АЛТЫНОРДА
Казахи за рубежом

Англияны жатсынбаған Алаш ұлдары

скачанные файлы (8)Шетелде жүрген қазақ студенттері жайлы алып-қашпа әңгіме көп. Әсіресе, «болашақтықтар» жайлы. Обалы нешік, көп әңгіменің мәні «мыс» пен «містің» деңгейінен аспайды. Сондықтан «мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген қағидаға сай, Біріккен Корольдікте білім алып жүрген қазақ жастарының бірсыпырасын тауып алып, сыр тарттық. Олардың ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мемлекет қаржысына оқып жүргені де, ата-анасының күшімен таным көкжиегін кеңейтіп жүргендері де баршылық. Үш адам – қоғам екені рас болса, елден жырақта табысып, жолдас болып жүрген үш жасқа қарап, шетелдегі қазақ студентінің жиынтық бейнесін, кем дегенде оның сұлбасын елестетудің әбестігі болмас.

Азамат ЖАНСЕЙТОВ, Ньюкасл қаласындағы INTO Тіл үйрету орталығының студенті. Қаржы және есеп мамандығы бойынша магистратура бағдарламасы аясында «Болашақ» стипендиясының иегері:

АҒЫЛШЫНДАР ҚАЛАЙША АЛҒА ШЫҚТЫ?

Азамат Жансейтов
Азамат Жансейтов
– Мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік бітірдім, тіпті бір жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев атындағы стипендияға ие болдым. Диплом ала салысымен, «Болашақ» бағдарламасына қаржы және есеп мамандығы бойынша магистратурада оқу үшін құжат тапсырдым, барлық сынақтардан сәтті өтіп, стипендия иегері атандым. Ағылшын тілін білу деңгейім төмен болғандықтан, маған он сегіз ай тілдік курста оқуға мүмкіндік берілді, былтыр жаздан бері Ньюкаслдағы орталықта білім алып жүрмін. Ал қалған тоғыз айда Лондонда тіл жетілдірсем бе деген ойым бар. Одан соң бір жыл магис­тратура бағдарламасы бойынша оқимын.
– Ал оқу бітіргеннен кейінгі жоспарыңыз қандай?
– Оқу бітірген соң елге оралып, өз мамандығым бойынша Қарағанды университетінде сабақ беремін. «Болашақпен» арада жасаған келісім-шартқа сәйкес, бес жыл сол жерде жұмыс істеп, еңбек сіңіруге тиіспін. Қарағанды университеті әлем бойынша көптеген озық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Біз оқып жүрген уақытта Франция, Германия, Венгриядан ұстаздар легі келіп, дәріс оқыды, ал студенттерге академиялық оқу аясында Германия, Чехия, Түркия, Польша т.б. мемлекеттерде алты айға дейін білім жетілдіруге мүмкіндіктер жасалған.
– Оқу бағыты ретінде Англияны таңдауға не түрткі болды?
– Бұл елде оқуға ынтыққанымның бір себебі – жергілікті жағдайдың, географиялық орналасуының ерекшелігі дер едім. Бұл мемлекет басқа бірде-бір елмен құрлық арқылы шектеспейді. Мысалы, бізде көршілес елдермен, оның ішінде Ресеймен барыс-келіс күшті, яғни көршінің қабағына қарау қанымызға сіңген. Ал Англия – өзімен-өзі, оқшау жатыр. Тағы бір себеп, ағылшындар футболды бізден әлдеқайда жақсы ойнайды, футбол осы елде дүниеге келген деуге де болады. Ағылшындардың неліктен футболды жақсы ойнайтынын білгім келді әрі олардың мінез-құлық ерекшелігін зерттеп-байқау таңсық болды. Оның үстіне, Ұлыбритания – қаржы саласы бойынша үздік білім беретін елдің бірі, ал ағылшын тілін жетік меңгеру үшін Англияда білім алу керектігі айтпаса да болар.
– Жалпы, шетелде оқудың қандай қиындықтары бар?
– «Болашақпен» оқуға келген жас­тар өте ұйымшыл, бір-біріне көмектесіп, ақыл-кеңес беріп, қолғабыс жасауға да­йын тұрады. Бұрыннан оқып жүргендер жаңадан келген қандастарға жергілікті жердің мәдениетімен танысуға, жаңа ортаға бейімделуге, орналасуға, тіпті пәтер табу сияқты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектеседі. Сондықтан алғашқы кезде анау айтқандай үлкен қиындық көргеніміз жоқ. Ал одан кейінгісі әркімнің өзіне, жауапкершілігіне, мақсатына байланысты.
– Егер қазақ қоғамы мен ағылшын қоғамын салыстыратын болсақ, жергілікті ортаның қандай ерекшеліктері бар?
– Қазақстанмен салыстырғанда, сөйлеу, қарым-қатынас жасау мәдениеті жоғары екені бірден көзге ұрады. Жергілікті тұрғындардың дені өте сыпайы, екі сөзінің бірі «Кешіріңіз», «Мархабат етіңіз». Кімді көрсең де, бәрі күлімсіреп, ілтипат білдіріп тұрады. Ешкім қабағын түйіп жүрмейді, көңіл-күйі онша болмаса да, күлкісі дайын тұрады. «Не ойласаң, соны ойла, бірақ күліп жүр» деген жазылмаған заң бар сияқты.
– Мұндай қарым-қатынас жатжұрттықтарға ұнай ма?
– Ұдайы емес. Біз адамның түріне қарап, көңіл-күйін бірден білуге машықтанғанбыз, ал мұнда көп адамдар бетперде, яғни маска киіп жүргендей әсер етеді.
Жалпы, жергілікті тұрғындар жатжұрттықтарға құшағын аша бермейді, тұйық. Ағылшындардың осы мінезінің сырын біраз зерттеп-білмекке ұмтылдым. Сонда түсінгенім, олар ешқандай құрлықпен шектеспейтін болғандықтан, ғасырлар бойы өздерін оқшау ұстап үйренген. Соның арқасында өз салтын, төл дәстүрін сақтап қалған. Оқшаулану мінезі бүгінгі ағылшындардың бойына әбден сіңген десе болады. Олар ешкімге ішін ашпайды және сырт көзге көңіл-күйін білдірмейді, сездірмейді. Жергілікті халықтың «Keep a stiff upper lip» деген мәтелдері бар. Қазақша аударғанда «Үстіңгі ерніңнің дірілін ешкімге сездірме» деген мағынаны білдіреді, яғни олар бар эмоциясын өз ішінде ұстайды.
Жергілікті команда құрамындағы жұмыс тәжірибемде түйгенім, олар ешкіммен тым жақын араласпауға тырысады, өздерін сақ әрі оқшау ұстайды. Бұл біз үшін мүлде түсініксіз мінез. Тіпті қазақтардың қонақжайлылығы да олардың бұл тоңмойын мінезін жібіте алмайды. Қонақ шақыруға да, қонаққа баруға да құлықсыз, себебі біреу оларды қонаққа шақырса, ол да өз үйіне шақыруға тиіс болады. Ал олардың өз сөзімен айтқанда: «Менің үйім – менің қамалым, ол жерге Патшайымнан басқа менің рұқсатымсыз ешкімнің кіруіне қақысы жоқ» деп жауап береді.
Мен жергілікті футбол командасының мүшесімін әрі жаттықтырушымын. Екі ай жаттықтырушылықты оқып, он сегіз жасқа дейінгі балаларды футбол өнеріне баулуға құқық беретін сертификат алдым. Осы құжат бойынша кез келген елде футбол жаттықтырушысы болып жұмыс істей аламын. Қазір он төрт жасқа дейінгі балалардан құралған бір команданы жаттықтырып жүрмін. Оның үстіне, бұл маған тіл білімімді жетілдіруге, жергілікті қоғамның ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Жаттықтырушылар оқуының барысында бізге жергілікті балалармен, олардың ата-аналарымен қарым-қатынас жасау әдебін, ережелерін түсіндірді. Сонда түйгенім: ағылшындар адамдардың ара-қатынасының белгілі бір шектеу­ден шықпауына қатты мән береді, психологиялық ерекшеліктерді ескеріп, кез келген келеңсіз жағдайдың алдын алуға тырысады. Мысалы, дайындық кезінде балаларды тек демеп, қолдайтын сөздер айтылуы тиіс, олардан шамасынан тыс нәрсені талап ету, ұрсу, жекуге тыйым салынған. Жаттықтырушы мен балалар арасындағы жеке қарым-қатынас жасауға шектеу қойылған. Кез келген мәселені жаттықтырушы балалардың ата-анасымен ғана ақылдасып шешеді, мысалы, балаларды жарысқа шақыру үшін оның әке-шешесіне телефон не электронды пошта арқылы хабарлама жіберіп, рұқсат сұрау керек. Оған қоса, ойыншыларға қалай қарауға болмайды, оларды ұстауға, мысалы, тіпті иығынан қағуға болмайды деген талаптар бар.
Ал өздері бір-біріне қонаққа бармайтын сияқты, әлденені талқылау керек болса немесе жәй ғана әңгімелесу үшін пабтарда кездеседі. Шын мәнінде, ағылшын пабтары белгілі бір аудан тұрғындары немесе бір футбол командасының мүшелері мен жанкүйерлері жиналатын орта, мұндай жерге бөтен адам бас сұқпайды. Өзінше тәртібі, өзгеше ережесі бар орта, кішігірім қоғам. Әдетте, орта жас­тан асқан, егде кісілер ұдайы пабтарда бас қосады. Тағы бір байқағаным, мұндағы жастар дүйсенбіден жұмаға дейін күндіз сабақта болса, кешке спорт кешендеріне барады, бассейнде жүзумен, жаттықтыру залдарында дене шынықтырумен айналысады. Бірақ жұма күнгі кештен бас­тап сенбі-жексенбі күндері спортзалдар босап қалады. Шамасы, осы күндері олар қаланың сыртына демалуға және пабтарға, түрлі клубтарға кездесуге кететін сияқты.
Бір ғажабы, шетелдіктердің көп екеніне қарамастан, мұнда қылмыс деңгейі өте төмен, құқық бұзушылық аз. Мұның себебі ағылшын заңының қаталдығында. Полиция түні бойы қала ішінде патрульде жүреді, бірақ еш қару асынбайды. Түрлі құқық бұзушылықтар, тәртіп бұзуға байланысты заң аясында қарастырылған шектеулер мен жазаның қаталдығы сонша, шетелдіктер де, жергілікті азаматтар да шектен шықпауға тырысады. Себебі жергілікті азаматтарға орасан көлемде айыппұл төлеу т.б. жазалау шаралары қолданылса, шетелдіктерді бірден елден шығарып жібереді, одан кейін қайта келуге шектеу қояды. Оның үстіне, қала ішінде сансыз бақылау камералары орнатылған, әсіресе, жағажайда өте көп.
– Жалпы, жергілікті тұрғындар Қазақстан туралы не біледі?
– Былтыр Аян деген жолдас жігіт екеуміз осы тақырыпқа орай тұрғындар арасында бейнесауалнама жүргізген едік. Ньюкасл қаласының тұрғындарына бір ғана сұрақ қойдық: «Сіз Қазақстан жайлы не білесіз?». Кейбір адамдар Боратты ауызға алды. Дегенмен оқу орталығында, университетте жұмыс істейтін азаматтар Қазақстан туралы хабардар екен, олар Қазақстан деген елдің бар екенінен, мұнда адам баласы алғаш рет ғарышқа ұшты деген мәліметтерден құлағдар. Бірақ оқу ордасынан тыс жерлердегі дәстүрлі ағылшын ортасы Қазақстан жайлы мүлде хабарсыз деуге болады.
Кейде осында оқып жүрген түрлі этнос өкілдері арасында көзге көрінбейтін соғыс жүріп жатқандай әсер етеді. Мұнда қытайлық студенттер көп, олар өз тағамдарын таныстырып, төл мәдениетін мақтайды, арабтардың да қарасы қалың, олар діни тәрбиемен үйлескен өз ортасын жақтайды, ал жергілікті ұстаздар ағылшын мәдениетін түсіндіріп әуре. Біз қытайды да, арабты да, ағылшынды да білеміз, олардың жетістіктерінен де, кемшіліктерінен де хабардармыз. Өкінішке қарай, олар біз туралы, Қазақстан жайлы біле бермейді. Сондықтан оқу барысында, күнделікті өмірде өз елімізді, жерімізді, тарихымызды, мәдениетімізді таныстыруға тырысамыз, Қазақстан туралы мәліметтер береміз, осында жүрген, жетістікке жеткен қазақтарды мысалға келтіреміз.
– Қазақ студенттері дәстүрлі түрде өткізетін қандай шаралар бар?
– Былтыр жыл соңында мен Эдинбруг қаласындағы қазақ студенттерінің қоғамына қонаққа бардым. Олар апта сайын, яғни әр жұмада әдеби кеш ұйымдастырады. Бұл дәстүр алты жылдан бері үзілген емес. Әдеби кештің тақырыбы алдын ала белгіленіп, көбіне белгілі бір атаулы күндерге, оқиғаларға орайластырылады. Мысалы, Қозы Көрпеш күнінің қарсаңында лирикалық поэзия, ал Наурыз мерекесіне орай дәстүрлі жыр кеші деген сияқты. Мен қатысқан кеш Абайдың шығармашылық мұрасына арналды, Абайдың өлеңін жатқа оқыған жастар соңынан өз туындыларын таныстырды. Қазақстан туралы, қазақ тілі жайлы әсерлі әрі рухты көтеріп, көңілді серпілтетін шығармалар оқылды.
– Шетелде оқуға ынталы жастарға не айтар едіңіз?
– Ең бастысы, тайсалмау керек, қиындықтан қорықпау керек. Мақсатқа апаратын бағытты айқындап, сол алған бетіңнен таймау маңызды. Бірақ жат елге келіп, тек оқумен ғана айналысуға тағы болмайды. Уақытты тиімді пайдаланып, жан-жақты болуға тырысқан жөн. Заманауи сапалы білім алып, жергілікті ортаның мәдениетімен танысып, олардын жақсылығын үйренуге үлгеру керек. Мысалы, біздің жерімізге талай Англия сыйып кетеді, бірақ осы алақандағыдай Англия Қазақстанды даму жағынан әлдеқашан басып озған, осындай кереғарлықтың себебін түсінуге тырысу керек сияқты. Біз олардан нені үйрене аламыз, біздің елді дамыту үшін нені қажетімізге жарата аламыз деген сұрақ қоюымыз керек. Шетелде оқудың бір пайдасы осы. Енді-енді күш жинауға кіріскен Қазақстанның дамуына осылайша үлес қоса аламыз. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы аясында оқуға келгендер үшін өзіңді көрсету, өз еліңді таныстыру, басқа тілді меңгеру үшін көп мүмкіндік бар, бірақ екінші жағынан бізге артылған жауапкершілік те көп. Осыны үнемі есте ұстау керек.
Анияр АБУЛКАИМОВ, Ньюкасл университетінде Қайталанбалы қуат көздері мамандығы бойынша магис­тратура бағдарламасының студенті:

ҚАЗАҚ МАМАНДАРЫ ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТА БАСТАДЫ

Анияр Абулкасимов
Анияр Абулкасимов
– Ньюкасл университетіне магистратураға түспес бұрын мен алты жыл Ресейде Сирек кездесетін радиоактивті металдар мамандығы бо­йынша білім алдым. Әуелі өз күшіммен бакалавр, сосын магистратураға түсіп, Ресейдің шетелдіктерге беретін гранты бойынша оқып, диплом алдым. Оқу бітірген соң екі жылға таяу уақыт «Қазатомпром» ұлттық компания құрылымында жұмыс істедім. Менің ғылыми жетекшім мамандығымды ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбына орай ауыстыруға кеңес берді, осылайша, «Болашақ» бағдарламасы аясында екінші мамандық бойынша магистратурада оқып жүрмін. Мұнда магистратура бағдарламасының мерзімі бір-ақ жыл. Бірақ оған дейін алты ай ағылшын тілін жетілдіру курсын оқыдым.
Англияда оқуға талаптануға не себеп болды десеңіз, оның себебін біздегі жергілікті мамандардың өсу мүмкіндіктерінің шектеулі екенінен іздеу керек. «Қазатомпромның» құрылымында жиырма шақты бірлескен компаниялар бар. Олардағы басшылық қызметтердің бәрі дерлік шетелдіктердің үлесінде, ал жергілікті азаматтарға тек қарапайым, былайша айтқанда қара жұмысты ғана тапсырады. Мен Жоғарғы технологиялар институтында ғылыми сала бойынша ғылыми жетекші болып жұмыс істедім. Сол жерде жүріп шетелдік бірлескен компанияда жұмыс істеуге өтініш бердім, бірақ олар маған «ағылшын тілін білмейсің, халықаралық дипломың жоқ» деген шектеулер бойынша қызмет беруден бас тарты. Басқаша айтқанда, өз еліміздегі жетекші ұлттық компанияларда шешім қабылдайтын, тетік ұстайтын басты қызметтерді шетелдік азаматтар атқарады да, ал жергілікті ұлт өкілдері тек қара жұмысқа жегіледі. Осы жағдайдан соң шетелдік озық университетте білім жетілдіріп, мамандық игеріп, тіл үйрену қажеттігіне көзім жетті.
– Оқу бітірген соң «Қазатомпром» компаниясына қайтып оралу талабы бар ма?
– Иә, компанияның «Болашақ» бағдарламасы аясында маман дайындауға берген тапсырысы бойынша мен бес жыл осы компания құрылымында жұмыс істеуге тиіспін. Дегенмен қазір НЕСТЛЕ компаниясы менің магистрлік диссертациямның тақырыбы аясында зерттеу жасауыма ынталы. Егер диссертацияны ойдағыдай қорғап шықсам, маған осы елде PhD бағдарламасы бойынша оқуға грант бөлуге, өз есебінен стипендия беруге дайын екендіктерін білдірді. Бірақ менің осы елге оқуға келгендегі басты мақсатым – Қазақстандағы ЭКСПО-2017 көрмесіне үлес қосу болғандықтан, оқуды бітіріп, елге қайтуға ниеттімін. Елге барып, жұмыс істеп, тәжірибе жинаған соң докторантураны Назарбаев университетінде де оқуға болады ғой.
– Англиядағы қазақ студенттерінің оқудан тыс кездегі басты ермегі не?
– Әрине, футбол. Біз бәріміз Ньюкаслдағы қазақ қоғамының футбол командасының мүшесіміз, ал мен – команда капитанымын. 2007 жылдан бастап Ұлыбританиядағы қазақ жастары жыл сайын «Достық Cup» атты арнайы турнир өткізеді. Команда негізінен қазақтардан жасақталады, оның бір ғана мүшесін басқа елдің өкілдерінен таңдауға құқығы бар. Мысалы, Ньюкасл футбол командасы құрамында бір украин азаматы бар. Жыл сайынғы дәстүр бойынша, турнирде жеңіске жеткен команда келесі жылы жарысты өз қаласында өткізеді. Манчес­тер қаласы қазақ қоғамының футбол командасы алты жыл бойы жеңімпаз атанып келді, ал биыл жиырма команданың арасынан топ жарып, біздің құрама сегіз ойында да жеңіске жетіп, кубок иегері атанды.
– Биылғы турнирдің ерекшелігі неде?
– Биылғы турнирдің орны, оның ішінде, несін жасырайық, біздің жеңісіміздің мәні ерекше. Себебі бұл оқиға Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына арналды. Үш жүздей адам қатысқан ауқымды шара болды. Осыған орай, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қазыханов арнайы келіп қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Осылайша, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жылы «Достық Cup» Ньюкаслға жеткізілді. Енді келесі жылы Ньюкаслдағы қазақтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Англиядағы барлық футболсүйер қазақтарды жинап, кезекті турнир өткізуі тиіс. Бұл әрі абырой, әрі міндет. Әрине, турнир өткізу шығын, командалардың өз мойнында, өйткені жарысқа қатысқысы келген командалар алдын ала жарна төлейді, бірақ футбол алаңын табу, оны дайындау, төрешілерді анықтау, командаларға ас мәзірін әзірлеу сияқты түрлі ұйымдастырушылық жұмыстары жарыс өтетін қаладағы қазақ қоғамының міндеті.
Кеше ғана Лондонда тағы бір футбол шарасы өтті. Олимпиада жүлдегері Бақтияр Артаевтың Лондондағы Брунель университетінде оқып жатқаны көпшілікке белгілі жайт қой. Белгілі спортшының туған күніне арнап әрі әз Нау­рыз мейрамына орай Лондонда футболда арнайы кубок ұйымдастырылды. Он алты команда қатысқан додада мен UCL университеті командасы құрамында ойнадым. Өкінішке қарай, өз командамыздың құрамын бұл жарысқа жинай алмадық. Кеше ғана бізден жеңілген Манчестер командасы Б.Артаевтың атындағы кубокты жеңіп алып, оның аты жазылған медальді кеуделеріне тақты. Ұлыбританияның түкпір-түкпірінде оқып жүрген қазақтар бас қосқан айтулы шара болды бұл. Кубокты ұйымдастыру шығындарын Брунель қаласының қазақ студенттері қоғамы түгелдей өз мойнына алған. Кубоктан соң Наурыз көжеден бастаған ұлттық тағамдар ұсынған мол дастарқан әзірленді. Келген қонақтарға Қазақстан тарихы, Наурыз мерекесі туралы мәлімет берілді, бұл ресми шараға жалпы саны жүзден аса адам қатысты.
– Шетелде оқудың қандай қиыншылықтары бар?
– Ең әуелі маңдайыңды тасқа тірейтін кедергі, әрине, тіл білімінің жетімсіздігі. Оның үстіне, Ньюкаслда жергілікті «geordie» деп аталатын акцент бар, алғашқы кезде оны түсіну өте қиын. Әр қаланың өзіне тән акценті бар. Мысалы, Лондон, Глазго, Ливерпуль, Эдинбургтің акценттері бір-бірінен өзгеше. Мәні бір сөздердің айтылуы әр түрлі. Соның кесірінен, тіпті жергілікті ағылшындардың өздері басқа қалаға сапар шеккенде қиындық көреді. Мысалы «geordie» акцентімен сөйлейтін адам Ливерпульға барғанда жергілікті тұрғындардың тілін түсінуі ауыр соғады. Бірақ Ньюкасл қаласының акценті ең қиын саналады екен, егер Jordi акцентін меңгерсең, басқа акценттерді қиындықсыз игеріп кетесің деседі.
Бұдан бөлек, мұндағы оқу топтары шын мәнінде халықаралық деген атауға лайық, мысалы, менің тобымда үш малайлық азамат, бір араб бар және мен, қалған он жеті студент – ағылшындар. Олар шетелдік студенттермен, яғни бізбен сөйлесуге құлықсыз, көбіне өздерімен-өздері. Төрт-бес адамнан тұратын топтық жұмыс кезінде олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келеді, сондай кездерде жергілікті тұрғындардың өзімшілдігі деуге бола ма, әйтеуір өзгешелеу мінезін көресің. Топтық жұмыстағы ең қарабайыр, қарапайым жұмысты бізге тапсырып, өздеріне күрделісін қалдыруға тырысады. Қиын шаруаны өзіміз-ақ жасаймыз, ал сендерге осы жетеді деген пиғыл байқалады, содан өзіңді өте ыңғайсыз сезінесің.
Бірақ оқу барысында қазақтар басқа ұлттарға қарағанда әлдеқайда белсенді. Көбіне шетелдік студенттер ұстаздардан түсінбеген нәрселерін сұрауға қысылады, үнсіз қалады Ал қазақ студенттер тіл табысуға тырысады, сұрақ қоюдан тартынбайды. Шындығында, британдық оқу орнында шектеу ережелері көп, егер ұстаздан оқу процесіне орай әлденені сұрағың келсе, бір апта бұрын электронды пошта арқылы хат жазып, кездесу белгілеуін сұрауың керек. Рұқсат етілген жағдайда, ол кездесу тек он-он бес минутқа созылады. Шетелдік студенттер үшін осындай шектеулер көп қиындық тудырады. Бірақ бұған мойыған, өзіне керек ақпаратты алудан қысылған қазақты көргенім жоқ. Олар барады да, сұрайды, болды.
– Жергілікті мәдениеттің қандай ерекшеліктері бар екен?
– Менің ағылшын тілін оқытушы ұстазымның айтқаны бар еді: ағылшындар әдетте әр сенбі-жексенбі күндері барға, мейрамханаға барып көңіл көтереді немесе қала сыртына шығып отбасымен сейіл құрады. Яғни, олар дүйсенбіден бейсенбіге дейін өткен сенбі-жексенбіні қалай өткізгендерін талқылайды, ал бейсенбіден сенбіге дейін алдағы демалыс күндерін қалай өткізетіндерін талқылайды. Меніңше, жергілікті өмір сүру салтының бір мысалы – осы.
– Шетелде оқудың қазақ жастары үшін не тағылымы бар?
– Әрине, біз үшін «Болашақ» бағдарламасы – білім алудың, өсудің, тәжірибе жинаудың зор мүмкіндігі. Екінші жағынан, шетелге оқуға келген жастар үшін сынақ та көп. Мұнда ашық қоғам дамыған, адамның көңілін басқа бағытқа аударатын, тіпті мақсатынан айнытатын, оқуды ұмытып, тек көңіл көтеруге шақыратын нәрселер көп. Шын мәнінде, магистратура бағдарламасына берілген бір жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы аясында мемлекеттің қаржысына білім алып жүрген жастар өз мақсатын анық біліп, мығым болуы керек, басты мақсат – оқу және оқу. Екі ай сабаққа бармадың ба – бітті, сол семестрдегі сынақтардан өте алмайсың, ар жағында өз есебіңнен оқу немесе тіпті оқудан шығып қалу, стипендиядан айрылу қаупі қылтиып тұрады. Сондықтан шет елдерге оқуға аттанатын жастар өз мақсаттарын нақты айқындап алса дейсің, ең бастысы, өздеріне болашақта не керек екенін естен шығармауы тиіс.
Соңғы жылдары қазақтар білімі жағынан басқа жұрттарды мойындата бастады. Лондонда IT саласы бойынша бакалавр бағдарламасын жақында ғана бітірген қазақ жігітін білеміз. Ол мұнда өз қаражатымен білім алды. Оқуын бітіре салысымен, жапондық компания оны жұмысқа шақырып, Жапонияға қоныс аударуға көндірді. Олар оның барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасап, жоғары деңгейдегі жалақы тағайындап, ақпараттық технологиялар саласында қызмет әзірлеп отыр. Ал «Болашақ» бағдарламасы аясында ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша магистратураны бітірген тағы бір қазақ жігітін Twitter компаниясы АҚШ-қа жұмысқа шақырып алды. Оған да барлық жағдайын жасап, жоғары жалақы тағайындағаны сол, оның табысы мемлекетке қарызын төлеуге де, Америкада бақуатты тұрмыс кешуге де молынан жетеді. Лондонда оқыған, оқуын аяқтап, осында табысты компанияларда жұмыс істеуге қалып қойған кейбір қазақ жастарын да білеміз. Бұл жағдай, өз елінде дәл осындай табысты жұмыс табатынына деген сенімсіздіктен туындаса, екінші жағынан, қазақ жастарының білімі, таланты мен еңбекқорлығы әлемде мойындалып, ауызға іліге бастады деген сөз. Себебі алпауыт компаниялардың назарына іліну үшін шетелде оқу да шарт емес екен, мысалы Астанада ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істеп жүрген бір қазақ жігітін Google компаниясы жақында жұмысқа шақырып әкетті. Сондықтан қазақ мамандарына деген көзқарас өзгере бастады, ендеше оларды өзіміз де бағалай алсақ деген тілек бар.
Абылайхан БИМАҒАНОВ, Ньюкасл университетінің Бизнес мектебінің 4-курс студенті:

ТАЛАПТЫ ЖАС ҮШІН АЛЫНБАЙТЫН ҚАМАЛ ЖОҚ

20150313_204425
Абылайхан БИМАҒАНОВ
– Мен Ұлыбританияға оқуға 2011 жылы келдім. Оған дейін Экзетер қаласында дайындық бағдарламасы бойынша білім алдым. Жалпы, қаржы және есеп мамандығы бойынша Ньюкасл университеті Ұлыбританиядағы ең үздік жиырма оқу орнының ішінде. Оның үстіне, маған Ньюкасл қаласы қатты ұнайды әрі басқа қалаларға қарағанда мұнда тұрмыс арзан.
Мектеп бітірер жылы қайда оқуға бару мәселесі қатты ойландырды. Математика пәнінен үлгерімім де, ынтам да жақсы болғандықтан, қаржы және экономика бағытында оқуға шешім қабылдадым. Бірақ бұл мамандық бойынша Қазақстанда тек КИМЭП пен ҚБТУ ғана халықаралық стандарт бойынша диплом береді. Ал Англияда қаржы саласы бойынша тәжірибе жинауға мүмкіндік мол, әрі мұнда алатын дипломның дәрежесі жоғары, яғни халықаралық дипломмен елде шетелдік компаниядан жұмыс табуға мүмкіндік көбірек деп ойлаймын. Бәлкім, екі-үш жыл осында тәжірибе жинау үшін жұмысқа қалуым да мүмкін, бірақ сосын бәрібір елге қайтамын. Бірақ ол үшін жергілікті компания визалық демеушілік көрсету керек, яғни жылына үш мың фунт стерлинг төлеуі шарт.
– Ата-анаңыздың қаржылық қолдауымен білім алып жатқаныңызды айттыңыз. Жалпы, оқу ақысы, жатын орын, жол шығыны бар, осыншама орасан шығын өзін ақтай ма?
– Менің ойымша, ақтайды. Биыл диплом алатын жылым. Оқу бітірген соң жұмыс істеймін.
– Мұнда келгеніңізге төрт жыл болыпты. Сабақтан тыс уақытта қазақ студенттері не істейді?
– Бәрі жиналып, ұйымдасып, футбол ойнайды, кейбірі гольф немесе теннис ойнауды үйренеді. Университет ішінде түрлі қоғам, клубтар көп, соның бірі – 2007 жылы құрылған Қазақ студенттерінің қоғамы. Былтырдан бері мен осы Ньюкаслдағы қазақ студенттері қоғамының президентімін. Қазір қоғамымызға елуге тарта студенттер мүше. Әр оқу жылының басындағы бірінші кездесуіміз жаңадан келген студенттерге бағыт көрсетуден бас­талады. Оқу барысы, сабақ кестесі, құжат дайындау, пәтер табу, Ньюкасл қаласын таныстыру, университет талаптарын түсіндіру т.б. көптеген жұмыс жүргізіледі, ақыл-кеңес беріп, тәжірибе бөлісеміз, қолдан келгенше көмек береміз. Facebook әлеуметтік желісінде өз парақшамыз бар. Барлық хабарландырулар, алда болатын кездесулер сол жерде жарияланады. Одан бөлек, қоғамның атқарып жатқан жұмыстары, студенттердің ұсыныстары мен бастамалары осы парақшада ортаға салынады. Әр мереке немесе атаулы күндерде қауымдасып, бір-бірімізді құттықтауға, төл мәдениетімізді насихаттауға ұмтыламыз. Англияда «Халықарлық әйелдер күні» деген мереке бар, бірақ дәл біздегідей кең көлемде атап өтілмейді. Сондықтан 8 наурыз қарсаңында осы тақырыпқа орай бейнеклип түсіріп, осында оқып жүрген қыздардың басын қосып, құттықтадық. Ән-би, күйден тұратын музыкалық бағдарлама жасадық.
– Ал Ұлыстың ұлы күнін тойлау әдебі қандай?
– Былтыр Қазақ қоғамы Ньюкасл қаласындағы INTO Тіл үйрету орталығында жүзден аса қонақ шақырып, мерекелік шара өткізді. «Болашақ» бағдарламасы аясында ағылшын тілін жетілдіретін студенттердің дені осы орталықта оқиды. Әзірбайжан, түрік, араб, орыс, татар, ағылшын, итальяндықтардан құралған шетелдік қонақтар жиналды. Біз оларға Қазақстан туралы жалпы мәлімет беріп, Наурыз мейрамымен таныстырдық, «Қамажай» мен «Қаражорға» билеп, «Адай» күйін тыңдаттық, «Отан-Ана» әнін шырқап, өнер көрсеттік. Соңынан Наурыз көже, бауырсақ, қазы-қарта сияқты ұлттық тағамдардан дәм ұсындық. Ал биыл осындағы қазақтардың басын қосып тойлағанды жөн көріп отырмыз. Себебі биыл біраз студенттер оқуын бітіріп, елге қайтады, сондықтан Ньюкаслдағы оқуымызды қорытындылаудың бір жолы осы шығар деп жобалап отырмыз. Ұлыбританияның әрбір ірі жоғары оқу орнында Қазақ студенттері қоғамы бар, олар бір-бірімен әлеуметтік желілер арқылы байланысып, бірін-бірі шақырып отырады. Қазақтардың ең үлкен қоғамы – Лондонда, себебі онда оқу орындары да көп, әрі онда оқитын қаақ жастарының саны басым.
Мысалы, жыл сайын наурыз айында Уорвик қаласындағы қазақ студенттері қоғамы Көктем фестивалін өткізеді, бал ұйымдастырады. Барлық қалалардағы қазақ қоғамдарын шақырады. Қыздар кешкі салтанатқа арналған көйлек, ал жігіттер смокинг киіп, классикалық музыка тыңдап, вальс билейді. Жақында ғана өткен Көктем балына биыл жүзден аса адам қатысты. Кіру билетінің құны адам басына 45 фунт стерлинг, оған жол шығынын қосыңыз, жалпы шығын әжептеуір.
– Мұндай шаралардан қазақ студенттерінің үйренері не?
– Шындығын айтқанда, бал дегеніміз қазақша той сияқты өтті. Дегенмен бағдарламасы жақсы ойластырылған, ас та төк дастарқан, салауатты әңгіме-дүкен, сапалы музыка – жақсы кешті бастан өткеруге себеп болды. Арасында күй де тыңдалды. Ең бастысы, мұндай кездесулер барысында шетелде білім алып жүрген қазақ жастары бір-бірімен жақынырақ танысады, біліседі, бір-біріне болашақта дос, әріптес, жанашыр болуы ғажап емес. Оған қоса, корпоративті мәдениетті бойға сіңіруге, түрлі шараларды ұйымдастыруға жақсы тәжірибе деп ойлаймын.
– Британдық ортаның қандай өзгешелігін байқадыңыз?
– Бізді жергілікті тұрғындар көбіне не қытай, не жапон өкілі деп қабылдайтыны қынжылтады. Кейде, тіпті, «Ни-хау» деп амандасатындарын қайтесің. Сондықтан біз ұдайы Қазақстан туралы көбірек айтып, түсіндіріп, жүрген жерімізде мәлімет беріп, ақпарат таратуға тырысамыз.
Жалпы, жергілікті тұрғындар қарапайым киінеді, сырт кейпіне қарап әлеуметтік деңгейін ажырата алмайсың. Көшеде, қоғамдық орындарда сыпайылық сақтау кең тараған, сіз біреуді байқамай қағып кетсеңіз, ол адам сізден кешірім сұрап, ұялтады. Осы жақтан сол әдетті бойға сіңіріп, елге барғанда оқыс жағдайларда орынсыз кешірім сұрап, күлкіге қалатын кезіміз де болады.
– Шетелде оқуды армандайтын жастарға не кеңес берер едіңіз?
– Мен мектепті бітіргенде Англияда оқу аспандағы айдай қол жетпес арман болып көрінетін. Мен осында оқуға түскенде сыныптас достарым жапа-тармағай хат жазып, «Оқуға қалай түстің?» деп таң қалып сұрағаны әлі есімде. Ал қазір шетелдің озық университетінде оқу, білім алу қол жетпес арман емес. Ол үшін әуелі өз еліңде жақсы оқу керек, көп білім, тәжірибе жинау керек, ұдайы өзіңді жетілдіріп, тіл үйрену керек. Қазір Қазақстандағы көп компаниялар жастарды шетелге оқытуға арнайы гранттар бөледі. Ал көптеген еуропалық елдерде, мысалы Германия, Франция, Польша т.б. мемлекеттерде шетелдік студенттерге арналған гранттар бар. Қажетті құжаттарды тапсырып, сынақтардан өтіп, шетелдік университеттің қаржысына білім алу қиын емес. Тек ештеңеден қаймықпау керек, үнемі алға ұмтылып, мақсатқа жетуге талпыну керек. Талаптанған жасқа алынбайтын қамал жоқ, меніңше.

Ұлыбритания

http://turkystan.kz/

Гүлбиғаш ОМАР