Арақ ішуден алға шығып тұрғанымыз мамандарды ғана емес, Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып тұр. Жақында араққа деген алғырлығымыздың тіпті Мәжілістің мінберінде сөз болып, арнайы депутаттық сауалға арқау болуы мәселенің күрделілігін аңғартса керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының спирт ішімдіктерін тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргізген арнайы зерттеуінде Қазақстан 188 елдің арасынан 34-орыннан көрінген. Орталық Азия елдерін сараласақ, бұл тізімде Қырғызстан – 106-ыншы, Түрікменстан – 114-інші, Өзбекстан – 131-інші, ал Тәжікстан 134-орыннан көрінген. Тіпті 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзі жүргізілген мониторингіде 95-орында тұр.
Дәл қазіргі таңда жан басына шаққанда еліміздегі әрбір азамат шамамен 30 литр сыра, 11 литрге жуық спирт тұтынады екен. Осыдан кейін халқымыз уланып жатыр демеске шара жоқ. Алайда ұлтымызға төніп тұрған қауіптің алдын алу шаралары көңіл көншітпейді. Қала ішінде оңды-солды ілінген сыра мен арақ-шараптың жарнамасынан көз сүрінеді. Олардың бағасы да қолжетімді. Тіпті соның өзіне ақшаң жетпесе, арақ-шарап өндірушілер сыртқы түрі 50 грамдық қырлы стакандай, мөлшері де ақшасына сай түрлерін ойлап тапқан. Әсіресе жаз мезгілінде теледидардың кез келген арнасынан сыраның сан түрінің жарнамасы үздіксіз беріледі. Тіпті қымызханасы жоқ Алматы қаласында 500-ден астам сырахана бар екен. Сағат 23:00-ден 08:00-ге дейін алкоголь сатуға заң жүзінде тыйым салынғанына қарамастан, елімізде спирт ішімдіктері тәулік бойы сатылу үстінде. Сауда орындары спирт ішімдіктерін кәмелетке толмағандарға сатудан да тартынар емес. Осыдан кейін сырамен ауызданған ұрпақтың араққа ауыз салуына өзіміз жол беріп қойғанымызды ұғуға болатын секілді. Тіпті еліміздегі ішімдікке әуестенушілер қатарының жыл өткен сайын жасарып бара жатқаны да ішімдікке қатысты тыйым мен тәртіптің осалдығынан болса керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қағидасы бойынша ішімдіктің зияндылығы темекінің адамға тигізетін зиянымен пара-пар, ал есірткінің зияндылығымен салыстырғанда, бес есе артық екен. Себебі орын алатын қылмыстардың 40-50 пайызы ішімдік ішу салдарынан жасалатын көрінеді. Соңғы бес жыл көлемінде ішімдік кесірінен 12 мыңға жуық адам қайтыс болса, 210 мыңға жуық адам маскүнем ретінде наркологиялық диспансердің есебіне алынған.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Ерген ДОШАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шекті деңгейі жылына сегіз литрден аспауға тиіс деп есептеген. Одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тіпті құрып кетуіне әкеліп соғатын көрінеді. Сондықтан еліміздегі маскүнемдікпен күресті дереу күшейту керек. Ең алдымен, спирттік ішімдіктерге акциздерді арттыру арқылы алкогольды қымбаттатып, халықтың, әсіресе жастардың оған қолы жетпейтіндей жағдай жасау қажет. Егер елімізде 2012 жылдың есебімен алғанда, бір литр этил спиртін дайындау кезінде акциз түрінде 60 теңге өндіріп алынатын болса, Ресейде бұл мөлшер 163 теңгеге жуық, ал Белоруссияда 380-432 теңге аралығында. Елімізде жарты литрлік араққа акциз 100 теңгені құрайды. Ал Ресей мен Белоруссияда бұл көрсеткіш одан 2,5 есе жоғары. Сыра өнімдері бойынша да осындай жағдай байқалады.
Сондай-ақ мәжілісмен келтірген деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда ащы судың кесірінен орын алған қылмыс саны екі есеге өсіп,13 мың факті тіркелген. 330 мың жүргізуші мас күйінде көлік тізгінін қолға алса, олардың қатысуымен 1814 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алған. Сондай-ақ мамандар қазіргі таңда шектен тыс көбейіп кеткен энергетикалық сусындарға деген жастардың қызығушылығы артып бара жатқанына да алаңдаулы. Өйткені сырт көзге энергетикалық сусындар деп аталып жүрген сулардан жасөспірімдер денсаулығына келер зиян айтарлықтай болып отыр. Осыған қарамастан көшеде энергетикалық сусындарды қолынан тастамай жүріп ішетін жасөспірімдер саны күн өткен сайын артуда. Бүгін қолына энергетикалық сусыны бар бөтелке ұстап жүрген жасөспірімнің ертеңгі күні сыра ұстайтынын, ал уақыт өте ішімдікке әуес болып кететіні айтпаса да түсінікті.
Белгібай ШАХМЕТОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасының профессоры:
– Алкоголь өнімдерін белгіленген шамадан артық тұтыну қоғамға үлкен қауіп төндіретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қазіргі кезде жастардың елеулі бөлігі сыраға тәуелді. Біз мүмкіндігінше ұрпақ денсаулығына кері әсер ететін зиянды әдеттерді жарнамалаудан сақ болуымыз керек. Есесіне, ұлтымыздың, ұрпағымыздың денсаулығына пайдалы қымыз, шұбат секілді сусындардың қолжетімділігін арттырып, насихатын да күшейтуіміз керек. Ер-азаматтарымыз тұқымын тұздай құртатын сыра мен арақ-шарапқа әуестенгенше, денсаулығына пайдалы қымыз бен шұбат ішкені дұрыс. Біз осыны ұлтымыздың санасына сіңіруіміз қажет.
Ақмарал ДОСХАНОВА, этнограф:
– Ұлттық сусынымыз болса-дағы біз қымыздан ажырап қалғанбыз. Адамзат тарихында қымыздай элексир зат жоқ. Қымыздың адам ағзасына ұшан-теңіз пайдасының көп екенін ұққан әлем ғалымдары қазір қымыз бен шұбатты түрлі әдіспен өздеріне тартуға тырысуда. Егер еліміздегі қымыз өндірісін дұрыс жолға қоя алсақ, сыра мен араққа кетіп жатқан ақша ауылға ағылар еді. Және ұлтымыздың денсаулығының күшеюіне де ықпал етер едік. Сондықтан қымыз бен шұбат өндірісін дамытып, ұлттық сусынымыздың қолжетімділігін арттыру үшін арнайы бағдарлама қабылдасақ та артықтық етпес еді. Тіпті қымыз бен шұбатқа деген осы бетбұрыс оның ұлттық брендіміз ретінде танылуына да жол ашар еді.
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
http://alashainasy.kz/main/40095/