Түркия астанасында болған жойқын жарылыс салдарынан 28 адам көз жұмып, 61-і жараланды. Қаза тапқандардың басым бөлігі — əскери қызметкерлер. Бұл туралы Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Сондай-ақ жарылыс алаңында қарапайым азаматтар да болған. Билік қаза болғандар мен зардап шеккендердің тізімін толық дайындаған жоқ. Сондықтан олардың саны әлі де артуы мүмкін. Барлық жараланғандар Анкараның 14 ауруханасына жеткізілді. Кейбіреулеріне шұғыл операция жасау қажет болған. Олардың арасында жағдайы тым ауырлар да бар. Естеріңізге саламыз, кеше Астана уақытымен сағат 22:30-да Анкара қаласының орталығы Қызылай алаңы маңында жойқын жарылыс болды. Содырлар жауынгерлер мінген әскери автобусты жарып жіберген. Әзірге лаңкестік шабуылды ешқандай ұйым өз мойнына алған жоқ. Бас прокуратура оқиға бойынша арнайы комиссия құрып, тергеу амалдарын бастады. Бұдан бұрын 5 адамның көз жұмып, тағы 10 адамның жарақат алғандығын хабарлаған болатынбыз. Фото:©Defne Karadeniz/Getty Images
Источник: http://24.kz/
Фото:©Defne Karadeniz/Getty Images