Онда барлығы бар. Атақ-дәреже дейсіз бе?! Айналасын торып жүрген шәкірттерінің өзі қаншалықты?! Қарап тұрып ойланасың, ойланып тұрып қызығасың. Бір әттеген-айы оның бойына осыншама дарынды, қабілетті үйіп-төгіп берген Аллаһ тағала денсаулығына кемістік беріпті. Ол туабітті балалар сал ауруы дертіне шалдыққан. Өмір бойы арбаға таңылса да, бетпе-бет келген қиындыққа мойымай, ізденістен, талпыныстан шаршамаған ғалымның еңбекқорлығы, ойының ұшқырлығы, ғылымға деген адалдығы кез келген адамға сабақ болатындай-ақ дүние екенін сол сәтте-ақ бағамдадым.
Бүгінде қазақтың ғылымына дендей еніп, сол ғылымның ыстық-суығымен қоса қайнасып жүрген ғалымдарымыздың бірі – Шахбаз Әлімгерейұлы Ершин. Ол қазір техника ғылымының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. Тізбелей берсек, бір басында артылып асар дәреже баршылық. Ендеше, ол атақ-дәрежесін былай ысыра тұрып, Шахбаз Әлімгерейұлының тұлғалық қасиетін ашуды жөн көрдік.
Астролог болуға деген талпыныс
Шахбаз Әлімгерейұлы өзі жайында «ең алғаш астролог болуға талпындым» дейді. 1926 жылы қыркүйек айында дүниеге келген ғалым ана құрсағынан жарық дүниеге түскенде жансыз туыпты. Оның өмірін сақтау үшін бірқатар дәрігер жанталасып, өмір сүруге деген күрес дүние есігін аша салысымен-ақ басталыпты.
Бұл жайында ол:
«Менің анам Аққағаз Досжанова – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер. 1893 жылы дүниеге келген анам 1914 жылы Орынбордағы әйелдер гимназиясын бітіріп, медицина мамандығын алуға Мәскеуге барып, медицина курсына қабылданады. Сол кезден бастап елдің жоғын жоқтаған, қайраткерлігімен өз ортасынан суырылып алға шыққан адам. Сол анам мені 1926 жылдың күзінде дүниеге әкелді. Мен дүниеге келгенде өзге балалар тәрізді шыр етіп жыламаппын. Жансыз, көгеріп жатқанымды көрген дәрігерлер өмірімді сақтауға тырысып бағыпты. Содан бір профессор екі аяғымнан салбыратып жоғары көтеріп алып, арқа тұсымнан төмен шапалақпен тартып жіберсе керек. Сол сәтте шар еткен дауысым шығыпты. Бірақ ес білгелі маған дәрігерлердің қойған диагнозы – балалар сал ауруы (ДЦП). Әйтсе де жарымжан екенмін деп жасымадым. Қазірде соның арқасында қазақ техника ғылымының ақсақалы атанып отырған жайым бар», – дейді.
Абзалында, «техника ғылымының ақсақалы» дегеннен шығады, қазірде техника саласында өзіндік ізденулерімен топ жарған ғалым бірінші кезекте астрономия ғылымын зерттеуге ұмтылыпты. Бірақ сол соғыстан кейінгі жылдары елдегі жоғары оқу орындарында астрономия факультеттері тапшылық тудырып, астрономия ғылымына деген талпынысын техника саласын зерттеуге айырбастауға тура келіпті.
Көптің ішінен елеген – еврей жетекші
Былайынша пайымдасақ, 1926 жылы дүние келген ғалым есін енді біле бастағанда ашаршылық нәубетін көрді. Бозбала жасқа кіріккен тұсында сұм соғыстың халыққа тигізген залалы мен зардабын көңілге түйді. Ал қазір ақсақалдыққа жеткенде Тәуелсіз Қазақ елін көріп, мерейі өсіп отыр.
Алты жасында анасы Аққағаз қайтыс болып, өмірден теперіш көрген ғалым: «Осы жасқа келгенше мүгедектігімді айтып жан баласының алдына бармадым. Ешкімге маған мейріміңді төге гөр демедім. Тек еңбекпен нан табуды ойладым», – дейді. Денсаулығына байланысты орта мектепті мезгілінен кеш тамамдаған ол соғыстан кейінгі жылдары жұртшылықпен бірге жоғары оқу орнына да жеңілдіксіз өз еңбегімен түседі. Ол студенттік өмірі жайында былай деп ой өрбітті:
– Төрт жыл қатарынан қатты қиналдым. Өзім мүгедекпін. Туған анам қайтыс болғаннан кейін әкем басқа бір адамға үйленді. Басқа балалар тәрізді ауылдан келіп жататын көмек те жоқ. Кейде денсаулығым сыр беріп қатты шаршайтын едім. Бірақ намысқа тырысып оқуымды оқып жүрдім. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ол кездердегі беделі тіптен жоғары еді. Шәкірттеріне қатаң талап қоя білетін ұстаздар біздің тұсымызда болды ғой. Үшінші курсты қиналып бітіріп, төртінші курсқа көшкен кезімде бақытым шығар, бәлкім, Ленинградтан Вулис деген бір еврей профессор келді. Міне, сол кісі мені көптің ішінен танып, өзіне тартып, ғылыммен айналысуыма, аспирантурада оқуыма көмектесті. Сол Вулис: «Мына қазақтың басында ми бар. Мұның жарымжандығына қарамау керек. Оның оқуына жағдай жасап, аспирантураға түсуіне мүмкіндік беру қажет», – деп үнемі алға талпындырып отырды. Сол еврей жетекшімнің арқасында Мәскеуге дейін барып, дипломымды қорғап, үлкен ғылымды зерттеуге еніп кеттім. Содан бері зерттеуден, ізденуден бір тынған емеспін.
Еңбектері АҚШ-та ағылшын тілінде жарық көрмек
«Мен ізденгелі жарты ғасырдан асты» деген ғалым бүгінде өз еңбектері АҚШ ғалымдарының назарын аударып отырғанын мақтанышпен жеткізді. Биылғы жылы америкалық ғалымдардың бір парасы Шахбаз Әлімгерейұлының 50 жылдан астам зерттеп жазып жүрген тұтас еңбектерін ағылшын тілінде жеке кітап етіп шығарып беруді жоспарлап отырған көрінеді.
Динара ТҰРАЛИНА, шәкірті:
– Шахбаз ағамыздың қазақтың гидродинамикасына қосып отырған үлесі өте зор. Бұл кісі 29 кандидат, алты ғылым докторын шығарды. Мұнай құбырларын зеттеуде, одан сапалы мұнай алуға қатысты зерттеулері, мұнай шығаратын құбырлардың сапасын арттыруға қатысты зерттеулері елеуге тұрарлық. Бүгінде еңбектері ағылшын тілінде АҚШ-та жарық көрмек. Шахбаз Әлімгерейұлы – талапты жоғары қоя білетін, ешқашан еріншекті көтермейтін, профессор ретінде сабаққа кешігу, сабағын өткізбей қоя салу дегенді мүлде білмейтін адам. Бұл кісіден үйренгеніміз көп, үйренеріміз әлі де көп.
P.S.
Ұстаздарының еңбектерін «үйреткені көп, үйретері одан да көп» деп бағалап отырған шәкірттері ғана емес. Ғалымды өзінің тұрғыластары, замандастары да ерекше бағалайды. Ол жайында өзінің қатарластары «ол – қазақ ғылымына жарты жанын беріп жүрген жан» деседі. Расымен де, денсаулығындағы шектеулі мүмкіндікке қарамай, қазақ ғылымына шектеусіз үлес қосып жүрген ғалымды біз «жарты жанын ғылымға беріп жүрген жампоз» деп мадақтауды артық санамадық. Өйткені онда басқа атақ-абыройдың бәрі бар…
Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ