АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Аптап ыстықтан қорғана бiлiңiз

images (1)Алтыншы айдың ми қайнатар аптабының бетi қайтар түрi жоқ. Синоптиктердiң болжамынша, биылғы жаз елiмiз­дiң оңтүстiк, оңтүстiк-шығыс өңiрлерiнде өте ыстық болады және температура, негiзiнен, 40-41 градусқа дейiн көтерi­ледi.

Дәрiгерлер мұндай ыстықта мүмкiндiгiнше жалаңаяқ жүруге кеңес бередi, әрине, шыжыған асфальтта емес, шөптiң үстiнде. Iшкi органдар­ға жауап беретiн нүктелердiң басым көпшiлiгi табанда шоғырланған. Адам жалаңаяқ жүрген кезде сол нүктелерге әсер етедi. Нәтижесiнде қан айналымы жақсарып, ағзаның жалпы жағдайы дұрысталады, тiптi клеткалар жаңара бастайды.
Кәдiмгi судың орнына қияр, қызанақ, қарбыз сияқты сулы жемiстер мен көкөнiстердi пайдаланған жөн. Сонда организм дәрумендермен, минералдарды заттармен қуаттана түседi. Күннiң ыстығында көк шай iшкен де пайдалы, ол жылу алмасуды реттейдi. Есе­сiне, бал, майлы шұжық сияқты iштi қыздыратын тағамдардан тартынған жөн. Сол сияқты, жатарда ет жемеген дұ­рыс. Өйткенi ауыр тағамдарды қорыту да дене қызуын көте­рiп, тердiң шамадан тыс бөлi­нуiне себепкер болады. Ал құрма, банан сияқты уылжыған дәмдер, жалпы, көк және ақ түстi жемiстер мен көкөнiстер бойды салқындатып, ыстыққа бейiмделуге көмектеседi.
Ыстықтан өзен-көлге шомылу арқылы құтылғысы келе­тiндерге мамандар суға сүңгуге әуес болмауға кеңес бере­дi. Температураның ыстықтан суыққа күрт ауысуы жүрек-қан тамырларының тарылуына әкеп соқтырады. Сондықтан суға түспес бұрын әуелi көлеңкеде бiраз бой суыту керек. Бiрден мұздай душтың астына қойып кетудiң де қажетi жоқ, суық судан қан тамырлары тарылады, бiрақ артынша бұрынғыдан бетер кеңейiп кетедi. Ке­рiсiнше, күннiң ыстығында жылы душ қабылдаған дұрыс. Сонда сырттағы температураның жоғарылығы аса байқалмайды.
Егер бөлме күн жақта болса, терезеге қалың перде тұтқан жөн. Ең дұрысы, әйнек­тiң iшкi және сыртқы жағынан фольга жабыстыру керек. Фольга жылу мен сәуленi жақсы шағылыстыратындықтан, бөлменiң iшi ерекше қайнап кетпейдi.
Әрi қарай, үйдегi ванна мен әжетханаға назар аударыңыз. Пәтерлердiң көпшiлiгiнде жыл он екi ай бойы ысып тұратын орамал кептiргiштер бар. Бiр жағынан, бұл жақсы, өйткенi iшi үнемi жылып тұратындықтан, ванна бөлмесi көгерiп кетпейдi. Ал екiншi жағынан, егер жоғарғы қабатта тұрсаңыз, сiздiң пәтер онсыз да ыстық және құбырдың жылы болу-болмауы ваннаның ылғалдылығына әсер етпейдi. Сондықтан орамал кептiргiш трубаны фольгамен тұтас орап тастаңыз. Бұл да ауаның ысуын әлденеше есе төмендетедi.
Ендi тер туралы бiрер сөз. Пора-пора болып терлеу өзi­ңiзге, де өзгелерге де қолайсыз, әрине. Бiрақ бұл – ағзаны қатты қызып кетуден сақтайтын бiрден-бiр қорғаныш. Сондықтан термен соншалықты “күресiп” әуре болмаңыз.
Ендi ыстықтан қалай қорғанудың бiрқатар әдiс-тәсiл­дерiне тоқталайық:
 
…үйде
1. Көк шай iшiңiз.
2. Жағажайға барып тұрыңыз.
3. Табиғи матадан тiгiлген жеңiл, ашық түстi киiмдер киiңiз.
4. Көлеңкеде көбiрек болыңыз.
5. Балмұздақ жеңiз.
6. Косметиканы көп пайдаланбаңыз.
Мына сусындарды iшпеңiз:
— сыра (ол тамақты құрғатып жiбередi)
— қою кофе (қан тамырларына салмақ түсiредi)
— алкогольдi iшiмдiктер (жүрек шыдамауы мүмкiн).
 
…жұмыста
1. +26 градустан жоғары температурада әрбiр жарты сағат сайын бiр стакан су iшiңiз.
2. Жұмыс үстелiңiзге кiшiгiрiм аквариум (балықсыз, шөп-шаламсыз болса да, тек суы болса, болғаны) қойыңыз. Ол ылғал бөлiп, ауаны сәл де болса салқындатады.
3. Қарапайым су бүрiккiш сатып алып, бөлменiң iшiне әлсiн-әлсiн суық су шашып тұрыңыз..
4. Мүмкiн болса, иығыңызға дымқыл орамал жауып алыңыз.
5. Бетi-қолыңызды салқын сумен жиi-жиi жуып тұрыңыз.
6. Тым болмаса, екi сағатта бiр рет, бес минут жата тұруға тырысыңыз, бұл қан тамырларына түсетiн салмақты жеңiлдетедi..
7. Тал түсте бөлмеңiз қайнап, жұмысқа ынтаңыз төмендейтiндiктен, маңызды шаруаларды түске дейiн тындырып тастаңыз.
 
…көлiкте
1. Автокөлiк терезелерiне күнге қарсы перделер iлiңiз. Бұл салондағы температураны 5-7 градусқа төмендетедi.
2. Көлiктi жалтыратып, жиiрек жуыңыз. Шанағы, әйнегi неғұрлым кiр болса, күн сәулесiнiң шағылысуы да әлсiз болады және соғұрлым тез ысиды.
3. Көлiктiң iшiнде темекi тұтатқыштар мен түрлi баллондарды (мысалы, шашқа арналған лак) қалдырмаңыз. Қыза келiп, жарылып кетуi де мүмкiн. Сондай-ақ күн астында тұрған автокөлiктiң iшiнде қалған аудиокассеталар мен пластик заттар да тез iстен шығатынын ұмытпағаныңыз абзал.
 http://www.zhasalash.kz/