АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Арқалағаны алтын, жегені жантақ.

журналисты Белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның сөзін тақырып етіп алдық біз. Әріптестердің мерекесі келе жатыр алда. Жыл сайын маусымның   соңғы жексенбісінде журналистер қауымы өздерінің кәсіби  мерекесін тойлайды. Көбі баспанасыз  жүрсе де, өзгенің мұң-мұқтажын «жырлап» жүріп, өздерінің жағдайын ұмытып кетсе де  кәсіптеріне адал олар. Елдегі ақпараттық кеңістікті  толтырып отырғандар да сол біздің әріптестер.  Сөйте тұра мемлекеттік және ресми тілде жазатындар болып бөлінетіндер де біздің әріптестер.  Интернеттегі  блоггерлерді мойындағысы келмейтіндер де,  дәстүрлі басылымдардың  әлеуметтік желілерге жол бере бастағанын  қабылдағысы келмейтіндер де біздің арамызда бар.  Ақпарат беруде ақпаратпен қатар  өз көзқарасымызды тықпалап кететініміз де бар біздің. Бірақ, әйтеуір бәріміз шама-шарқымызша еңбек етіп келеміз.

Жалпы,  журналист деген  қызығы мен шыжығы қатар жүретін кәсіп.  Бернард Шоу «Журналист – бәрін білетін, бірақ бәрін шала-шарпы білетін мамандық» депті. Расында да сондай жұртпыз біз. Араласпайтын саламыз жоқ. Батыс ақпарат құралдарын мысал етіп аламыз да, өзіміз ақпарат таратқанда жеке көзқарасымызды қоса  саламыз. «Қоғамдық пікірді  қалыптастырып жатырмыз» деген ойдамыз. Мүмкін. Біздің жазған-сызғандарымызға,  эфирден бергендерімізге қарап  біраз жұрт ойланар. «Е, осылай екен ғой» деп қоятын шығар арасында. Бірақ, бәрібір журналист  мамандығының болашағы жоқ екендігін мойындағымыз жоқ. Дәуреніміз өтіп барады біздің.  Ресейлік журналист Максим Шевченко ерте ме, кеш пе газеттің  орынын Ipad  басатынын айтыпты. Дұрыс қой. Алайда, біз «қойшы оны,  қазақстандықтардың  әрқайсысының  қолына бір-бір Ipad  түскенше қай заман?!» деп  өзімізді-өзіміз жұбатып қоятынымыз бар. Google деген керемет көмекшіміз де бар біздің. Біразымыз керек ақпаратты содан іздеп ала саламыз. Қысқасы,  өте «қызық» жұртпыз біз.

                                                           Бір ел- екі ақпараттық кеңістік.
Енді қазақ журналистикасының бүгіні туралы бірер сөз. Қазір Қазақстанда  ақпарат тарату бірнеше бағытта кетіп барады.  Бірыңғай мақтаудан тұратын  ақпараттар бар бізде. Қарапайым халық оны анекдот қылып та алды. «Хабар» мен «Қазақстан» көрсететін Қазақстанға көшейікші, әке» депті бір бала.  Ел аузында жүрген әңгіменің бірі бұл. Мұны ақтап алуға да болар. «Жақсы сөз-жарым ырыс» деп. Қазақы пайыммен. Бірақ,  бұқара елдегі нақты жағдайды  орталықта жүрген бізден гөрі және күн астында қақталып немесе аязда бүрсеңдеп жұмыс істеп көрмеген шенеуніктерден гөрі жақсы  біледі.  Мемлекеттің  жасап жатқан көптеген бағдарламалары мен жоспарларының қалай орындалып жатқанын да жақсы  біледі. Игілігін көрсе «көрдік» дейді, көрмесе «өтірік айтасыңдар» дейді. Тек оны эфирден немесе «жақсы» басылымдардың бетінен айтпайды.
Екінші, кілең жамандаудан  тұратын ақпарат тарататындар бар бізде. Оларға сенсек, біздің елде бірде-бір жақсы дүние жоқ.  Адам өлтіру,  тонау, зорлау, жемқорлық, бюрократия… Толып жатыр.  Мұндайға «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегің келеді. Бірақ, «жаманын айтты, жақсысы қайда?» деген сұрақ тағы бар. Билікке өкпесі бар жұрттың мінбері бұлар. Әбден ашынған кезде шығатын ащы дауыс бұл. Біраз  әріптестер тек осы бағытта кетіп барады. Бұлардың барлығы Ата заңда біріншісін мемлекеттік, екіншісін ресми тіл деп қарастырған қос тілде ақпарат тарататын БАҚ-қа ортақ  құбылыс. Бірақ, бізде үшінші бағыт бар.  Ол қазақ және орыс тілдерінде ақпарат тарататындарыдң көбіне бір-бірінен алшақ жүретіндігі. Әсіресе, ол  басылымдар мен интернет сайттарға қатысты  дүние.
Қазақ тілінде ақпарат тарататын басылымдар үшін  ең маңыздысы ұлттық мәселе. Тіл, дін, діл үштігі. Туған жердің тағдыры тағы бар. Саясаттанушы Ерлан Қаринның   бірде: «Қазақ баспасөзі  ұлттық партияның  қызметін атқарып отыр» дегені бар. Расында да  ұлттық элитаның ашық хаттары,  наразылықтары, батыл пікірлері қазақ тілінде шығатын басылымдар мен сайттарда жарық көріп жатады. Орыс тілінде жарық көретін басылымдар мен сайттар әдетте жеке мысалдармен шектеледі. Жеке адамдардың мәселесін сөз етуге бейім.  Ұлттық мәселелер оларға жат. Жазушы Қабдеш Жұмалідов  бізге берген бір сұхбатында «Шығармашылық адамы қай тілде жазса, сол ұлттың ақын-жазушысы болады» деген еді. Шынында да орыс тілінде жазатындардың  дүниеге ресейлік көзқараспен қарайтын тұстары көптеу кездеседі.

                                                    Қоғамдық  пікірді интернет қалыптастырып жатыр
Расында да солай. Араб елдерін  дүрліктірген әлеуметтік желілер  бізде де мықты жұмыс істеп тұр.  Facebook  пен  twitter күшті қазір.  Twitter-де басталған  бір шу «Қазпошта» АҚ басшыларының  бұқарадан кешірім сұрауына да алып келген.  Қазақ тілін суахил тіліне теңегені үшін  өкпелеп еді жұрт. Әрине,  бұл тілде 80 млн адам сөйлейтіні шындық. Бірақ,  интернет  қолданушылары пошта саласындағы  монополист мекемені әлеуметтік  желілерде  мемлекеттік тілге көңіл бөлуге  мәжбүрледі. Тағы бір мысал. «Харлем шейк» деген  би бар. Тағы да сол  әлеуметтік желілер арқылы  тараған. Қарағандыда  бірнеше студент сол биді  билеп, университет басшылығының қырына іліккен-ді. Бірақ, оқудан  қуылған студенттерді twitter құтқарды тағы да. Экс-депутат Бақыт Сыздықова бастаған топ  белсенген-ді сол жолы.  Содан соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет істеген Серік Әбденовті де  жүндей түткен еді  Facebook  пен  twitter.  Ал,  блоггерлер журналистердің  ақпараттың анық-қанығына қаншалықты көз жеткізетіндігін сынау үшін талай мәрте жалған ақпарат таратқан интернет арқылы. Қармаққа  біраз әріптестердің түсіп қалғаны бар. КерекИнфо сайтында белсенген Rafaello  нигімен танылған азаматтың құрған қақпанына түскен-ді. Бұл  біздің әріптестердің ақпаратты тексеруге құлқы аз екендігін көрсетеді.
Енді сол  әлеуметітк желілердің жағымды  бір қырына тоқталсақ. Бүгінде  қазақытң қара домбырасын тәуір насихаттап жүргендер де  интернет  қолданушылары. «Домбыра пати» жасады. Сөйтіп, дәстүрлі БАҚ жасай алмаған істі бастады. Мәселен, кезінде  бірқатар басылымдар 14 ақпанда жастар атап  өтетін бейресми мереке  «Валентин күні» дегенге балама іздеген. Бірақ, бір-бірін қолдап кете алмады. Ал, сол күнге  баламаны әлеуметтік желілер мықты қолдады. Сәуірде Қозы Көрпеш-Баян күні  тойланды  көп жерде. Бейресми түрде. Бірқатар сайттар қолдады. Белсеніп шықты жастар. Бұл да қоғамдық пікірді қалыптастыруда интернеттің дәстүрлі БАҚ-тан озып кеткенін байқатты.  Айтпақшы, қазір интернетте радио да бар. Көп кешікпей телеарна да пайда болмақ. Бір топ  интернет мамандары  оны да әзірлеп жатыр екен. Демек, көп кешікпей смартфоныңыздан теледидар көретін боласыз. Ал, дәстүрлі телеарналар ол деңгейге әлі жете қоймады.

                                                             Алдымен пайдаң өзіңе тиісін…
Бұл қазақтың сөзі. «Алдымен падаң өзіңе тисін,  одан соң жолдасыңа тиісін» дейді. Бірақ, журналистер  өзгенің  мұң-мұқтажы деп жүріп өздерінің баспанасыз екендігін, жалақыларының да ала-құла екендігін ұмытып кететіндер де журналистер.  Кезінде  мемлекеттік бағдарлама бойынша бюджеттік мекеме қызметкрелеріне, жас мамандарға, мемелкеттік қызметкерлерге  үй  алу  мүмкнідігі берілгенде журналистер де үмітті болған. Бірақ, нәтиже шамалы болды. Әрине, ертерек үйленіп, балалы-шағалы болған журналистердің  бірқатары баспаналы болған ышғар. Бірақ, сол бағдарлама журналистерге қайырлы болған жоқ. Өзге өңірлерді қайдам Астанадағы журналистердің жартысынан көбі баспанасыз жүр.  «Бас редакторлар клубы» бұл мәселені  шешпек болып талпынғаны бар. Алайда, әзірге нәтижесін көрмей отырмыз.  Мұның өзі журналистердің  қандай да бір әлеуметтік статусының нақтыланбағанын көрсетіп отыр. Әрине, Тұрғын үй жинақ банкі арқылы ақша жинап, баспана алуға болады негізі. Бірақ,  пәтер жалдап жүретін  журналистер  банктің талаптарын орындай ала ма, жоқ па, ол да бір мәселе.
Тағы бір мәселе бар. Әлеуметтік жағдай туралы. Ашығын айтар болсақ, қазір журналистердің  еңбек ақысы да ала-құла. Орыс тілінде ақпарат тарататын басылымдарда еңбек ететін әріптестердің жағдайы қазақ тілінде жазатындарға қарағанда әлдеқайда жақсы.  Тағы да сол «қазақ тіліндегі БАҚ-на сұраныс жоқ» деген «ескі әнге» сәйкес қазақ басылымдарына жарнама беретіндер аз, қолдайтындар аз. Тапсырыспен  мақала жазғызатындар аз (коммерциялық тапсырыс туралы айтып отырмыз). Сондан соң газеттер мен журналдар  мемлекеттік тапсырысқа ғана иек артып отыр. Одан соң жалақыны өсіру,  баспана мәселесін шешу туралы айтып көріңіз.  Бұл жалпы жағдай. Кейде бір құрылымның ішіндегі жағдай да  ала-құла болып келеді. Тележурналистердің жалақысы газет пен радиода қызмет жасайтындарға қарағанда  тәуір болып келеді. Мәселен, бір ғана «Қазақстан» телерадио корпорациясының құрамына кіретін телеарналар мен   радиоларда қызмет жасайтын  әріптестер бірдей жалақы алмайды. Әдеттегідей радиоларда төмен. Міне, бұл жағдайлардан соң баспана мәселесін көтерудің өзі артық болса керек.  Дегенмен, әріптестер шама-шарқынша қызмет етіп келеді. Осыған қарап ең көнбіс жұрттың қатарына  журналистерді қосуға болатын да шығар. Бастысы әділін айтсын әріптестер. Қалғаны реттелер. «Бұдан да  жаман күнімізде тойға барғанбыз». Мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!
«Жебе» газеті