АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

АНЫҒЫНДА БІЗДІ КІМ АЛДАДЫ?

скачанные файлыАқша айырбастау нүктелері долларды 300 теңгеден сата бастағанда, Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыруға шешім қабылдады. Әрине, бұл шешімді қабылдау оңайға соқпады. Себебі премьер-министрді былай қойғанда,  сол кезде Президенттің өзі валютаны еркін айналымға жіберудің себебін түсіндіруге кіріскен еді. Тіпті түсіндіремін деп «Фуа-гра» туралы талқының астына қалғаны тағы бар. Теңгенің құны қашып, жанар жағармай қымбаттап, дағдарыстың азуы азық-түліктің бағасына да тие бастағанда ашулы әлеумет биліктің түсіндірмесін келемежге айналдырғанды дұрыс тапса керек. Уақыт өте берді, теңгенің құнсыздануын  құрықтамаса, қиын жағдай орын алатын болды.. Осылайша «ашық дәлізді жарияламасақ, құрдымға кетіп барамыз, енді теңге  еркін айналымға енуі тиіс»,- деген билік, өз сөзін қайтарып алды. Қайта шығынданса да, мемлекеттің шектен тыс кедейленіп бара жатқандығын жасырудың жаңа жолдарын ойлап табуға бел буды. Бірақ бұл жаңа жол қаржыгерлер мен экономистерді, бизнесмендерді қолайсыз жағдайға қалдырды. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан қор биржасының экс-президенті Азамат Жолдасбеков   өзінің Faccebookтегі парақшасында «ҚР Ұлттық банкі валюта нарығындағы KASE  ережелерін бұзды»,- деп жазды. Оның айтуынша,   биржа келісімі – коммерциялық құпия болып саналады. Ұлттық банк комерциялық құпияны неге бұзды? Бас банктің бұл әрекетіне Халық банкі де қарсылығын бір білдіріп алды. Қазақстан Халық банкі  ҚР Ұлттық банкінен KASE келісімдері жөнінде есеп-қисапты кәсіби және тұжырымды етуді талап етті.Халық банкінің талабының азуы алты қарыс болмаса да ел экономистерінің көкейіне қонып отыр. Тіпті  білікті экономист Ораз Жандосов та; «теңге бағамына келер болсақ, Ұлттық банктің өткен жылдың күзінен бері істеп келген «ақымақтықтары» айдан анық болғаны соншалық, оны талықлап жатудың да қажеті жоқ. Біздің қазақстандықтар мен бизнес өкілдері көбіне қаржы-несиелік саясат жүргізетін органның ақылға қонымсыз әрекеттеріне қынжылады. Ең бастысы мұндай “еркіне” жіберілген бағам түсінікті болуы қажет. Кем дегенде бизнесмендер түсіне білуі тиіс. Аталмыш екі функциялардың арасында келіспеушіліктер барына осы айларда көзіміз жетті.  Ұлттық банкті қаржылық-несиелік саясат органы деп қарастырып, банк жүйесі мен өзге қаржылық институттарды реттейтін органдарды бөлек қою қажет »,- деп Kazakhstan growth forum  жиынында айтып өтті. Расында,  дәл қазіргі кезеңде біздің елде қазір эконономикалық болжам жасау тіпті мүмкін емес. Егер ол еркін айналымда болса, валютаның ертеңгі әрекетін ақырындап бажайлауға болар еді. Алайда Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов олай деп есептемейді.  «Панорама» басылымына берген сұхбатында ол теңгенің осылайша шарықтауына белгілі бір топтардың мүддесі әсер еткендігін мәлімдеген.  Оның айтуынша, нарықты екі-үш ірі ойыншы «алдап-арбап» отыр. Қазір теңге бағамы 275,75-ке жетті. Мұндай бағам Ұлттық банк араласқаннан кейін  ғана орнаған еді. Олай етпегенде доллар 300 теңгеден де жоғырылауға шақ тұрды. Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, шетелдік валютаға қатысты алыпсатарлық көбейіп барады.

«Нарықты арбап отырған екі-үш ойыншы бар. Қазір талқылап жатырмыз. Талқылау аяқталғанша біз бірінші рет интервенциямен шықтық. Кез келген интервенция осы сәттен жарияланатын болады.. Біз басынан бастап айтқан болатынбыз, бағамның еркін ауытқуға өтуі орталық банк жоқ дегенді білдірмейді, біз барлығын мұқият бақылап отырмыз. Біз өрт сөндіруші де, құтқарушы да болғандықтан, мұндай қисынсыз әрекеттер болып жатса, араласуға құқылымыз және алдағы уақытта да солай істейміз. Бәлкім, біздің қатысуымыз ертең де керек болып қалар және нарық тынышталғанша араласамыз. Өкінішке қарай, трейдерлерде жануарлық түйсік бар және олардың есін үнемі жиып отыру керек. Бізде алыпсатарлық ойындарды қирататын мүмкіндік әрдайым бар, бірақ қазір тарих қалыптасып жатыр және дұрыс түсінікке қол жеткізу өте маңызды», — деп мәлімдеді Келімбетов.

Демек, Келімбетов теңгенің құнсыздануын пайдаланып екі ортада өзгелердің байып кетуін қаламайды. Екі ортадағы алып- сатарлар халық пен биліктің арасына айтарлықтай қауіп төндірді. Бірақ сол алып-сатарлар кімдер? Олар қарапайым халық емес? Мүмкіндігі бар, биліктегі ахуалды білетіндер. Демек, билікке жақын һәм солардың арасында жүргендер. Сондықтан да,  Келімбетов айтып отырған трейдерлер ұлттық банктің тосын шешіміне ашық қарсы шыға алмайды. Әзірге Халық банкі ғана  қатаң болмаса да, азын-аулақ қарсылығын білдірді. Егер шынында биржа жүйесінде халықтан шыққан адамдар ойыншы болса, ұлттық банктің шешіміне үлкен қарсылық білдірілген болар еді. Ал бас қаржыгер биржада кімдердің ойыншы,  банктердің кімдердің қолында екенін, оларды сабасына қалай түсіруге болатынын өте жақсы біледі. Сонымен қатар, бас банктің тосын әрекеті халықтың ашуын туғызған жоқ. Неге?

Келімбетовтің мәлімдеуінше, қазақстандық валюта нарығы 38 банктің трейдерінен тұрады. Олар халық пен клиенттердің мүддесіне қызмет етеді.Теңгенің төмен бағамы банктер үшін де тиімсіз. Сонымен қатар , Келімбетов : «Кейде кейбіреулер қасақана әрекет етуі мүмкін, бірақ біз — сондай әрекеттерді түзеу үшін де Орталық банкпіз. Біз трендпен және түсінікпен күреспейміз. Егер мұнайдың бағасы 20 немесе 30 долларға дейін түссе, теңге оған жауап  бере алуы тиіс»,-деп айтып өтті.

Сонымен  теңге  188-ден 257-ге дейін құлдырады.Орталық банктегі бас маман енді тұрақтылық орын алады деп сендіріпті. Бірақ халық тұрақтылық туралы әңгімені бас банкирден бірінші рет естіп отырған жоқ.  Экономикалық болжам жасаудың өзінен жүректері шайлығып қалған мамандар бұл тұрақтылық жаңа жылға дейін сақталатынына сенім артып отыр.

Айнұр Төлеу

«Қамшы» сілтейді