АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Анасы бар адамдар…

18469-6-anasy_bar_adamdar__ruБірінші қаңтар – аяулы да ардақты анам Сәлиманың туған күні. «Негізі өмірге келген кезім, әкем Құсайынның айтуы бойынша, жеміс-жидек піскен кез. Шамасы тамыз-қыркүйек айлары болуы керек.

 Бірақ сонау Қытайдан бері өткен кезде орысша білмедік. Құжат толтырып отырған орыс қатын «1 қаңтар» деп жаза салыпты. Жалғыз мен емес, қаншама адамның туған күні солай толтырылып кетті ғой. Әйтеуір туған жылым 1936 екенін білемін. Онда да әке-шешем «Мүсірәлі молда атылған жыл» деп отыратын. Мүсірәлі молда қытай саясатына қайшы тірлік жасаса керек-ті. Ауылдағы жұртты жинап, елдің көзінше атып тастапты. Жыл санау бойынша есептегенде молданы атқан жыл сол 1936 жылға келеді екен. 

Сол жылы Шәуешектің тү­біндегі Іргейті ауылында дү­ниеге келіппін» деп отыратын. «Он алты жасымда әкеңе тұр­мысқа шықтым. Әкең жетім жі­гіт еді. Қолында көп еш нәр­сесі болмады. Қалың мал ре­тінде бір сиыр, бір тері тон, бір кілем берді. Әке-шешем соған ырза болысты. Әкең Әмірбек­тің әке-шешесі аштық жылы бергі бетте, кеңес елінде қалса керек-ті. Сол 32-жылы көш­кен елмен Қытайға бала­сын жете­леп өткен атам Ұлық­бек Әмір­бекті бір ұйғырға жар­ты пұт бидайға сатып кеткен екен. Онда да «кеңес жерінде қал­ған отба­сым­ды алып келгенше сізде қа­лып, малайлық жұмыс істей тұр­сын. Келген соң қай­тарып ала­мын» деп аманаттап кетсе керек-ті. Бірақ атам Ұлық­бек арғы бетке өтіп, Жар­ма маңында тұратын отбасына аман жеткені­мен, қат­ты ауы­рып, бақи болып кет­іпті. Со­дан әкең туған­дары­нан ажы­рап қалған. Сол ұйғыр­дың ма­лын бағып, диір­менін тар­тып, ержеткен. Кейін­нен Май­тау деген жерде жұмыс істеп, қара танып, Қы­тай коммунисі атанды. Одан Шәуешекке ке­ліп, туыста­рын іздеп тауып, жұ­мысқа тұрды. Сол кезде Шәуешекте тұратын туысқан­дар­дың үйіне қонаққа барған­да, мені көріп, ұнатып, ақыры отбасын құрдық қой» деп оты­рушы еді шешем өткен күн­дерді еске алып. «Ол кезде қолда ештеңе жоқ. Әкең екеу­міз отын шауып, Шәуе­шектің базарында сататынбыз. Таң ат­пай өгіз арба­мен қырға кете­міз. Түске дейін арбаны толты­рып, әкең базарға кетеді. Ол келгенше мен отын шауып, қол орақпен шөп орып, даярлап қоя­мын. Базар тарқаған­ша, та­ғы бір арба отынды сатып үл­гереміз. Содан тапқан азғантай нәпақаға риза едік. Әкеңнің қара танып, қытай коммунисі болға­ны­ның пайдасы тиді. Көп ұзамай коммуна басқарды ғой. Сол кезде ғана тұрмысымыз түзелді. Әкең еңбекқор еді, әділ еді. Содан бо­лар, Шәуе­шек­тің қазағы да, қы­тайы да, ұйғыр-солаңы да оны сыйла­ды» дейтін шешем өткен өмір еске алған кезде. 
Әкем 2005 жылы 79 жасын­да дүниеден өтті. Жыл сайын ауылға барғанда баяғыдай әкей болмаған соң, шешемді айналсоқтап, жаны­нан шық­пай­­мын. Әкем жайлы, өткен-кеткен өмірін сұраймын. Жа­нары жасаурап, шай құйып отырып, шешем әкем жөнінде, бір­ге өткен өмірін еске алып, ұзын-сонар әңгіме айтатын. Сөйт­кен шешеміз де сексенге толып жатыр. Аз жас емес. Ше­шем айтатын: «62-жылы сәуірдің соңында шекараға жа­қын отыр­ған қазақтар бергі бетке өткен кез еді. Бір күні Әмірбек коммундағы жұмыс­шылардың еңбекақысын алып келемін деп Шәуешекке кет­­кен. «Шекара ашылды» деген­ді ести салып, қазақ біткен барын қолына алып, жапа-тармағай кө­шіп жатыр. Ауыл­дың тең жартысы бірер күнде кетіп қалды. «Келген соң кө­шеміз, қамданып отыр» деген соң, дүние-мүлікті жиысты­рып, өгіз арбаны майлап, даяр­лап отырғанмын. Әмірбек таң­ер­­тең кеткен. Түс ауа ауылға бір машина қытай солдаттары сау ете түсті. Ауыл басшысы Әмір­бек болған соң, бірден бізге келді. Сөйтсем, «ауылға көшің­дер деп іріткі салған» деп Әмірбекті ұстауға келген екен. Үйді ары тінтті, бері тінт­ті. Олар кеткен соң әкең­мен бірге жұмыс істейтін бір ұйғыр ке­ліп, «балаларды алып арғы бет­ке өте берсін. Мен сол жақтан күте­мін» деп Әмірбек сәлем айтты деген соң, бала­ларымды алып, өгіз арбамен шекара қайдасың деп тартып кеттім. Әкең бізді ше­карада кү­тіп жүр екен. 1962 жылы Қы­тайдан бері өткен көп қазақ­тың бірі болып, біз де ата-баба мекеніне оралдық». 
Бұл – шешемнің өткен-кет­кен өмірі жөнінде үзіп-үзіп айтқан­дары. Егер де әкем мен шешемнің айтқандарының басы­ мен соңын құрастыратын болса, Қытайдағы қазақтардың өмірін жазған жазу­шы Қабдеш аға Жұмаділдің «Соң­ғы көші­не» пара-пар көлемді шығарма туар еді. Кейде алыста жүріп шешемнің мейiрін аңсаған кезде мына бір оқиға жиі еске түседі. 
Әлі есімде, бесінші сынып­ты бітіріп, алтыншыға көшкен кез. Жаз бойы ойнап, жаңа оқу жы­лына жақын қалғанда тыпырла­дық та қалдық. Жүгі­ріп жүріп мек­теп формасын, көйлек-көн­шек, аяқкиім де­ген­дей бәрін алдық. Бәрі дұ­рыс, бәрі су жаңа. Тек мектеп­ке ұстайтын сөмкем ғана ескі. Лақтырып ойнап, түбі қақы­рап, жыртылған, ұстайтын құ­лағы жұлынған. Бірақ әкем кендір жіппен тігіп қойыпты. Деген­мен ескінің аты – ескі, ті­гіл­геннің аты – тігілген. «Жаңа­­­дан сөмке әперіңдер. Әйтпесе мек­тепке бармай­мын» деп шу шығардым. «Құ­лы­ным-ау, оған ақша жетпейді. Дүкенде ар­зан­дары өтіп кетіп­ті. Тек қым­баты қалған. Алдың­дағы ағаң мен әп­кеңе, қарын­дасыңа киім-кешек әпердік. Сөмкені әкеңнің алдағы айлы­ғынан әперейін. Әзірге осы­ны ұстай тұр» деген шешемнің сөзін тыңдағым келмеді. 
Ертесінде шешем түс ке­зін­де көрші үйге кеткенде, үйдегі ша­мадандарды, шифо­ньерді ақтарып жүріп, қаттап жинап қойған пұлдардың арасынан Лениннің басы салынған қыз­ғылт күрең 5-6 он сомдықты тауып алдым. Ше­шем тығып қойса керек-ті. Со­ның екеуін қалтама сүңгіте салып, орта­лық­тағы дүкенге жүгірдім. Жанымда досым Дүйсен бар. Расында, шешем айтқандай арзан сөмке жоқ. Тек жалғыз ғана қол­тырауының терісінен тігілген жарқырған қызғылт аспалы сөмке тұр. Әдемі. Дү­кеншіден сұрап арқама асып көрдім. Жарасып кеткен се­кіл­ді. Бірақ бағасы удай. Он алты сом. Жетпісінші жылдар­дың ортасында ол бірталай ақша болатын. «Аламын» де­дім. Қал­там­дағы жиырма сом­ды дүкен­шіге ұстаттым. Қалған төрт сомға Дүйсен екеуміз мәм­пәси, печенье, лимонад ал­дық. Тойғанша іштік, жедік. Жол бойы ойнап, сөмкені асып үйге кешке ғана оралдым. Жаңа сөмкені көріп шешемнің түрі бұзылып кетті. Әкем тек жы­миды да, қойды. Дауыс кө­теріп, ұрса бастаған шешемді: «жә, қа­тарынан қалмасын. Ал­сын, ұста­сын» деп әкем басып тастады. «Үйбай-ау, мен аяп отыр дейсің бе? Ана үлкен ұлың велосипед әпер деген соң, қағыстырып отырған ақ­ша ғой. Оған не деймін енді?»  деп шешем біраз тыза­лақ­тап барып басылған. Әкем болса, «өйтіп ұрлық жасама, үй­реніп кетесің» деп маң­дайы­м­нан бір иiскеп қойды. Сосын «бәйбіше, ұлыңның алғаш рет сауда жа­са­ғанын жусаңшы. Аман бол­са, ол ақшаны бұл ба­лаң әлі талай қайтарады» деп кеңк-кеңк күл­ген. Расында, ал­тын­шы сыныпты бітірген жылы жазғы каникулда оқу­шы­лардан құ­рал­­ған өндірістік бригадада жұмыс істеп, үйге 32 сомды алып келгенде, әке-шешем­нің қуан­ғанын көрсең! Шешем тыққан жылы-жұм­са­ғы­ның бәрін шығарып, алдыма тос­қан. Бұл сол бір бала күннен қалған естелік-тәбәрік. 
Одан бері талай заман өтті. Есейдік, етек жаптық. Жігіт ағасы болатын жасқа жеттік. Өткен өмір­де еске алар есте­лік­тер жеткі­лікті. «Анасы бар адамдар қартай­майды» демек­ші, әлі де ауылға барғанда жа­сымыз біразға келсе де, ерке­леп, тасыраңдап қаламын. Өзінің айтуы бойынша, шешем Сәлима он алты құрсақ көте­ріпті. Соның сегізі дін аман. Бәрі бір-бір отбасы болып отыр. Бүгінде он жеті немере, он екі шөбересі бар. Сексен жас аз емес. Бірақ мұны құдай көп көрмесін. Жүзге келіп шөбере, неменелерінің орта­­сын­да отырса дейміз… 

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ

http://aikyn.kz/