Оның бойындағы өмірге құштарлық, жігер, қайсарлық, күрескерлік рухы таңғалдырмай қоймайды. Он екі мүшесі сау адамның өзі төзе алмайтын сынақтарды мойынымен көтеріп келеді ол. Қиындыққа төзіп, ағысқа қарсы өршелене құлаш ұрып келеді. Өзі айтпақшы: «Шыдамсыздарға сабақ болсын деп, Алла оны бәлкім әдейі осылай жаратқан шығар…» Қазақтың қайсар ұлы Нұрмұхаммедпен таныстығымыз «Шабыт» фестивалінен бастау алған еді. Екі қол, екі аяғы семіп қалған, арбаға таңылған ақын сол жолы Алаш елінің әр түкпірінен жиналған жас шайырлармен бірге Астанадағы салтанатты сарайдың сахнасында өлең оқыған еді. Таңғалмаған, толқымаған жан қалмады. Таңғалдырғаны – өршіл өлеңдері ғана емес, тұла бойын құрсаулаған зілмауыр дертке берілмеген, жазмышқа қасқая қараған азаматтың қайсарлығы. Болмысы бөлек жанмен осыдан кейін жақын танысудың сәті түсті. Денсаулығы ақаулы азамат көп сөйлесе шаршап қалады. Бір-екі минут әңгімелескенде маңдайынан шып-шып тер шығып, қатты қиналды. Үзіп-үзіп алған сұхбаттан білгеніміз мынау: Нұрмұхаммед ата-анасының төртінші перзенті. Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылының тумасы Әбілқасымов Қанатбек пен Досбергенова Гүлзаданың отбасында Жадыра, Жәмила, Дінмұхаммед атты үш перзенттің соңын ала 1978 жылы тағы бір шақалақ келеді өмірге. Шаңырақты шаттыққа толтырған алтын асықтай ұлдың денсаулығы кінәратты екенін ата-анасы туғанынан үш ай өткенде сезген көрінеді. Баланың аяқ-қолының қозғалмағанынан қауіп қылған ата-ана дәрігерлерге жүгінеді. Сонда анықталады Нұрмұхаммедтің науқас екені. Жанұшырған ата-ана асығыс Алматыға аттанған. Алайда ол жақтағы ақ халаттылар көмектесе алмайды. Содан соң, Мәскеуге бет түзеген. Бірақ жазмыштың құйттай балдырғанға тап қылған дертіне медицина дәрменсіз болып шықты. Мидағы аяқ-қолдың қозғалысына нұсқау беретін талшыққа ауа жетпей, семіп қалыпты. Нұрмұхаммедтің екі аяқ, екі қолының сал болып қалуының себебі сол екен. Содан соң ғана ата-ана болған іске болаттай берік болудан басқа шарасы жоқ екенін түсінген… Аузыма ағаш тістеп өлең жаздым Иә, жастайынан арбаға таңылған Нұрмұхаммед қатарластырымен бірге құлын-тайдай құлдыраңдап, балалықтың бал дәмін тата алмады. Мектепке барып, білімнің қайнарынан сусындай да алмады. Осының барлығы һәм бойды буған дерт, бұл – жүрекке аса зор жүк екені хақ. Екінің бірі төзе алмас еді бұған. Нұрмұхаммед төзді. Тумысынан қайсар жан тағдыр қанша сынаққа салса да, үкілі үмітінен бір сәтке де теріс айналған емес. Зерек ұл мектепке бармаса да, арнайы сабақ алмаса да, өз бетімен ізденіп, сауатын ашқан. Естігенін қалт жібермей, зердесіне құя берген. Тісімен қалам тістеп, шығарма жазып, қылқалам тістеп сурет те салады. Сыртынан барлап отырып, шахмат, дойбының қыр-сырын да меңгеріп алады. Шахматтан облыста мүгедектер арасында өткен турнирдің 2012 жылғы чемпионы. 2011 жылы екінші орын алған. «Өнердің шығу тегі – трагедия. Трагедия бар жерде өнер де, өлең де өлмейді» дейді ғой. Маған күш-қуат беріп, төрт жылдың ішінде ақын атандырған, осы Алланың берген трагедиялы тағдыры шығар» деп ағынан жарылады өзі. Осы бір азапты сәттерден оны заманауи құрал құтқарыпты. Төрт жыл бұрын жақындары ұялы телефон сыйлайды. Осы құрал оған таптырмас серік болып шықты. Жыңғыл таяқшаны тістеп алып, қалаған нүктесін түртіп, көкейіндегісін жыр қылып көшіре бастайды. Өлеңді жазады да хабарламамен достарына, туыстарына жолдайды. Олар қағазға түсіріп, әкеліп беріп отырады. Осы тұста, әсіресе, кенже қарындасы Жұлдыз көп қолдау көрсетіпті. Жығылсам жастық болатын, Мұқағалидың: Жаңа «Тас жарған» атты жинағын биыл ақын Маралтай Райымбекұлы шығарып бермекші. Жарым болса екен деп қиялдаймын «Өзімді таныстыру» деп аталатын осы төрт-ақ шумақ өлеңге ол басындағы шерменде күй мен асқақ арманын сыйғызған. Жаралы жанымды ұғар жар кездессе, Түйін Нұрмұхаммед көбіне жылқының суретін салғанды жақсы көреді екен. Ылғи кісінеп, тұяғымен жер тарпып тұрған тұлпарды кескіндейді. Бұны іште қайнап жатқан рухтың көрінісі деп ұғуға болар. Ол қазір төрт аяғы бірдей кісендеулi сәйгүліктей. Тұлпарға бұдан артық қорлық бар ма? Шерменде тұлпар тұсауды быт-шыт қылып үзіп, тұяғымен дала төсін дүбірлете, көсіле шапқысы келеді, жұлдыздай аққысы келеді. Иә, тағдыр оны қанша сынаққа салса да, оның жұдырықтай жүрегі соншалықты кешірімшіл. Тіршілікке деген махаббаты шексіз. Тісімен таяқша тістеп, ұялы телефон арқылы өлең жазған, кітап шығарған жан әзірге жоқ шығар. Ендеше Нұрмұхаммедті Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге неге әрекеттеніп көрмеске. Бұл – екінші мәселе. Қамбар АХМЕТОВ Айкын |