АЛТЫНОРДА
Новости

Арақ iшуден де алға шықтық

Өз-өзiне қол жұмсау, яғни суицидтен әлем бойынша екiншi орынға көтерiлген Қазақстан арақ iшуден де алға шықты. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының спирт iшiмдiктерiн тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргiзген арнайы зерттеуiнде Қазақстан 188 елдiң арасынан 34-орыннан көрiнген. Орталық Азия елдерiмен салыстырсақ, бұл тiзiмде Қырғызстан – 106, Түрiкменстан – 114, Өзбекстан–131, ал Тәжiкстан –134-орыннан көрiнген. Тiптi 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзi жүргiзiлген мониторин­гiде 95-орында тұр. Бұл ненi көрсе­тедi?

Ұрпақтың азғындауына, ұлттың тамырына балта шабуға – арақ таптырмас құрал десек, қателеспеймiз. Елi­мiздегi әрбiр азамат жылына шамамен 30 литр сыра, 11 литр­ге жуық спирт тұтынады екен. Кез келген мейрамхана, кафелердiң есiгiн ашып қарасаңыз, сыраны судай сiмiрiп, арақты аранына ақтарған жас­тарды байқайсыз. Алайда тек қана жастар емес, шашына ақ кiрген ата-апаларымыз да бұл жерлерден көптеп кез­десетiнi өкiнiштi. “Арақ атаңнан қалған ас емесiн” бiлсек те, осы жындысуға қа­зақстан­дықтардың үйiрсектiгi алаңдатады. Қолжетiмдi бағамен сатылатын сырадан көңiл кө­те­рудi бастайтын азаматтарымыздың соңында отбасыларын ойрандап, шаңырақтарын ортасына түсiргендерi қаншама. Дүниежүзiлiк ден­сау­­лық сақтау ұйы­мы­ның қағидасы бойынша iшiмдiктiң зиян­дылығы темекiнiң адамға тигi­зетiн зия­нымен пара-пар, ал есiрткiнiң зиянды­лығымен салыстырғанда, бес есе ар­тық екен. Себебi орын алатын қылмыстардың 40-50 пайызы iшiмдiк iшу салдарынан жа­салады. Соңғы бес жыл көле­мiн­де iшiмдiк кесiрiнен 12 мың­ға жуық адам қайтыс болса, 210 мыңға жуық адам мас­күнем ретiнде наркологиялық диспансер­дiң есебiне алын­ған. Жалпы, дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шектi дең­гейi жы­лына сегiз литрден аспауға тиiс деп есеп­тейдi. Ал одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тiптi құрып ке­туiне әкелiп соғады дейдi мамандар.
Соңғы бес жылда арақтың кесiрiнен болған қылмыс саны екi есеге өсiп,13 мың фактi тiркелген. 330 мың жүргiзушi мас күйiнде көлiк тiзгiнiн қолға алса, олардың қатысуымен 1814 жол-­көлiк оқиғасы тiрке­лiп, соның сал­дарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әртүрлi жарақат алған. Қарап отырсаңыз, осы бiр бөтелке арақтың кесiрiнен елiмiзде әрбiр сағат сайын бiр қылмыс тiркелетiн жағдайға жеттiк. Iшiмдiкке сылқия тойып алып, өз баласын өлтiрген, мас күйiнде өз ата анасына күш көрсеткендер саны артпаса, кемiмей отыр. Теледидарды қоссаңыз, күнделiктi ақпараттар ағынынан қазақ елiндегi әрбiр екiншi қылмыстың арақтың “араласуымен” жасалатынын мойындайсыз. Осыған қарап, жоғарыдағы шендi-шекпендiлердiң жайбасарлығына ерiксiз қынжыласыз. Осыған дейiн бiрне­ше рет арақ-темекiге қатысты мәселе мiнберлерде көтерiл­ге­нiмен, сол күйi қалып қойды. Ұлттың ертеңiн қалыптастыру бүгiннен басталатынын ескерсек, қо­ғамда қолына стақан ұстап тәлтiректеген­дердiң саны арт­қан сайын ертеңiмiз де сағым­ға айнала бермек.
С.ДӘУРЕНБЕК.
http://zhasalash.kz