Екі адам болып бас қоса қалсақ, саясат соғамыз. Әңгімеміздің соңында налимыз, өзегіміз өртене уһілейміз келіп… Кіжінеміз, әлдебіреулерді сынға аламыз, «неге бүйтпейді, неге сүйтпейді?» деп баяғы. Әй, өзіміз ұлт үшін бірдеңе жасаймыз десек, қолымызды қағып жатқан кім бар? Анаған бір ренжіп, мынаған тағы өкпелеп уақыт өткізіп жүрген кезімізде өзге елдің мықтылары Айдан жер меншіктеп жүрген жоқ па? Ең құрығанда «болар елдің баласы бірін-бірі батырым дер-ді» ұмытпасақ қайтеді?
Қош. Біз мұның бәрін неге айтып отырмыз? Қазақтың жас жігіттері «Электронды қазақ үй» жобасын қолға алып, ел игілігіне жұмыс жасай бастады. Бәріміз ел-жұрт болып бұл жобаны қолдасақ керек еді. Бірақ, бұл жоба тағы да қазаққа емес, тек әлгі шыр-пыр болып жүгіріп жүрген ат төбеліндей жастарға ғана керек дүниедей тым-тырыспыз. Әрбір қазақтың төрінде тұруы тиіс электронды киіз үй емес пе, тәйірі? Неге дейсіз бе? Айталық. Электронды киіз үйді алып сәбиіңізге ертегі тыңдатыңыз, қазақтың ғажайып ән-күйімен бөбегіңізді әлдилеңіз. Ес біле бастаған болса, Абайдың қара сөздеріне құлақ түргізіңіз. Оның бәрін қайдан алам дейсіз бе? Киіз үйдің ішінде балаларыңыз түгіл, өзіңіздің жан сарайыңызды жадыратып, рухани нәр беретін азық баршылық. Абай айтыпты: «Жүректе оты жоқ адамда ми болмас» деп. Жүрекке от беретін дүниенің бәрі де электронды киіз үйде тұнып тұр. Әріптесіміз, жас ақын Тоқтарәлі Таңжарық жоба туралы былайша тебіреніп жазған екен: «… Әуелі 150 ертегі бар. Даусын барша қазақ танитын диктор апамыз Сауық Жақанова мен Әуезов театрының белгілі актері Айдос Бектемір оқыған. Ертегіден кейін 167 балалар әні шырқалады. Бала кезімізде айтқан, тыңдаған әндерден бастап, бүгінгі композиторлардың да туындысы енген. Бұдан кейін күмбірлі күйлер төгіледі. 315 домбыра күйін құлақ құрышыңыз қанғанша тыңдаңыз. Тебіреніңіз, толқыңыз, шаттаныңыз… Ал 20 қобыз күйіне зер салсаңыз, өксімей, боздамай тұра алмайсыз. Талғат Мұқышев бастап, басқа да күйшілер нақышымен сыңсытқан 20 сыбызғы күйі адамды «ақын боп кетуге» итермелейді. Жетіген, адырна, шаңқобыздармен орындалған 12 күйдің жөні бөлек. 114 халық әні, халық әнші-композиторларының 202 әні, 62 терме-толғау… Көкірегіңнен әлдеқашан тамшы боп үзіліп кеткен эстетикалық ескі (бәлкім жаңа) түйсік әлдеқайдан қайта титімдей құсқа айналып ұшып келгендей әсерге бөленесіз. Отаншылдық рухтағы 26 әнді тыңдап, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» демей тұра алмайсың! Бұдан соң бесік жырының 7 нұсқасын тыңдаңыз, жас аналарға тыңдатыңыз, өкінсеңіз, арғы қолыңызды бері әкеліңіз! Ең соңында Абайдың 45 қара сөзін естіп, ақын толғаныстарына ой көзімен барлайсыз». Не керек, мұнда жалпы1200 шығарма топтастырылған.
Киіз үйге көне түрік дүниесінің (қазақтың) барлық ғаламат дүниетанымы сыйып тұр емес пе? Ал енді сол «кіші әлемнен» ән, күй, ертегі, бесік жыры, Абайдың қара сөздері «құлаққа жетіп, бойды алып» тұрса, одан артықты аңсаудың қажеті де жоқ шығар… Айтыңызшы, балалардың қуанышына не жетсін?! Оларға рухани нәр беру материалдық игіліктерімен қамтамасыз етумен пара-пар, тіпті бүгінгі азып-тозған қоғам межесімен қарағанда одан да жоғары тұрған кез келген ата-ананың парызы емес пе? Тек балалар үшін емес, өзіміз үшін керек екен. Шаршап, қажығанда сазбен тербетіп, қуат пен шуақ сыйлайтын, еңсе түскенде бойға рух бітіретін «Ұластың» бұл өнімі әрбір қазақтың үйінен табылса ғой, шіркін! Ғалымбек Қызырбекұлы, Жарқын Сәленұлы тәрізді бастамашыл, табанды азаматтардың жұлдызы жоғары, мерейі үстем бола берсін дейміз!
Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымының докторы, профессор:
– «Қазақ боламын» деген ұрпақ өзінің тілін, фольклорын білмей, әдебиеттерін оқымай, мәдениетін қадірлемей еш уақытта көздеген мақсаттарына жете алмайды. Электронды киіз үйдегі ертегілер мен жырлар қазақтың жас ұрпағын ұлттық дәстүр жолына түсірері анық.
Арман ӘУБӘКІР
http://www.turkystan.kz/kz/news/view/54039