— Ресеймен қарым-қатынастар Қазақстан үшін бұл, – тарихи қажеттілік, тіпті мұқтаждық десе де болады. Себебі арамызда ”Достық пен Сенім” деген атқа ие 7500 шақырым ортақ шекара бар. Сондықтан қалай болғанда да Қазақстан Ресеймен алыс-беріссіз, қарым-қатынассыз тұра алмайды. Оның үстіне біз әрдайым елімізде біраз орыс диаспорасы барын есте сақтаймыз. Қай елде де басым диаспораның тарихи отаныменен мемлекет жақсы қарым-қатынаста болса, сол диаспорада оның саяси ұстанымы да, оның бағыты да байырғы халыққа көзқарасы да, осы қарым-қатынастарға байланысты болады. Сондықтан біз ішкі тұрақтылығымыз үшін де Ресеймен есептесеміз, сөз жоқ. Соңғы кезде Украинаға байланысты тек ғана Қазақстан емес, көптеген орыс диаспоралары тұратын елдер де ойлана бастады. Біріншіден, Ресей бір кездері шешен халқын басып-жаншып, ұлт ретінде қудалап, қанға бояды. Бірақ, қайсар тау халқының орыстарға әлі айтары алда болса керек….Одан кейін Ресей Молдавияны бөліп алды, өз ықпалына көндірді. Одан соң Грузиямен қарым-қатынастарды тықсырып, Абхазияны, Оңтүстік Осетияны бөліп алды. Міне, көп болған жоқ, Қырымды өзіне күшпен қосып, тыныш тапты. Осы тарихи оқиғалар бізді де ойландыратыны даусыз. Ресейдің: «Біз Украинадағы, не Қырымдағы орыс халқын қолдаймыз» деген уәжі саяси тұрғыдан қарағанда дұрыс емес. Себебі Ресейде тұратын немесе Украинада тұратын не Қазақстанда, не басқа елде өмір сүретін орыстар сол тұрып жатқан мемлекеттің азаматы болып саналады. Мынандай бір теңеу жасап көрейікші, салыстырып…. Мысалы, Қытайменен көрші елдерде, әсіресе Малазияда қытайлықтардың саны 40 пайыз-ға жетеді, бірақ қытайдың басқа мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарына қатысты ұстанар саясаты басқа, олар: «Сендер сол тұрған елдеріңнің тілін біліңдер, дәстүрін сақтаңдар, сол елге бейімделіңдер, сол елге сіңісіп, кәсіпкерліктеріңді дамытыңдар және істеріңді алға жылжыта отырып, бізбен қарым-қатынасты жалғаңдар» дейді. Қытай халқы алпауыт мемлекет бола тұра, санының көпшілігіне қарамастан басқа мемлекеттерге ешбір жағдайда жұдырық көрсетіп: «Біз, қытайлықтарымызды қорғаймыз» деген емес! Міне, саясат қайда жатыр…. Ал, Ресей ше? .. Яғни, жоғарыдағы девизді саясатты тек Ресей ғана қолшоқпар етіп қолданады. Жалпы Ресей қашанда ұлт болып бірігуі үшін шеттен жау іздейді! Орыс халқы шеттен жау іздеп барып бірігеді! Іштеріңдегі алауыздықты жояды! Сөзіміз дәлелді болсын, тағы да өткенге оралайық… Кеңес Үкіметінің тұсында Ресейдің де, Кеңес Үкіметінің де жауы– америкалық имперализм, капитализм, капиталистік елдер болды. солармен бізді қорқытты, үркітті, сөйтіп барып басымызды бір қазанға тығып, біріктірді. Кейін бұл елдердің саясатының жағымды жақтарын да, жағымсыз тұстарын да түсіндік. Кеңес Үкіметі құлағаннан кейін Ресей бірінші жауды өзінің ішінен іздеп, шешендерге соқтықты. Одан молдавандарға ауыз салды, сөйтіп грузиндерге, кейін украиндерге тісін батырды. Міне, осылай сырттан жау іздеп ел біріктіу, Ресейдің ежелден үзілмей келе жатқан саясаты десек қателеспейміз. Сондықтан егер де Путин логикасымен сараптасақ, орыс тілді дамытамын, не болмаса орыс халқын көбейтемін десе, орыс халқы осы күні көптеген елдерде тұрады. Сондықтан кез-келген уақытта Қазақстан болсын, мынау Балтық жағалауы елдері болсын, не басқа елдерге болсын осы логика тұрғысынан басып-жаншып кіріп баруға Путин үшін негіз жоқ емес, тіпті нақты бар деп айтуымыз керек. Ал, шын мәнінде бұл халықаралық заңнаманы бұзу! Естеріңізде болса, Украина өзінің қаруын жойған кездегі 1994 жылдың 5 –ші желтоқсанындағы Будапешт келісіміне сәйкес, орыстардың украин халқына өз уәдесі бар еді. Келісім барысында Ресей ең бірінші болып Украинаға еркіндікке кепілдік берген болатын. Алайда құжаттағы мәмілені Ресей аяқ-асты етті. Сондықтан Ресейдің қазіргі саясаты болжамсыз, тұрақсыз және кім-кімді де ойландырмай қоймайды! Осындай саясат таразысындағы жағдайдан кейін, әрине, осы уақытқа дейін БАҚ –тарда айтылып келген Еуразиялық экономикалық одақтан күткен үмітіміз толық ақталмайтыны белгілі. Мәскеудің бүгінгі экономикалық жағдайы қанша тыраштанса да ауыр. Бірақ, бізге амал жоқ, олардан келетін ызғарды басымыздан өткереріміз жасырын емес. Бұл жердегі маңызды фактор, Ресеймен қарым-қатынастарды сақтай тұра өз еліміздің тұтастығын, ішкі бірлігін әрине ойлауымыз керек. Жуықта мен немістің бір саясаткеріне сауал жолдадым: «Германия 2-ші Дүниежүзілік соғыстан кейін демократиялық ел болды, нацизмді, фашизмді тамырымен жойып келеді ғой» дегенімде, саясаткер:(орысша айтайын:) «При хорошей погоде Германия бореться с фашизмом, но мы не знаем, как поведуть себя немцы при плохой погоде. Потому что в психологий каждого немца всё равно сидит нацизм. Сегодня в Германий растут их дети, внуки, поэтому, говорит что в Германий утвердилось демократия, ещё рано». Сондықтан осылай талдау жасап қарасақ, біз ішіміздегі өзіміздің орыс диаспорасының да қалай ұстайтынын біз білмейміз, білсек те жаңағыдай саяси климат бұзылған кезде «бұлар» қандай ұстанымда болар ? Міне, осыны да есепке алуымыз керек. Бұл бір жағы… Екінші жағына қарасақ, Ресейдің де бізбен қарым-қатынасын дұрыс ұстауы олар үшін де мүдделілік, тіпті мәжбүрлік десек болады. Өйткені дәл қазір Қазақстаннан, Белоруссиядан басқа Ресейді сыйлайтын мемлекет қалған жоқ, шынын айтсақ… Жалпы Ресейге біз де керекпіз. Сондықтан Қазақстан тәуелсіз және де көпвекторлы саясатын ұстануымыз, еліміздің тұтастығын, тыныштығы мен бірлігін сақтау жолында мүмкін болғанша экономикалық қарым-қатынастарды жалғастыру – міндетіміз болып қала бермек. Біз орыс халқынан қауіпті сырттан да, іштен де байқауымыз керек. Біздің жолымыз ауыр! Және Қазақ елі өз территориясының арқасында өзге Орталық Азия елдерін Ресейден келетін қауіп-қатерден қорғап отыр. Ешқандай Орталық Азия елдері дәл біз сияқты орыстармен шекаралас емес. Тіпті Ресеймен біздің арадағы саяси ұстанымымыз кейбіреулердің көңілінен шықпас та, бірақ, тағдырымыз біздің осы! — Айталы аға, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы БАҚ құралдарында: «алдағы уақытта осы үш елге ортақ валюта болуы мүмкін және ол Ресейдің «рубльі» деген дүркін-дүркін әңгімелер көбейіп кетті. Сіздіңше, төл теңгеміздің орнына орыс ақшасына қайта көшуіміз қисынға келе ме?
— Біздің халық Ресейден– Совет одағынан жапа шегіп, кіріптар болған халық ендігі жерде «ортақ валюта», «ортақ саяси кеңістік», «ортақ парламент» деген сөздерге қатты сескеніп қарайды, күмәнмен қарайды. Себебі одақ деген сөз, Ресейдің, орыстардың құлағына жаққанымен, біздің құлағымызға жақпайды. Сол Одақтан теперіш те көрдік. Сондықтан біз «ортақ валюта», «ортақ саяси кеңістік», «ортақ парламент» деген сөздерден іргемізді аулақ саламыз. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өз ойын ашық айтты да. Бұл – экономикалық одақ. Егер Ресейдің дегенімен жүрсек, Қазақстан Украинамен экономикалық қарым-қатынасты үзер едік, егер орыстардың ойынан шыққымыз келсе, Грузиямен еш байланысқа бармас едік, алайда жан-жақты қарым-қатынастарымыз дамуда ғой, сондықтан біз Ресейдің қас-қабағына қарамай сыртқы саясатымызды осылай көпвекторлы бағытта ұстап отырмыз. Ең бастысы саяси байланыстар мен экономикалық қарым-қатынастардың ара- жігін ашып, әруақытта тәуелсіздігімізді сақтау біздің басты қасиеттң парызымыз. Осы жолда қазақ мемлекеті, қазақ елі өзінің барша ақыл- парасатын пайдалануы керек деп ойлаймын. Ендеше ортақ валюта дегенге ешқашан жол бермейміз. Ол – Ресейдің қиялы.
—Рахмет, Амангелді аға, пікіріңіз үшін!
Шынар НИЯЗБЕКОВА
http://zhebe.com/