Халқымыз ежелден ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынастың беріктігіне айрықша мән берген. Ағайын арасының ауызбірлікті болуы сол әулеттің беделін арттырған. Өмір жолының соқтықпалы, соқпақты болып келетіні белгілі. Сол бұралаңы мен бұлтарысы көп өмір жолында небір қиын сәттер болып жатады. Осындайда «көппен көрген ұлы той» қағидасын ұстанған қазақ халқы ағайын-туысқа қол ұшын беруге асық болған. Қашанда ағайын-туыстың қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтаса білген қазақ бүгінде сол үрдістен қол үзіп бара жатқан секілді.
Бұрындары үй салғанда, үйге күрделі жөндеу жүргізгенде ағайын кісілер жабыла көмектесіп, талай шаруаны тындырып жататын. Әсіресе, қыз ұзатып, келін түсіргенде, құда күтіп, той жасағанда туыстан артық жанашыр жоқ еді. Ал бүгінде әркім өз қотырын өзі қасып, өз жыртығын өзі жамаған заман туғандай. Ағайынның арасын алшақтатқан той-томалақтың бұрынғыдай ауылда, есік алдында, аулада емес, жаппай тойханаларда өтетіндігінің де әсері жоқ емес. Әйтпесе абысын-ажындардың абыр-сабыр болып, ас дайындауы, ағалы-інілер мен күйеу балалардың мал сойып, бірлесе үлкен іс тындырып жататын жері сол той-томалақ, әртүрлі қуанышты басқосулар емес пе?
Бүгінгі нарық заманында туыстардың арасына сызат түсіретін жағдайлар да жоқ емес. Ел арасында несиеге үй, қомақты қаражат алып, кепілге туыстарын куә етіп қойып, оның соңы араздасуға алып келіп жатқан жағдайлар бар. Мемлекеттік бағдарламамен берілетін баспананың дені кепілге екінші адамды куә етіп қою арқылы беріледі. Сонымен қатар елімізде қалаға көшу үдерісі жүріп жатқандығының да әсері жоқ емес. Нағыз қазақы қонақжайлықтың қайнар бастауы – ауыл десек, қаланың көпқабатты тар үйлеріне ағайын-туыстың басын қосып, жиі кездесіп тұруға мүмкіндік аз.
Құдайы қонақты былай қойғанда, Наурыз, Айт секілді айтулы мейрамдарда ағайын-туысқа баруды қойдық десе болады. Тіпті бір-біріміздің үйімізге шақырусыз бармайтын жағдайға жеттік. Шындығына келгенде, бұл көпшілігіміздің отбасымызда бар жағдай. Мұның бәрін уақыттың тапшылығына, жұмысбастылыққа сілтеп, ақталамыз. Әйтпесе, ай мен күннің аманында бұл қазаққа не сылтау керек? Өмір бойы өкіметке қызмет еткен ата-анамыздың әңгімелеріне құлақ ассақ, алыс-жақын ағайын-туыспен етене араласқан. Көліктің жетімсіздігіне қарамастан, жаңа түскен келіннің бетін ашуға, қайтыс болған адамның жерлеуіне асыққан. Ал бүгінде жұмыстың қауырттылығын, уақыттың жоқтығын желеу қылған біз «түскен келінді тойда көрерміз, ағайынның қайғысына қырқында немесе жылында ортақтасармыз» деп аптаны айға, айды жылға қосып, уақытты созып жүре береміз. Әрине, «қуаныштың ерте-кеші жоқ» немесе «көңіл көрген жерде» деген тағы бар. Бірақ мәселе сол біздің жұмысбастылығымызда немесе уақыттың тапшылығында емес секілді. Меніңше, біз айналадағы жағдайдың бәріне самарқау қарайтын болдық. «Ағайынмен алыстан аралассаң, мейлінше сыйлы боласыңды» желеу қылып, анда-санда көрісуді жөн көреміз. Оған теледидардан тоқтаусыз көрсетіліп жатқан корей, үнді, түрік, ресей телехикаяларының да әсері жоқ емес. Әрқайсысы өз өмірін, өз өмір салтын барынша насихаттауға тырысып бағатын сол телесериалдарды көріп, өз өмір салтымызды ескермей жатқан секілдіміз. Мысалы, көрермендер әнебір жылы көрсетілген отандық өніміміз «Ағайындылар» телехикаясын жылы қабылдады. Бұл туындыда бауырлар арасындағы қарым-қатынас, ата-анаға деген құрмет, қазақтың құда түсу, беташар секілді салт-дәстүрлері жақсы бейнеленген. Осындай туыстық қатынасты берік қыла түсетін, халыққа берері көп дүниелер көптеп түсірілсе, ата-ана, бауырдан баз кешіп, араласуды сиреткен адамдарға ой салатыны хақ.
Кейде алыстан ат арылтып келген туыстармен көшеде кездесіп, көшеден тарасуды жөн көріп жатамыз. «Араласпаса ағайын жат» деген қазақ. Осылай заман талабына сай өмір сүреміз деп жүргенде, өзіміздің ұлттық бет-бейнемізден айырылып қалмасақ болғаны.
Арна ЖҰМАТАЙ