Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы Серік Мұхаметалин – 1986 жылы алаңға шығып, желтоқсанның ызғарына шыдаған жандардың бірі. Ол кезде нағыз жастықтың жалындап тұрған шағы 25 жаста ғана болған.
Қазір «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық төрағасы. Бүгінде сол қасіретті күндерді күрсіне еске алады.
– Бұл – әруақытта есімізден кетпейтін оқиға. Желтоқсанның 16-сы күні кешкісін 5-6 досымызбен келе жатып, жиналып қалған жұртты көрдік. Сол жылғы қыс сондай ызғарлы, ерекше суық, Алматыда ондай қыс болмаған еді. «Не болды» деп сол жерге барсақ, «Қонаев атамыздың орнына Ресейден біз танымайтын Колбин деген біреуді алып келіпті» деп жатты жұрт. Біз ол кезде қызуқанды жастармыз ғой. «Жарайды, басқа ұлттан қоя берсін, бірақ Қазақстаннан бір орыс не қазағымыз табылмады ма» деп, ашу-ызаға булықтық. Содан кейін студенттер, жұмысшылар болсын, бәрін осы алаңға алып келеміз деп келістік. Мен ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспаханасында жұмыс істейтінмін. Таңертең ерте жұмысқа келісімен кешегі уәде бойынша «Қонаев атамызды орнынан алып тастапты, алаңға барып ешқандай дау-дамайсыз, бейбіт түрде өзіміздің қарсылығымызды білдірейік» деп айта бастадым. Бірақ осындай көтеріліс болып кетеді, арты қайғыға ұшырайды деп еш ойлаған жоқпыз,–дейді Серік Мұхаметалин. Алаңға шығуға бірі келіссе, енді біреулері тауып отырған нанынан, яғни жұмысынан айырылып қалуға қорыққан екен. Бірақ бойын патриоттық сезім кернеген Серік жұмысшыларды цехтан сыртқа шығармай, өтетін дәлізде қаптап тұрған Ерікті халық жасақтардан да өте шығады. «Содан қазіргі Қонаев атамыздың көшесін бетке алып, алаңға қарай тарттым. Жасы да, кәрісі де бар, барлығы орталық алаңға лек-легімен ағылып жатыр. Бәріміз елге, Отанға қатысты «Атамекен» сияқты әндерді шырқадық, біреулері қолдарына плакаттар ұстады. Шынын айтқанда, тыңдап жатқан ешкім жоқ оны. Ол «жерде сен қай жерде оқисың, қайда жұмыс істейсің» деген бөліну болған жоқ, бәрінің көксегені атамызды орнына қайтару немесе өзімізден шыққан қазағымызды қойса екен деген арман болды. Содан «Құйғын операция» басталды ғой. Ресейден әкелінген қолдарында қалқаны, шоқпарлары (дубинка), қолдарында иттері, сапер күректері бар арнайы жасақтар қоршады. Адам деген одан әрі көбейіп кетті. Кешкісін өрт сөндіру көліктері де қаптай бастады. Бізге «кетіңдер, қайтыңдар» деп алаңнан қуа бастап еді, жиналғандар, керісінше өре түрегелді» дейді ол. Алайда ағамыздың алаңға шыққаны өзінің әріптестеріне кесірін тигізбей қоймапты. Цехтағы 13 қызды заң баптары бойынша жұмыстан шығарып жіберіпті. Кейін өзін де соттамақшы болады. «Қалай ғана түсіріп үлгіргендерін білмеймін, қауіпсіздік комитетінде біздің алаңға шыққандағы суреттеріміз болды» деп таңғалады Серік ағамыз. Сол үшін оны әр жерге бір шақырып, тергеу жүргізгенде расымен, сотталатын шығармын деп ойлайды. Бірақ профкомның жиналысы өтіп, оны соттамай, статья бойынша жұмыстан шығарып жібереді, партиядан да қуылады. «Сотталмағаным үшін қуанып елге барсам, әке-шешемнің маған деген көңілдері қара қазандай болып отыр екен. «Алаңға шығып нең бар еді, пәлелерің бауырларыңа тиетін болды» деп қамықты. Расында, соларға кесірім тиген кездер болды. Кейін олар менен алшақтай бастады. Содан бір жыл бойы қолымда дипломым болса да жұмыссыз жүрдім. Барлық жерде еңбек кітапшаңды сұрайды. Статья бойынша шығарып тастаған соң еш жер алмады» деп күрсіне еске алады. Алаңға шыққан ер-жігіттеріміздің көбі қыздарымызды құтқарумен жүріп, оларды ешкім тимейтін тасалау жерге жасыра бастаған. «Қыз бала болған соң әлсіздеу ғой, қашқан кезде күллі адамдардың арасында құлап қалып, тапталып, жараланып жатты, артыңнан кеп сапер күрекпен ұрғанның өзі неге тұрады?! Сөйтіп жүріп өзім де қатты жараландым. Тамақ деген жоқ, күшіміз әлсіреуде, шынын айтқанда, «зомби» болып қалғандай күй кештік. Сені тыңдамаған соң, сөзіңді өткізе алмағаннан кейін адам ашу-ызаға беріледі екен. Қандастарыңды итке талатып, қарындастарыңның шашынан жұлып, тепкілеп, қырып-жойып жатқанда, расымен, өңім бе, әлде түсім бе деп қаласың. Оның үстіне, қанталап жатқан денемізге қақаған аязда өрт сөндіру көліктері су шашты. Осы көтерілістің кесірінен қаншама жас қыз-жігіттеріміз қыршынынан қиылды, қаншамасы жараланды, кейін түрлі ауруларға ұшырап, қыздарымыз сәби сүю бақытынан айырылды» деп күйінеді желтоқсанның қасіретін еске алып. Алайда бүгін осы желтоқсандықтарды кейбірі мойындай бермейтіндігін айтып қынжылады. Қазір ағамыз жекешелендіріп алған бір бөлмелі жатақханада тұрады, бірақ айтуынша, ондайлардың қарасы көп екен. Онысын: «Үкіметтен ешқашан көмек сұрап көрмеген адаммын» деп түсіндіреді. Оның қуанатыны, 2011 жылы қолына «қуғын-сүргін құрбаны болып табылады және ақталады» деген ақталу қағазын алғандығы. Дегенмен ол үшін ешқандай жәрдем берілмейтіні өкінішті. Енді «сол ақталды» деген қағаз бойынша 2014 жылдан бастап куәлік берілу тиіс екен. Негізі ондай куәлік 1994-1997 жылдары беріліпті, бірақ кейін доғартқан.
Нұрсұлу АЙБЕКҚЫЗЫ