АЛТЫНОРДА
Новости

Ана тілінің уызына жарымаған бала ұлтты жарылқамайды, — Қойшығара Салғараұлы

Астана. 12 ақпан. Baq.kz – Бүгін Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өзі төрағалық еткен «Мәңгілік Еліміздің Мәңгілік тілі» тақырыбында ұйымдастырылған арнайы дөңгелек үстел барысында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қойшығара Салғараұлы осылай деп ой айтты.

Жарыссөзде алдымен сөз алған танымал тарихшы таяуда ғана бесінші сыныпта оқитын қыздың тарихындағы өрескел қателікті өткір сынап, дәйекті мысалдармен дәлелдеп берді. Онда Көк Түріктердің өмір сүру кезеңі мен қоғамына байланысты деректер қате берілгендігін алға тартқан профессор, мұндай оқулықтар ұрпақтарымыздың бойында қалыптасатын ұлттық рух пен сүйіспеншіліктің, отансүйгіштік қасиеттің әлсіреуіне сеп болатындығын министрдің өзіне тағы бір мәрте ескерте отырып, мектеп оқулықтарын дереу түзеу керектігін айтты.

— Өйткені, тарих – ата-бабаларымыздың өмірбаяны, басынан кешкен оқиғалары мен шежіресі. Бала өзінің ата-бабасының қалай өмір сүргенін білмесе, бабаларының ерлік істерімен рухтанбаса, ондай ұрпақтан ештеңе шықпайды. Ал тарихты санаға қалыптастырып, ұрпаққа сіңіретін дүние — бұл оқулық. Сондықтан да, оқулыққа ең бірінші мән беруге тиіспіз», — деді ол.

— Сол сияқты, тіл де өте күрделі әрі нәзік мәселе. Тіл — ұлттың ұлы құндылығы. Ата-бабамыз өмірге әкеліп, сан мыңдаған жылдар бойы қолданып, бір жүйеге түсіріп, құндылығын қожыратпай бүгінгі ұрпаққа жеткізген аманаты. Ондай аманатқа қиянат жасамай, келешекке Мәңгілік тілді жеткізу бүгінгі толқынның зор борышы. Ал тіл төңірегіндегі жұмыс жандансын десек, алдымен дәстүрге көңіл аудару қажет. Дәстүрі сақталған елде тілдің проблемасы болмайды. Отбасы дәстүрінің бұзылуынан, өмірге жаңа келген сәби ұлттық дәстүрді бойына сіңіре алмағандықтан ана тілінің уызына жарымай жүр. Ана тілінің дәстүрімен рухтанған бала қоғамда болатын кез келген құбылыс пен дерттен қорғана алатын еді. Туған тілінің уызына жарымаған бала ұлтты жарылқамайтыны белгілі, — деді Қойшығара Салғараұлы.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Суретті түсірген – Ғабит МАДАЛИЕВ

http://baq.kz/kk/news/43442