АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Аралды құтқару – адамзатты құтқару

аралШалқып жатқан шалқар теңіздің суы ернеуінде ғана қалды. Айнала ақ тұздың алқабына айналды. Құмның арасында балықшының құрал-жабдығы желмен көлбеңдейді. Теңіздің табанына тұрақтаған кемелердің қаңқасы ғана қалған. Кеше ғана суы толқындап, нуы жайқалған берекелі мекеннің бүгін мерекесі тарқап тұр. Адамдар үдере көшуді үрдіске айналдырды. Балық кеткен соң халықтың тұрақтамайтыны да белгілі ғой. Бұл – Аралдың өткен бейнесі еді.

Аралдан ұшқан ақ тұз Антарктидаға жеткенде бұл біздің проблемамыз ғана емес еді. Тұтас әлемнің бас ауруына ай­нал­ған. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев үлкен бастаманы қолға алды. Ол – САРАТС жобасы болатын. Яғни Аралды қайта қалпына келтірудің кешенді жұмысы. Аталған жобаның алғашқы фазасында Кіші Аралға су келді. Сумен бірге өмір орнықты. Президенттің тікелей мұрындық болуымен бүгінде Арал өңірінің ажары кіре бастады. Ал 1993 жылы Халықаралық Аралды қорғау қоры құрылды. Қорды құруға Қазақстан бас болып, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты бауырлас мемлекеттер тізе қосты. Соның нәтижесінде талай тірліктің басы қайырылды. Атан түйенің белі шыдамас жұмыстар атқарылды.

Халықаралық қордың құрылғанына би­ыл жиырма жыл толды. Осы орайда қор­ға мүше мемлекеттердің өкілдері мен ха­лық­аралық ұйымдардың мүшелері, елшілік қыз­меткерлері, эколог мамандар Қызылорда облысына арнайы келді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі бастамасына орай Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде су ресурстарын басқаруды интегралдаудың озат тәжірибесінен хабардар болуды арттыру» тақырыбында мәжіліс өткізді. ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы орталығының жетек­шісі, елші Наталия Зарудна, сондай-ақ БҰҰ ДБ өкілдері, су мәселелері жөніндегі халық­аралық жобалардың сарапшылары, бассейндік басқармалардың қызметкерлері қатысты.

Халықаралық Аралды құтқару қоры мен ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы бірлесіп өткізген шараны ашқан атқару дирекциясының директоры Медет Оспанов қазіргі таңда қолға алынып отырған жобаларға тоқталды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Басқармасының кеңесшісі Дархан Нұрсадықов Сыртқы істер министрінің, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқару комитеті төрағасының орынбасары Демесін Нұрмағанбетов Су шаруашылығы комитеті төрағасының ыстық ілтипаттарын жеткізді. ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының жетекшісі, елші Наталия Зарудна Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде су ресурстарын басқаруды интегралдау жобасы жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Шара барысында қордың атқару дирекциясының директоры Медет Оспанов саланың жұмысына елеулі үлес қосқан бір топ қызылордалық ағайынды қордың 20 жылдық естелік төсбелгісімен марапаттады. Дөңгелек үстел отырысы одан әрі пленарлық мәжіліске жалғасты. Онда тәуелсіз сарапшы Игорь Петраков «Жасыл» экономикадағы су секторын ілгері жылжыту жолдары», тәуелсіз сарапшы Александр Мирошниченко «Жасыл» экономикадағы су ресурстарын басқару: бассейндік корпорация және тарифтер», ұлттық стратегия жөніндегі БҰҰ ДБ жобасын үйлестіруші Талғат Кертешов «Жасыл» экономикаға табиғи капитал арқылы» тақырыбында баяндама жасады.

Халықаралық шараның бағдарламасы бойынша бірінші сессияда «Кіші Арал мен Сырдария өзенінің сағасындағы судың сапасы», екінші сессияда «Жасыл экономикаға өтудің негізі – су жинақтайтын технологиялар» тақырыбы талқыланса, ал үшінші сессияда өңіріміздегі бірқатар объектілердің тұсаукесері өткізілді. Дөңгелек үстел отырысында қаралған мәселелер қорытындыланып, оған қатысушылар үндеу қабылдады.

Шара соңында алыс-жақын шетелдер мен республикамыздың өзге өңірлерінен келген конференция қонақтары Қарауылтөбе тәжі-рибе шаруашылығының күріш алқаптары мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жылыжайында болып, жас өскіндердің күтіміне көз жеткізді.

– Бүгінгі күні де Арал мәселесі әлемдік маңызға ие. Жасыратыны жоқ, кезінде апаттың алдын алуда Одақ тарапынан нақты шаралар жүзеге асырылмады. Алайда егемендік алған Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Арал дағдарысымен бірігіп күресу жөнінде ынталылық танытты. Ал кейінгі жылдары қабылданған бағдарламалар аясында аймағымызда ірі жобалар жүзеге асырыла бас­тады. Соның бірі – жалпы құны 85,8 миллион АҚШ долларын құрайтын «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» ірі ұлттық жобасының бірінші кезеңі іске асырылды. Енді аралдықтар САРАТС-2 жобасының іске асырылуына үлкен үміт артып отыр, деді тәуелсіз сарапшы Нәжмадин Мұсабаев.

Қызылорда қаласында бастау алған іс-шаралар Арал ауданында жалғасты. Шет­елдерден, халықаралық ұйымдардан, еліміздің өзге аймақтарынан келген қонақтар Аралдың бүгінгі бет-бейнесін көздерімен көру үшін ауданға аттанды. Арал ауданына барар жолда делегация мүшелері Қармашқы ауданындағы Қорқыт ата кешеніне соғып, зиярат етті. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында қордың осы уақытқа дейін атқарған шаруалары туралы, ірі жобалардың атқарылу кезіндегі іс-әрекеттері жайлы, жалпы халыққа көрсеткен көмектері турасында көптеген әңгіме қозғалды. Аудан әкімі Мархабат Жайымбетов «Осыдан жиырма жыл бұрын Қызылордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының қатысуымен Арал мәселесіне арналған халықаралық жиын өткізді. Сол алқалы жиында өңірдің экологиялық зардаптарын жоюға қатысты нақты шаралар белгіленді. Нәтижесінде САРАТС жобасы ел сенімін ақтады. Кіші Аралға қайта су келді. Ал Халықаралық «Аралды қорғау» қоры көптеген істің оң шешімін табуына атсалысты. Осы қор арқылы елді мекендерге су таситын техникалар алуға, мектеп, балабақшалардың шағын бу қазандықтарын іске қосуға, ауруханаларда минералды сумен емдеу бөлімшелерін ашуға, «Ұлан» лагерін қайта жаңғыртуға, тартылған теңіздің табанына сексеуіл егуге, «Барсакелмес» қорығын кеңейтуге, «Қамыстыбас» балық питомнигіне қондырғы қоюға, коммуналдық шаруашылық кәсіпорнына арнайы автокөлік алуға қаржы бөлуге көмектесті. Алдағы уақытта САРАТС жобасының екінші кезеңі қолға алынғалы жатыр. Бұл жоба да кезінде Аралды құтқару қоры аса зор септігін тигізеді деген ойдамыз»,– деді.

Жиын барысында Аралды құтқаруға қатысты қадау-қадау тірліктің басы-қасында жүрген жергілікті азаматтар марапатталды. Одан кейін делегация мүшелері Қамыстыбас ауылында орналасқан «Ұлан» лагеріне барды. Бүгінде балалардың тынығу орнында 130 бала демалып жатыр екен. Біз жеткіншектердің жарысының үстінен түстік. Халықаралық «Аралды құтқару» қорының өкілдері де құр қол келмеген екен. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарын табыс етті. Келесі күні делегация «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тоспасында болды. Осы уақытқа дейін істелген жұмысты көзімен көрді. Бұрын Аралда бір ғана балықтың түрі болатын. Бүгінде балықтың түрі 22-ге жеткен.

– 1997 жылдан бастап осы қорда жұмыс істеп келемін. Экологиялық апатты аймақта өмір сүріп жатқан адамдар үшін талай жұмыстың жасалғанын көріп отырмыз. Орасан зор күш салынып істелген тірліктің нәтижесі көзге көрініп тұр. Жергілікті халық жақсы тұрмыс кешуге жақын екені де байқалады. Ауыз су жүйелері жүргізілген. Ел таза су ішіп отыр. Көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерген. Арал да, оның ауылдары да жақ­сы жағына өзгеріпті. Дегенмен, мұнымен тоқ­мейілсіп қалуға болмайды. Алда біз атқаратын, Арал теңізін құтқаруға қатысты жасайтын жұмысымыз әлі көп, – дейді Түркіменстаннан келген қонақ Құрбангелді Баллыев.

Жалпы, Көкарал бөгетін жасау үлкен тәуекелді қажет ететін жұмыс еді. Мұндай тәжірибе әлемде тек Америка мен Африкада ғана болған екен. Құмның арасынан осындай алып құрылыс салудың өзі ерлік екені даусыз. Бірақ САРАТС жобасының екінші кезеңінде осы Көкарал бөгетін жауып, бір дең­гейлі теңіз жасау керек деген ұстанымды қол­дайтынымызды жасырмаймыз. Неге? Был­тырдың өзінде Арал ауданының балықшы­ла­ры бөгеттен арғы бетке өтіп кеткен 150 мил­лион шабақты кері қайтарды. Есепсіз су Ұлы теңізге қарай кетіп жатыр. Ал балық пен су­дың қайда кетіп, қай жерде тоқтап жатқаны бел­гісіз. Әсілі, Ұлы теңіздегі құмға сіңіп жат­қан шығар. Ал Көкарал бөгеті жабылса, онда су да, балық та кіші Аралда қалар еді. Он­сыз да тірнектеп жинап жатқан су көлемі да­лаға кетпей, осында қалады. Екі деңгейлі теңіз жасауды қолдайтындардың барын да бі­леміз. Дегенмен, бұл басы артық бейнетке толы жұмыс. Жұмсалатын қаржы да, күтілетін нәти­жесі де бір деңгейлі теңізбен шамалас. Сон­дықтан артық жұмысты көбейтпей, бір дең­гей­лі теңіз жасауға бекіну керек деп ойлаймыз.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.