Астана – жоғары мәртебелі меймандар мен қатардағы адамдарды да, жас пен кәріні де қайран қалдырады.
Астаналықтар болса, сәулет өнерінің туындысына айналған әрбір ғимараттың, әрбір ескерткіштің алдына тұра қалып, жамыраса, жарыса суретке түсіп жататын қонақтардың қимылы мен қылығын күн сайын шаттана, мақтана бақылайды. Енді бүкіл Қазақстан, бүкіл әлем елордамыздың жаңа түрленуіне куә болмақ: Астанада алда мегақұрылыстар аяқталып, жаңа бірегей нысанардың тұсаулары кесіледі!
Елбасы 2020 жылға қарай Қазақ елінің бас қаласын әлемдегі ең үздік отыз қаланың қатарынан көргісі келетіндігін мәлімдеген болатын. Ұзақ уақыт өтпей-ақ, Астананың қазіргіден де ажарлы, айбынды шаһарға айналарына халық сенеді. Және бұл сенім негізсіз емес.
Елорда басшылығының айтуынша, алдағы үш жылда Астанада көптеген бірегей ғимараттар бой көтеретін болады. Олардың құрылыс қарқыны, ауданының ауқымы таңдай қақтырады. Қазақстан тарихы мұражайы, Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы, жаңа темір жол вокзалы, тұтас қалашыққа айналатын Ұлттық ғарыш орталығы, Олимпиадалық дайындықтың көпфункционалды орталығы, қанатын кең жаяр энтоауыл, жаңа Неке қию сарайы, ботаникалық бағы бар қалалық парк, астаналық тұңғыш орталық зообақ, отбасылық демалыс орталығы және басқалары – алда бас қаламызды адам танымастай өзгерткелі отыр.
Қазақстанның қарқынды дамуының символына айналған Астананың келешекте келбетін бұдан да көркейтетін ғажайып, әрі ғаламат нысандардың бірнешеуіне тоқтала кетсек.
Өткен жылдары «Бейбітшілік және келісім сарайына» қарама-қарсы бетте, «Тәуелсіздік сарайының» оң жағында жаңа құрылыс алаңы ашылғанда, астаналықтар ол жерде тағы қандай нысанның бой көтерерін болжап, аң-таң қалған. Тек құрылыс ауқымына қарап, ғимараттың ғаламат болатындығы байқалды. Тіпті қабырғалары тұрғызылып, сомдана бастағанда, оның әлдебір өндірістің өте ірі базасына ұқсағаны бар. Ақыры құрылысы аяқталып қалғанда ғана жұртшылық оның нендей жоба екендігін білді…
Қазақ елінің бас қаласында «Қазақстан тарихы мұражайын» салу туралы идеяны Президент Н.Назарбаевтың өзі құптады. Сондықтан болса керек, Астананың 15 жылдығы қарсаңында, мұражай ғимаратына Мемлекет басшысының өзі барып, оның құрылысының барысы туралы жауапты тұлғалар есебін тыңдады. Олар сондай-ақ Елбасыға Қазақстан тарихы мұражайын қолданысқа беру жоспарларын мәлім еткен. Өз кезегінде Н.Назарбаев бұл мұражай төрінен қандай құнды экспонаттардың орын алуы керектігіне қатысты өз ойларын ортаға салыпты.
Ақорданың мәліметінше, бұл мұражай экспозициялары мен көрмелері Қазақстанның сонау ықылым замандардан біздің күнімізге дейінгі тарихы мен мәдениетін паш етуге тиісті. Мұражайдың экспозициялық ауданының көлемі 14 мың шаршы метрді алып жатыр! Демек, ол осы ойды іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпы, осы ғимаратта бір уақытта Тарих мұражайы, Алтын мен асыл металдар мұражайы және Өнер мұражайының экспозициялары орын тебеді деп жоспарлануда.
Мұның сыртында, экспозициялардың елеулі бөлігі қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен жазба мұраларының көп ғасырлық тарихына, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналатын көрінеді.
«Қазақстан тарихы мұражайының» алып ғимараты құнды мұралар қоймасы болумен шектелмейді, ол кездесулер, форумдар өткізуге, білім беру бағдарламаларын жүргізуге пайдаланылмақ. Осы мақсатта ғимаратта 2 конференц-зал, кино және дәріс залы, уақытша көрмелер ұйымдастыруға арналған орынжайлар қарастырылған. Бұған қоса, онда Қазақстан тарихы ғылыми-зерттеу институты, реставрациялық шеберханалар, зертханалар, қор сақтау қоймалары, оқу залы бар кітапхана жұмыс жасайды деп тұспалдануда.
Ел басшылығы «Қазақстан тарихы мұражайына» «ұлттық өрлеу мен мәдени прогрестің рухани орталығына айналу» міндетін қойып отыр.
2011 жылдың қаңтарында басталған құрылыс биылғы жылы түпкілікті аяқталады деп күтілуде. Жалпы ауқымы 9,4 гектар жер телімінде орналасқан мұражай ғимараты 7 блоктан тұрмақ. Олардың биіктігі әрқалай болады және 2-ден 9 қабатқа дейін барады. Ғимарат орынжайларының жалпы ауданы 73, 251 мың шаршы метр. Оның ішінде жоба бойынша 14,7 мың шаршы метр – экспозицияларға, 5,47 мың шаршы метр – қор сақтау қоймаларына, 2 мың 595,4 шаршы метр – зертханалар мен реставрациялық шеберханаларға бөлінген. Мұражайда тіпті төл мейрамханасы үшін орын берілген.
Бағзы заманнан бергіге дейінгі Қазақстан тарихына арналған еліміздегі бірегей мұражайда 400 қызметкер, сондай-ақ Қазақстан тарихы ғылыми-зерттеу орталығының 500 маманы еңбек етеді деп қарастырылуда.
Астананың, әсіресе, ғылыми туризмге қозғау салуы мүмкін келешектегі тағы бір көрнекті жері – Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы, оның жеке ғимаратының құрылысын ел Үкіметі айрықша бақылауда ұстап отыр. Өткен айда Үкімет басшысы Серік Ахметов осы нысанға арнайы барып, оның құрылысы барысын өзі қадағалап қайтқан болатын. Бір ғажабы, шар тәрізді формадағы ғажайып ғимараттың авторы – атақты сәулетші Норман Фостер көрінеді. Бұл нысанның эскиз-идеясына кезінде жабық халықаралық конкурс жүргізілгендігі есте.
Тұңғыш Президент қоры және кітапханасының ғимаратынан ұлттық рух көрініс береді екен. Оның формасы солтүстік ауа райының ерекшеліктерін ескереді, яғни қоршаған ортаға «бейімделген», онда халқымыздың мәдени мұрасы саналатын сирек құндылықтарды сақтауға жағдай туғызылған деседі. Құрылыс барысында заманауи сәулет шешімдері мен озық материалдар қолданылатын көрінеді.
Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы, ауданы 30 мың шаршы метрден асатын кең сарайға алдағы жылда көшуі мүмкін. Қазіргі кезде онда құрылыс жұмыстарының жартысындайы ғана орындалған. Оны салуға 500-дей маман тартылыпты.
Астана маңында «ғарыштық қалашық» бой көтеруде. «Ұлттық ғарыш орталығы» – инновациялық кластерге айналуға тиіс. Ол жерде ғарыштық ғылыми зерттеулерден бастап, ғарыштық аппараттарды, ғарыштық техника бөліктерін жобалауға және өндіріп шығаруға дейінгі қызмет жолға қойылмақ. Осылайша елорда жанында жаңа сала – ғарыштық құрылғылар жасау секторы дүниеге келеді.
Президенттің тапсырмасымен, «Астана – жаңа қала» АЭА аумағына бөлінген жер телімі бүгінде қарқынды игеріліп, онда Ұлттық ғарыш орталығының 5 аймағы – әкімшілік, өндірістік, өкілдік, тұрғын үй және білім беру аймақтары тұрғызылуда. Келесі жылы ұшырылады деп жоспарланып отырған Жерді қашықтықтан зондау спутнигі де осы жерден басқарылады екен. Мұның сыртында бұл қалашықта ғарыштық жүйелер мен кешендерді жобалайтын кәсіпорын, ғарыштық аппараттарды құрастырып, сынақтан өткізетін кәсіпорын, Қазақстанның жоғары нақтылықтағы спутниктік навигациясы жүйесінің жердегі инфрақұрылымы орталығы орын теппек.
Сондай-ақ ғарыштық технологиялардың ұлттық зертханасы, алып планетарийі бар космонавтика мұражайы мен зымырандық-ғарыштық техниканың ашық көрмесі да осы жерден ашылады деп жобалануда. Оны айтасыз, тіпті осында құрылатын арнайы орталық арқасында Қазақстан ғарыш саласы мамандарын өзі даярлай бастайтын болады. «Ғарыш қалашығында» жұмыс жасайтын мамандарға арналып, 300 пәтерлік тұрғын үйлер, 50 орындық қонақүй, спорт кешені, 180 орындық балабақша, тіпті сауда кешені салынады.
Ұлттық ғарыш орталығының құрылысы 3 кезеңмен жүреді: 2010-2013 жылдары – өндірістік нысандар, 2013-2018 жылдары – қамтамасыз етуші инфрақұрылым бой көтереді. Ал 2015-2020 жылдары ол толығымен іске қосылып, ары қарай дамытылады деп көзделуде.
Астана әкімі И.Тасмағамбетов елорданың қайталанбас архитектуралық келбетіне үйлесімді кірігіп, ажарына әр қосатын жаңа сәулет туындылары қатарында Ұлттық қорғаныс университетінің жаңа ғимаратын атады. Тек жабық ауданы ғана 26 мың 720 шаршы метрді құрайтын бұл алып нысан 5 корпустан тұрмақ. Оның құрылысы 2011 жылдың тамызында басталған, қазіргі кезде ондағы жұмыстар жалғасуда.
Астана – тас қалаға айналмайды. Көкке бой созған заңғар үйлер, еңселі іскерлік һәм әкімшілік ғимараттар, кең қанат жайған сауда орталықтары ортасында табиғатқа да үлкен орын бөлінуде.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, алдағы жылдары бас қалада атаулы әрі көрнекті жер – жеке парктік аймағы бар заманауи «Ботаникалық бақ» пайда болады. «Бұл бақ «Ехро – 2017» халықаралық көрмесіне қарай қаланы абаттандыру бойынша кең ауқымды бағдарлама аясында құрылады, – дейді Астана әкімдігі. –Жаңа «Ботаникалық бақ» елорданың сол жағалаудағы орталығында орналасады деп күтілуде. Бұл нысанның жалпы ауданы – 97,5 гектар және ол Қабанбай батыр даңғылы мен Түркістан, №24 және №26 көшелерінің шекарасында орналасады».
Астана әкімдігінің дерегінше, бас қаланы көгалдандыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Тек биылғы жылы ғана жалпы ауданы 11 гектар болатын 13 сквер тұрғызылады және қайта жаңғыртылады.
Астанадағы туристердің ең сүйікті орындарының бірі – «Нұржол» («Сулы-жасыл желекті бульвар») да қайта қалпына келтірілетін болды.
Елдос Сенбай
http://www.aikyn.kz/news/view/26583