Армян ұлтының отағасы тізгін ұстар ұлым болса деп армандайды. Әр ауылда айы-күні толып, толғағы басталған әйелді аман-есен босандырып алатын қарт әйел болады. Оны татмер деп атайды. Жаңа туған баланы татмер қолына алып, үстіне тұз себеді. Осылайша жаңа өмірге келген нәрестені әртүрлі вирустан қорғайды. Босануға көмектесуге келген әйелдер де барлық алтын әшекейлерін, белдіктерін шешіп, қолдарын тұзды суға малып, жақсылап жуады. Егер ұл бала туса, үйдің бөренелерін 7 рет санау керек. Онысы – отанасы дүниеге тағы да жеті ұл әкелсін дегені екен. Толғағы басталған кезде жанұя мүшелері жабылып арбаны бөлшектейді. Сонымен қатар, барлығы жұмыртқа жаратын салттары да бар екен. Бұл — босанатын әйелдің толғағы жеңіл болады деген сенім.
Үшінші күні үйге татмер әйел келіп, баланы шоқындырғанға дейін өзі суға шомылдырады. Бұл тек татмердің міндеті. 8-ші күні баланы шіркеуге апарып шоқындырады. Егер нәресте әлжуаз, ауырушаң болып туса, онда баланы үй ішінде шоқындырады. Жаңа босанған әйелдің жастығының астында әрдайым сарымсақ жатады. Баланы шоқындыруға апара жатқан жақындарының артынан осы сарымсақты лақтырып: «Ауыртпашылықты ала кет, жеңілдікті бере гөр!» — дейді. Ал шіркеуге бара жатқан жолда туғандары кедей-кемсіктерге нан таратып, баланың болашағы бақытты болсын деп тілейді.
Армян халқының бала туғандағы салт-дәстүрлердің ерекшеліктерінің негізі – 40 күнге дейін баланы бөтен адамға көрсетпеу. Олар да қазақ халқы сияқты нәрестені тіл-көз тимесін деп қорғаштайды.
Егер «карасунк» уақытында – 40 күн – жаңа босанған көрші әйелдер кездейсоқ кездесіп қалса, бір-бірінен үйлерінің кілтін алып, оны ағаш тегештегі суға лақтырады. Кейін сол суға баланы түсіретін көрінеді. 40 күнге дейін нәресте ата-анасының жанында жатады. Содан кейін баланы арнайы ағаш төсегіне жатқызып, үйретеді. Жатқызбас бұрын төсекке мысықты отырғызып, жын-періден аластайды.
Тек 40 күн өткеннен кейін туған-туыстарына, жора-жолдастарына, көршілеріне арнап үлкен дастархан жайып, қуанышқа бөленген жас ата-ана баласын жұртшылыққа көрсетеді.
Дайындаған: Құралай Әшімова
http://anabol.kz/