек жазушысы Прийск, латын тілінде жазған гот жазушысы Иордан, ағылшын және француз зерттеушілері (XIX ғасыр) Атилланың сырт пішінін былай суреттейді: «Оның бет-әлпетін көргендер нағыз азиат екенін айтпай-ақ біледі. Басы үлкен, өзі орта бойлы, мығым денелі. Көздері қысық, бірақ қараған жерін ойып түсердей өткір, жүрісі өте ширақ, сөйлегенде даусы күмістей сыңғырлап өте жағымды естіледі…» Ал Атилланың өз көзін көрген тарихшы Прийск «Сырт пішіні жөнінен кеспелтек, кең кеуделі, көзі қысық, басы қазандай, сақалы сирек әрі бурылдана бастаған, мұрны тәмпіш, өңі жиренішті еді, оның бойынан ататегінің барлық белгілері табылатын», – деген мәлімет берген. Сонымен қатар, Еділ батырдың «Алтынжалдың тұяғы тиген жер көгермес», яғни «Менің атымның тұяғы тиген жерге шөп шықпас» деген сөзі талай халық арасында аңыз болып қалды.
Әдеби жырларда ол бірде батыр, бірде жомарт, бірде би, данагөй, ел бастаған көсем, қатал қолбасшы, соңында тұтас елді артынан ерте алған тектінің ұрпағы ретінде бейнеленеді. Атилла туралы аңыздар барлық түркітектес халықтарға ортақ тарихи, әдеби мұра. Қазақтың көне аңыздарында жырланған Аттила бейнесі қазақтың тарихы, әдебиеті, мәдениетінде өзіндік алар орны ерекше тұлға.
Атилланың қайраткерлік, қолбасшылық ерен ерлік істерін ақын Ш.Құдайбердіұлы өзінің өлеңіне арқау еткен:
Айтайын Әтелланың қылған ісін,
Сиқыр дер ойлаған жұрт қайрат-күшін.
Азияны түгел билеп, Еуропаның,
Көбі ауған Әтелладан қорыққаны үшін.
Әтелла Мұнжық ханның баласы еді,
Басы үлкен, кеудесі кең, аласа еді.
Мың бес жүз жылдай болды өлгеніне,
Оның да қылған ісі тамаша еді.
Қайтемін айта беріп алған жерін,
Атаңның ойға түсір сондай ерін!..
Қор болып осы күні отырсаң да,
Қозғалсын өткенді ойлап іште шерің!..
Ақынның бұл үш шумақ өлеңінен ғұндардың көсемі Атилланың болмысын танығандай боламыз. Еділ патшаның өмірі мен қайраткерлік болмысы жайында көлемді зерттеу жазған белгілі ғалым Ж.Дәдебаев: «Нибелунгтар туралы жырда» Атилланың адалдығы мен азаматтығы, ақылдылығы мен батырлығы кең көрініс тапқан…», – дей келе, аталмыш жыр жолына арқау болған Еділдің болмысын көрсететін жыр жолдарынан үзінді келтіреді:
Этцел даңқын асырды,
Сарайына ағылып бар әлемнің батыры.
Бәріне де, қарамастан құдайына, дініне,
Жомарт болды ол, ашық-жарқын, сыпайы…
Аттила ғұндарды бастап, Рим империясына жетіп, біраз қалаларын өздеріне бағындырды. Рим қаласының қасына келіп, бейбіт түрде жеңіс туын желбіреткен Атилла Рим астанасына келгенде кенеттен қайтыс болады. Аттила өлгенімен, оның қолбасшылық, ұйымдастырушылық, стратегтік саясатын оның ізбасарлары одан әрі жалғастырды. Осының нәтижесінде Еуропада адамзат тарихындағы бетбұрысты кезең орын алған еді.
Ғұн империясының әйгілі билеушісі Атилланың дипломатиялық шеберлігі ерекше сөз етуге тұратын жағдай. Ол аса ірі саясаткер, тамаша дипломат, мәмілегер. Атилла көптеген мәселелерді келіссөздер арқылы шешіп отырған. Оның тарихта алатын орнын, мәмлегерлік талантын айрықша бағалауға болады.
Еркін Ғалымов, ҚР БҒМ Ғылым академиясы
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
http://turkystan.kz/