АЛТЫНОРДА
Новости

Анкарадағы қазақ жастары арасында футбол бәсекесі өтті

Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілігі мен «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің ұйытқы болуымен футбол бәсекесі өтті.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында, Елшіліктің қаржылай демеушілігімен ұйымдастырылған аяқ доп жарысына Анкарадағы түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студент жастардың арасынан құрылған 8 команда қатысты.

Білім алумен қатар, спортты тән саулығының кепілі деп білетін жастар жасыл алаңда айрықша ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындарды өзара сарапқа салды.

Жарыс қорытындысы бойынша, Мамандандырылған құрлық әскерлері оқу орнының «Сарбаздар» командасы бірінші орынды иеленді. Шынайы шеберліктерімен дараланған бұл команда мүшелері ауыспалы кубокты да еншілеп, мерейлері үстем болды. Екінші орынның тұғырына Гази және Анкара университеттерінің студенттерінен құралған «Оқжетпес» командасы көтерілсе, Орта Шығыс Техникалық университетінің «Болашақ» командасы үшінші орынға табан тіреді. Жүлдегер командаларға Елшіліктің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Бұдан былайғы кезеңде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыратын футбол бәсекесі салауатты өмір салтын кеңінен насихаттаумен бірге, білімгер қазақ жастарының бірлігін арттыру ісіне өзіндік үлесін қосатын болады.

Мырзахан Байболов,

Гази Университеті Журналистика

мамандығы бойыншы докторант

http://ult.kz/kz/article/view?id=1159