АЛТЫНОРДА
Новости

«Ан-72» ұшақ апатына қатысты диспетчер сотталды

АН-721 ұшақ апатына қатысты сотта отырған айыпталушы Қанат Ақылбеков (оң жақта) пен оның адвокаты Ардақ Балпақов. Шымкент, 24 наурыз, 2014 жыл.Сәуірдің 28-і күні Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2012 жылы желтоқсанда Шымкент қаласының түбінде апатқа ұшыраған «Ан-72» әскери ұшағына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Іс бойынша «Қазаэронавигация» компаниясының Шымкенттегі филиалының диспетчері Қанат Ақылбеков айыпты деп танылып, 6 жылға сотталды.

Сот процесіне төрағалық еткен судья Саидбаттал Тоқбергенов Қанат Ақылбековті қылмыстық кодекстің «абайсызда екі, не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп таныды. Ақылбеков жазасын қоныстандыру колониясында өтейтін болды. Сонымен бірге сот оған 3 жыл әуе диспетчері қызметін атқаруға тыйым салды.

Қазақстан бас әскери прокуратурасының ресми өкілі Әшірбай Сахаев. Шымкент, 24 наурыз 2014 жыл.Қазақстан бас әскери прокуратурасының ресми өкілі Әшірбай Сахаев. Шымкент, 24 наурыз 2014 жыл.

Қанат Ақылбеков сот залынан қамауға алынды. «Мен шыққан үкіммен келіспеймін» деді ол сот залынан шығар уақытта.

«Сот әділ өтпеді. Баламды шекара қызметі құрбан етті. Екі сараптама, мәселен, халықаралық авиация комитеті апатқа диспетчердің еш кінәсі жоқ екенін дәлелдеді. ҰҚК қанша жылдан бері кірленген абыройын тазалау үшін осындай тірлік жасады. Апелляцияға міндетті түрде береміз» деді Қанат Ақылбековтың әкесі Жұмабек Ақылбеков.

СОТТАЛУШЫНЫҢ УӘЖІ

Сот барысында айыпталушы Қанат Ақылбеков өзіне тағылған айыппен мүлде келіспейтінін, өзінің «жазықсыз сотталып жатқанын» айтты.

«Сот отырысында мен емес, шын айыптылар жауап беру керек еді. Бірақ тергеу олар туралы тіс жармай отыр. Маған қарсы қозғалған іс тек жорамалдарға және әуе кемелерінің қызметіне мүлдем қатысы жоқ мамандардың пайымына құрылған. Ал мен сол күні өзімнің қызметтік міндетімді орындағаным үшін айыпты болып отырмын» деді ол.

2012 жылы желтоқсанда апатқа ұшыраған Ан-72 әскери ұшағының суреті. 25 қараша 2012 жылы Алматыда Григорий Беденко түсірген.2012 жылы желтоқсанда апатқа ұшыраған Ан-72 әскери ұшағының суреті. 25 қараша 2012 жылы Алматыда Григорий Беденко түсірген.

Бір жарым айға жалғасқан сот отырысында мемлекеттік айыптаушы, Қазақстан бас әскери прокуратурасының ресми өкілі Әшірбай Сахаев диспетчер апат алдында «экипаж мүшелерінің қонуына нұсқаманы дұрыс бермегені салдарынан көп адам қазаға ұшырағанын» айтты.

Прокурор соттан Қанат Ақылбековті айыпты деп танып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыруға және жазасын қоныс колониясында өтеуге үкім кесуді, сонымен бірге Ақылбековтың әуе диспетчері қызметін атқаруына 3 жылға дейін шектеу қойып, одан мемлекет есебіне 800 мың теңгеге жуық қаржы өндіріп алуды сұраған еді.

Айыпталушы Қанат Ақылбеков 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап үй қамауында болды. Биыл наурыздың 4-і күні сот отырысы басталғаннан ол өзіне тағылған айыпты толықтай мойындамайтынын мәлімдеген еді. Ол апатқа ұшыраған ұшақтағы экипаж командирінің «берілген нұсқаулықты дұрыс орындамағанын» айтады.

«Ұшақтың істен шыққан құрылғысын қаперіне алып, қонуға қатысты соңғы шешімді экипаж командирі қабылдайды. Биіктікті төмендету кезіндегі индикатордағы өзгерістерді баяндамаған. Бұдан бөлек, ұшаққа мұз қатқаны туралы мәліметті жеткізбеген. Қосымша қонуға мүмкіндік беретін әуежайларға ұшар алдын ескертуі керек еді» дейді диспетчер.

Шымкент түбінде апатқа ұшыраған Ан-72 әскери ұшағының қалдығы. 26 желтоқсан 2012 жыл.Шымкент түбінде апатқа ұшыраған Ан-72 әскери ұшағының қалдығы. 26 желтоқсан 2012 жыл.

Сотта айыпталушының құқығын қорғаған Ардақ Балпықов тергеудің дұрыс жүргізілмегенін айтады.

«Егер тергеу амалдары қатаң түрде заң шеңберінде жүргізілсе Қанат Ақылбеков бұл іс бойынша тіпті күдікті ретінде танылмайтын еді. Оның бар айыбы – экипаж мүшелерімен сөйлескен соңғы адам болғандығында» дейді ол.

Адвокат сотта «Ан-72» ұшағына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, бірақ соның өзінде тиісті қондырғылар істен шығып үлгергенін, апат боларға дейін бір ай қозғалыссыз тұрған ұшақ ешқандай тексерусіз әуеге көтерілгенін айтты.

ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАП

Апатқа ұшыраған «Ан-72» экипажының командирі марқұм Марат Нұрахметовтың жұбайы Жанар Нұрғалиева диспетчер Марат Ақылбековтың сотта айтқанымен келіспейді. Ол экипаж мүшелерінің бәрі «тәжірибелі, жетік мамандар» екенін алға тартып, күйеуінің «диспетчерге сеніп қалғанын» айтады.

«Күйеуім Марат Нұрахметов екі жоғары білімі бар, 48 жыл өмірінің 25 жылында 5200 рет әуеге көтерілген тәжірибелі ұшқыш болатын. Ол қандай ұшақ болмасын, ауа райының түрлі кезінде, күндіз не түнде, қандай жерге болсын қона алатын. Оның қателесуі мүмкін емес. Диспетчер өз жұмысына салғырт қарамағанда мұндай қайғылы оқиға болмас еді. Өйткені ұшақтың сәтті қонуына уақыт жеткілікті болатын» деп санайды ол.

Ан-72 әскери ұшақ апаты құрбандарының туыстары сотта отыр. Шымкент, 24 наруыз 2014 жыл.Ан-72 әскери ұшақ апаты құрбандарының туыстары сотта отыр. Шымкент, 24 наруыз 2014 жыл.

Сот процесіне жәбірленуші тарап ретінде қатысқан, ұшақ апатында мерт болған 27 адамның өкілдері судьядан Қанат Ақылбековті кем дегенде 10 жылға бас бостандығынан айырып, заң шеңберінде қатаң жаза қолдануды сұраған.

«2012 жылғы желтоқсанның 25-і күні қазақстандық 27 отбасы, бірі − отағасын, бірі − әкесін, бірі – баласын күтіп жатты. Бірақ олар күткен адамдар қайта оралмады. Олар отан алдында әскери қызметін орындау кезінде шейіт болды. Енді сол 27 адамның артында 50-ге жуық кәмелет жасына толмаған бала қалды» деді Жанар Нұрғалиева Азаттық тілшісіне.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның бәрі қаза тапқан еді. Олардың 20-сы – әскери қызметкер, жетеуі – экипаж мүшелері болатын. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.

http://www.azattyq.org/content/shymkent_an_72_plane_crash_trial_verdict_kanat_akylbekov/25364836.html