АЛТЫНОРДА
Новости

Әр салада қазақ менталитеті ескерілсе…

Еліміздің экономикалық даму қарқыны өрісімізді кеңейтті. Анығын айтсақ, алыс-беріс, барыс-келіс көбейді. Бұдан 20 жылдай бұрын Достық бекетінің ашылып, Қытаймен сауда басталғанына шексіз қуансақ, енді әлемнің түкпір-түкпірінен Қазақстанға және Қазақстаннан әлемнің түкпір-түкпіріне Қазақстанның тауарлары ағыл-тегіл өтіп жатыр. Осының бәрі жолдарға «түсетін күш» екені баршаға белгілі. Сондықтан да Елбасымыздың ерекше тапсырмасымен халықаралық маңыздағы жолдар торабы кеңейтілді. «Ұлы Жібек Жолы» бұл кеңейту ауқымын тіпті өсіріп жібергендей. Өйткені Қазақстан мақсаты Қытай жақтан Батысқа, Батыстан Қытай жаққа өтетін транзиттік жүк тасымалы дәлізі болу арқылы да қосымша және қыруар пайда тауып, елдің жағдайын одан әрі жақсарту. Қысқасы, мақсат – айқын, атқарылатын істер ауқымы белгілі.


Халықаралық маңызға ие жол­дар құрылысына халық­ара­лық мамандар қатыстырылып жатқаны белгілі. Бұл дұрыс та. Жалпы, біз халықаралық маңыз­ды нысандарды әлемдік атағы бар мамандар күшімен жобалап жү­зеге асыруды ерте бастадық. Ас­танамыздың бас жоспарын әлем­ге танымал жапондық жасап бер­ді деп мақтанамыз. Сондай-ақ Алматы – Бішкек автокөлік жо­лын да түркиялық маман­дан­дырылған фирма жүзеге асыр­ғанын білеміз. Қысқасы, нағыз өз ішінің мамандарын үлкен істі атқаруға қатыстыруға келгенде біз дұрыс бағытта алға жылжып бара жатқан мемлекет болдық. Дегенмен осы «әлемдік беделге ие» деген теңеуден өз басым «се­кемдене беремін». Себебі бар. Ал­дын ала айта кетейін, «әлемдік бе­делге ие» мамандардың кәсіби бі­ліктілігіне дау жоқ. Бірақ олар­дың «қазақтың жанын түсін­бей­тіндігі» кейінгі өмірімізден кө­рініс тауып, өкіндіріп жатады. Сө­зімізді дәлелдейік.

Астана мысалы

Астанамыздың Қазақстан Рес­публикасын құрушы ұлт Көш­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тамаша туындысы екені әлем мойындаған ақиқат. Елбасымыз бас қаламызға ерекше маңыз бергені соншалық, оның бас жоспарын жасауға ха­лықаралық бәйге жариялап, сол бәйгеде жапондық маман жеңіп шықты. Маман өзінің талантты тұлға екенін іс жүзінде танытты. Бүгінгі Астанамыздағы ғима­рат­тар архитектуралық жағынан өзі­міз түгіл ең сарабдал шетелдік сыншыларды да риза еткендей. Қысқасы, Сарыарқа төсінде мей­лінше қысқа мерзім ішінде  әлем­ді таңғалдыратын тамаша қала өмірге келгені даусыз ақиқат.
Бұл – үлкен жетістігіміз. Осындай «үлкен жетістікпен» бір­ге бір «үлкен өкініш» ере кел­ген сыңайлы. Мұны кейініректе ресми тұлғалардың өздері де ашық­тан-ашық мойындады. Ол бас жоспар жасаушының «қазақ жанын» түсінбегендігі еді. аны­ғын айтсақ, бас жоспар 500 мың тұрғынға лайықталған екен. Астананы мекендейтіндер 10 жыл­дың ішінде бұл көрсеткіштен асып кетіпті. Қазір ол миллионды алқымдап қалғандай. Бұдан шы­ғатын қорытынды, Астананың бас жоспары қазаққа «тарлық ете­ді» деген сөз. Мұны басқалар тү­гіл Астана қаласының әкімқа­ра­лары да толық түсінгендей. Қа­зір кеңейту шаралары қолға алы­нып жатыр. Себебі көлік кеп­телістері, соның салдарынан бо­латын жол оқиғалары, кей кез­дері тіпті кісі өлімдері көбейіп кет­кен. Міне, «қазақ жанын тү­сін­бегендіктің» салдары осы.

Халықаралық жолдар ақиқаты

Егемендік алған соң-ақ Елба­сы­мыз «өрісті кеңейтумен» айна­л­ыс­ты деп айтып кеттік қой. Со­ған сәйкес Қытаймен арадағы «Достық» бекеті жұмыс істей бас­тады. Бұл өзі келмеске кеткен Кеңес Одағы тұсында жоба­ланып, екі елдің басшылары ара­сындағы түсініспеушіліктің сал­дарынан аяқталмаған, сон­дықтан мүлде жұмыс істемеген бір игіліктің бастауы болатын. Сол игілікті ұлт Көшбасшысы мем­лекет бюджетіндегі қаражат тапшылығына қарамастан қысқа мерзімде құрылысын аяқтап, жұмыс ырғағына көшірді. Қы­таймен арадағы ынтымақтастық, толық түсіністік, соған сәйкесті алыс-беріс, барыс-келіс уақыт оз­ған сайын ұлғая түсті. Демек, бе­кеттегі екі мемлекет шекара­сынан өтетін жол арнасы ұлғайту­ға мұқтаж болды. Солай жаса­лын­ды да. Десек те, жылына 15-20 миллион тонна жүк өткізе алатын осы бекеттің мүмкіндігі Қазақ­стан мен Қытай арасындағы эко­номикалық байланыс сұ­ра­ныс­тарын толық қана­ғат­тан­дыра ал­мады. Бекетте кептелістер пай­да болды. Ақыр аяғында ұлт Көшбасшысы Қорғастан жаңа темір жол бекетін ашуға ар жақ­тағылармен келісті. Сөйтіп, Же­тіген – Қорғас темір жол тора­бы са­лынды. Қытай – Қазақстан таяу­дағы он жыл ішінде ғана эко­номикалық жағынан ең кемі екі есе өсуді жоспарға енгізген елдер. Демек, қазір қажетімізді толық өтеп тұрған бұл бекеттің өткіз­гіш­тігі де ертеңгі күннің сұраны­сына жауап бере алмай қалуы әб­ден мүмкін. Бұл жағын тиісті қыз­меттегі мырзалар шеше жа­тар. Енді екінші мысалға тура тар­тайық.

Екінші мысалымыздың басты нысаны – Алматы – Бішкек ав­то­кө­лік жолы. Бұл халықаралық маңызға ие күретамыр болған­дық­тан, оны түркиялықтар  жоба­лап салған болатын. Жол қаже­тімізді алғашқыда толық өтеді. Десек те, зымыран уақыт қана­тын­­да алға жылжып өсімге ұм­тылған экономикалық әлеует бұл жолдың да сұранысты толық қам­тамасыз ете алмайтынын көр­сетті. Біріншіден, Қордайдағы кеден бекетінде әрі-бері өтушілер бірнеше сағаттап кезекті сарыла кү­тетін болды. Кептеліс деген сол. Мұнда да «қазақ менталитеті» ес­керілмегені көрініп тұр. Айт­қандай, осы жолдың Алматыдан шығатын сағасы қаламыздағы кептелістің қоздырушы виру­сындай күшке ие десем, артық айт­қандық емес. Кептеліс осы са­ғада басталып, ақыр аяғы бүкіл қаланы «жайлап алған» деуге бо­лады. Мұндағы кептеліске қала басшылары да кінәлі деуге бо­лады. Өйткені Алматы айнала­сы­нан базар ашатын жер таппа­ған­дай толып жатқан базарды, оның ішінде көлік базарын дәл осы жол бойында ашуды заңдастыр-ған қала басшылығы ғой. Оған бара­тындар сағадағы жағдайды шие­леністіре түседі. Әрлі-берлі жүр­гін­шілер өтуі де кептелістің ту­­ғызу­шысы. Қысқасы, «қазақ мен­талитеті» бұл жерде де еске­ріл­меген. Уақыт – өмірдің ең ба­ға жетпес құндылығы. Сол баға жетпес құндылықты кептеліс­терде жоғалтып жатсақ, рахат өмірге қалай қол жеткіземіз?

«Қазақ менталитеті»

Шетелдіктерден қанша кітап оқысақ та «жарлы бай болсам дей­ді, бай құдай болсам дейді» деген мақалды кездестіре алған жоқпыз. Бұл біздің қазақта ғана бар, қазақтың шын бет-бейнесін, менталитетін көрсететін мақал ма деп ойлаймын. Шын мәнінде дүниеауи бәсекелестік дегенде алдымызға жан салмайтын ұлт болдық. Абайдың Жидебайда са­ман үйде тұрғанын ұмытқан бү­гінгінің «ұлы ақын-жазушы» мен «жаңа қазақтары» сарайлар соқ­тырып, бір-бірімен бәсекеге түс­кен. Солардың бәсекесінен қал­сын ба, қалың бұқара және қо­­сылды. Ақыр аяғында «қазақ мен­талитеті» «әр шаңыраққа бір ма­шина» деген ұранмен жұмыс іс­теуге көшкендей. Ойлап қа­раңызшы, Алматы тұрғын­дары­ның саны 2 миллионға әлі жете қой­ған жоқ. Десек те, ресми де­рек бойынша осы қаламызда күн сайын «жолға шығатын» авто­көлік саны 500 мыңнан асқан екен. «Әр шаңыраққа бір ма­ши­на» бәсекесінің бізге бергені осы – қала көшелеріндегі ұшы қиыр­сыз кептеліс. Қала әкімшілігі кеп­телісті азайтамыз деп жолай­рықтар сала бастады. Келе-келе олар көбейді. Қазір қалада бір жолайрығы жоқ көше  кемде-кем шығар. Біздің пайым­дауы­мызша, бүкіл қиылыстарда жол­айрық салып шықсақ та, Ал­­­матыдағы көлік кептелісін азайта алмаспыз. Өйткені «қазақ мен­талитеті» күні ертең «әр тұрғынға бір машина» деп шыға келмесіне кім кепіл. Иә, қазақ менталитеті, қазақ жаны сондай бәсекешіл. Бір-бірінен озуға ұмтылады. Міне, осы жағы біздің халық­ара­лық  мамандарымыздың жоба­ла­рында ескерілуі керек.

Халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік тасымал дәлізін құдай қаласа таяу болашақта аяқтаймыз. Бұл жөнінде жол құрылысы қарқынының айтарлықтай екендігі жайлы, сапасына да көңіл толған хабарлар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланатын болды. Мұның сыртында «Нұр Отан» ХДП белсенділері жол құрылысының ұзына бойына өз тексерушілерін қойғандай. Құптарлық іс. Өйткені бұл «көз алдауға жол бермейтін» халықаралық маңызы бар ерекше нысан. Біз әрине, жол құрылысының қарқыны мен сапасына сондықтан да сын айтудан аулақпыз. Сенеміз. Десек те, осы және басқа да халықаралық маңыздағы жол құрылысы нысандарында «қазақ менталитеті» ескерілсе екен деген ұсыныс жасамақпыз. Өйткені қазір Қазақстанда 3 миллионның сыртында жекеменшік автокөлік бар деген ақпаратқа сенсек, енді он жыл ішінде көрсеткіштің ең кемі екі есе өсетініне де сеніміміз мол. Ал уақыт өте келе бұл көрсеткіш 10 миллионға жетуі де ғажап емес. Өйткені екі қазақстандықтың бірі автокөлік мінетін күн туары анық. Қазір ақшаның мәз болмай тұрған кезінің өзінде «машинаны несиеге алып», сол несиесін төлеуге келгенде қиналатынына қарап жатпаған біздің қазақ ертең жалақысы «көтеретін» жұмыстар көбейгенде жекеменшік машина иелену бәсекесін сонда көреміз. Демек, ертеңгіні бүгін ойласақ, әлгі салынып жатқан халықаралық жолдарымызда транзиттік тасымалға кептеліс болмауы үшін де жолдардың өткізгіштік қабілетін мейлінше үлкен сараптан екшеуге тиіспіз. Ол үшін былай істеген жөн шығар:

1. Әрбір елді мекен тұсынан өтетін халықаралық транзиттік тасымал дәлізі бойында елді мекендерден күре жолға түсетін автокөліктердің трассадағы қозғалыс үстіндегі көліктерге кедергі келтірмеуін қарастыру керек. Өйткені әлгі елді мекендерден негізгі күре жолға «түсушілер» саны жыл озған сайын өсе береді. Ауылдардың өзінде автокөлік көбейері сөзсіз.

2. Екіншіден, транзиттік күретамырдағы негізгі аялдамалардан ас ішіп, демалып, техникасын тексеруден өткізіп, май, су құйып шығатын халықаралық тасымал көліктеріне қызмет көрсететін «алаңдар» кең болуы тиіс. Олардың қайтадан негізгі
күретамырға түсуіне көп уақыт кетпейтіндей жағдай жасалуы керек.
Біз екі-ақ ұсыныс жасадық. Осылардың өзі көп қаражат шығындауды, көп қосымша жұмыс атқаруды қажет етеді. Өйткені күре жолдың бойында негізгі аялдамалар болып саналмайтын елді мекендер жеткілікті. Солардың бәрінен де транзиттік тасымал жолына «түсетін» отандастар көлігін дәл қазір есептемек түгіл болжап айту қиын. Өйткені «қазақ менталитеті» ұдайы бәсекеде болатын бір ұшқыр құс. Сондықтан бүгін халықаралық тасымал жолдарында «қазақ менталитеті» ескерілсе екен деген ұсыныспен бұл мақаланы да аяқтайық.

Таңшолпан БЕКБОЛАТ

http://www.aikyn.kz