АЛТЫНОРДА
Новости

АПАТ ПЕН АҚША

3_22«Протон» құлаған соң Байқоңырдағы ахуал туралы мағлұмат там-тұм. «Тәулік бойы ең соңғы жаңалықты оқиға орнынан жедел жеткізеді» деген 24.kz телеарнасы да үнсіздің ар жақ, бер жағында. Апат жайында аз-кем айтады. Бірақ басқаның аузымен. Атқамінерлердің әуені бұрынғыдай: «Адам мен табиғатқа ешқандай залалы жоқ». Мойындау керек, мәскеулік БАҚ (бәрі болмаса да) шапшаң, жедел. Міне, солар ғарыш айлағындағы қызметкерлердің жарылыс болған жерден әкетілгенін хабарлады. Өйткені, аспанды улы бұлт торлап тұр. Зымыран тасығыштың сынығы 200 метрлік аумақты ойып тастапты. Улы майдың қаншасы қара жердің қойнына кеткені бізге бБайқоңыр қаласындағы азық-түлік дүкені жабық. Жұрт тамақты алыс жақтан тасуға мәжбүр. Ең қорқыныштысы – жел бағытын өзгертсе, гептилден құралған бұлт елді мекендерге бет алуы мүмкін.
Кремль, ғарыш мамандары, ғалымдар оқиғаға орай пікірін білдірді, уәжін ортаға салды. Бірақ бірде біреуі «Қазаққа обал болды-ау, даласын ластадық» демеді. Қайбір жылы ағылшынның «Бритиш Петролеум» компаниясы Мексика бұғазында мұнай төгіп, айналаны былғады. Сонда Америка жұрты «Судағы балық пен құс тұншықты» деп дабыл қақты. АҚШ-тың жақын одақтасы Ұлыбритания иіліп қайта-қайта кешірім сұрады. Қомақты өтемақы төлегенін айтпай-ақ қояйық. Ал Ресей тізеге басып, күш көрсетуге бейім. Өркениетті әдет пен әдептің ауылынан әлі алыста. Тең дәрежелі қарым-қатынас, өзгенің мүддесін өзінікіндей ескеруді үйрене қойған жоқ. Рас, мықтылармен сыпайы сөйлеседі. Әсіресе, Америкамен. Өйткені, Қарулы Күштері, соның ішінде стратегиялық бомбалаушы ұшақтары, сүңгуір қайықтары, тіпті жаяу әскері американдық GPS жүйесін пайдаланады. Егер Пентагон осы жүйені өшіріп тастаса, онда орыс әскері орманда адасып қалуы мүмкін. Бұл біздің емес, ресейлік маманның пікірі. Сейсенбі күні Байқоңырда құлаған «Протон» әуе кеңістігіне 3 «ГЛОНАСС» жер серігін алып шығуы тиіс еді. Бұлардың мақсаты – американдық жүйеге тәуелділіктен құтқарып, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын.
Мәскеу қазір қазақ даласының жарасына емес, ғарыш саласының абырой-беделіне алаң. Аспанда жарылыс жиілеп, космостың өзегіне жемқорлықтың жегі құрты түскен. Салақтық пен салғырттық өз алдына. Бірер жыл бұрын ұшырылған зымыран бағытынан ауытқып, мұхит түбіне кетті. Тексере келгенде 1,5 тонна майды артық құйып жіберген. Мәскеу арқылы ұшырылған біздің алғашқы «Қазсаттың» күйреуінің бір себебі осы салақтық деседі. Оның үстіне, әлемдік ғарыш саласында бәсеке өршіп барады. Бүгінде Еуропадағы Ariane 5 ең сенімді зымыран тасығыш болып есептеледі. Ол 50 рет көкке көтеріліп, апатқа жол берген емес. Ғарыш жобасының көл-көсір пайда әкелетіні әмбеге аян. Роскосмостың Байқоңырдан зымыран ұшыруды үсті-үстіне көбейтуі де содан. «Протон» сияқты ауыр зымыран тасығышпен геостационарлық орбитаға 1 жер серігін жеткізу үшін 300-400 миллион доллар төлейді. Бір жылда 20-30 жер серігі ұшырылатынын ескерсек, қазынаның қанша қаржымен қампаятынын есептеу қиын емес. Ал Байқоңырды жалға алға үшін бізге төлейтіні 115 миллион доллар шамасында. Содан болар, ғарыш төңірегіндегі шенеуніктер апат болған күні дереу шығынды есептеуге кірісті. Бір «Протонның» ұшыру үшін Ресейдің бюджетінен 2,84 миллиард рубль (1 доллар – 33 рубль) бөлінеді.
Бұл жолғы апаттан соң ресейліктер Байқоңыр сияқты майшелпектен бас тартады деуге болмайды, әрине. Бірақ біраз нәрсені қайта қарауға мәжбүр ететіні анық. Біздің үкімет пен ғарыш мекемесі ең алдымен өтемақы алуға қол жеткізуі тиіс. Қазақстан көптен бері улы гептилмен емес, керосинді қорек ететін «Ангара» зымыран тасығышының ұшырылуын талап етуде. Мұның алдындағы апаттан кейін осы мәселені көлденең тартқанымен, Мәскеуді көндіре алмап еді. Бәлкім, бұл жолы табандылық танытар.

Срайыл Смайыл  

 http://www.jasqazaq.kz