30.03.13
– Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының репертуары анағұрлым бай. Әлемнің классикалық туындыларының басым көпшілігін біздің ұлттық сахнамыздан көруге болады. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында жыл сайын екі-үш жаңа спектакль қойылады. Маусым соңында опера және балет өнері бойынша халықаралық фестиваль өткізеді. Театр академиялық болғандықтан дүниежүзінің классикалық туындыларын міндетті түрде сахналауы тиіс. Ресейдің, АҚШ-тың, Мажарстанның, Германияның және басқа да елдердің тәжірибелі хореографтары мен режиссерлары Алматыға арнайы шақырылып, осында мастер-класс өткізеді. Ал олар қойған қойылымдардың біздің балет артистері мен опера ұжымы үшін жақсы тәжірибе екені даусыз, – дейді Орынгүл Нұржанқызы.
– «Қазақта ұлттық би болмаған» деген алыпқашпа пікірлерге мен үзілді-кесілді қарсымын. Ұлттың биі мен балет өнерін жеке феномен ретінде қарастыруға болады. Егер жиырмасыншы ғасырға дейінгі этнографиялық деректерге көз жүгіртсек, онда Әбілқайыр ханның ордасында болған ағылшын суретшісі Джон Кэстль өзінің «Дневник путешествия в году 1736-м из Оренбурга к Абулхаиру хану киргиз-кайсацкой орды» еңбегінде билеп жатқан қазақтардың суретін жариялағанын байқаймыз. Тіпті Густав Теодор Паулидің он тоғызыншы ғасырда жарық көрген «В юрте султана внутренней Орды Даулеткерея» атты еңбегінде билеп жатқан қазақтардың суреті бейнеленген. Ал этнограф Радлов өзінің он тоғызыншы ғасырда жарияланған «Тюркские степные кочевники» деген еңбегінде: «Однажды на Бухтарме я наблюдал танец двух киргизов ( қазақ), отчетливо показавший, какое удовольствие получают киргизы от проявлений самой грубой чувственности», – деп жазды. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген бабаларымыз тасқа би көріністерін петроглиф күйінде қашап салғаны белгілі. Мұның барлығы біздің төл мәдениетіміз үшін би өнерінің жат болмағанын көрсетеді. Шара Жиенқұлова «Би құпиясы» атты кітабында ұлттық қимылдарды жүйеге келтіргенін де айта кеткеніміз жөн. Қазақстанда кәсіби балет өнерінің тарихы 1930 жылдан бастау алады. Дерекке жүгінсек, Мария Арцивашеваның музыкалық студиясында Гурилев, Гапарова, Лебедева, Лифинтова сонымен қатар Шара Жиенқұлова сынды апаларымыз би өнеріне жаттыққан. Ал 1932 жылы Алматыдағы №13 балалар үйі музыкалық мектеп болып қайта құрылып, дәл осы мекемеде ел тарихында тұңғыш рет хореография бөлімі ашылды. Ал 1938 жылы Алматыдағы хореография училищесі тәуелсіз оқу орны болып, жеке шаңырақ көтерді. Бұл бастамада балалар үшін білімін аямаған мәскеулік Селезневтiң орны ерекше. Сондықтан Алматыдағы хореография училищесі Селезневтің есімімен аталады. Бір қуантатыны, балет артистері ғана емес, училище шәкірттері де жыл сайын шетелдерде ұйымдастырылған халықаралық байқауға қатысып, жүзден жүйрік шығуда. Мұның өзі қазақстандық балет өнерінің де биікке көтерілгенінің дәлелі, – дейді балет бишісі, халықаралық байқаулардың жүлдегері Орынгүл Нұржанқызы.
Кеңестік кезеңде ұлттық балет қойылымдарының басым көпшілігінің халықтық һәм эпостық жырларға сүйемелдеп қойылғаны ақиқат. Мысалы, сол бір жылдарда «Қалқаман – Мамыр» (В.Великанов), А.Чекрыгиннің қойылымындағы «Көктем» (И.Надиров), М.Моисеевтің қойылымындағы «Қамбар – Назым», Алексидзенің қойылымындағы «Қарагөз» (Ғ.Жұбанова), М.Тілеубаев сахналаған «Ақсақ құлан» (Ғ.Жұбанова) спектаклі, Зәуірбек Райбаевтың Мыңбаевтың музыкасы бойынша Олжас Сүлейменовтың «Қыш кітап» поэмасы желісінде қойылған «Фрескалар» балеті бүгінгі күнге дейін көрермен сүйіп көретін туындыға айналып отыр. Егер еске алсақ, Жуковтың қойылымында әу баста Мамырдың рөлін қазақтың талантты бишісі Шара Жиенқұлова сомдағаны белгілі. Сондай-ақ Марго Сапингтонның (америкалық хореограф) сахнаға дайындауындағы Алмас Серкебаевтың «Тілеп пен Сарықыз» балеті сахнада сан мәрте қойылды. Болат Аюхановтың А.Исақованың музыкасына қойған «Гәкку» балеті де көрерменнің жақсы бағасына ие болды. Ал Астананың Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры Ренат Салаватовтың музыкасына, Вячеслав Гончаровтың қойылымындағы «Әлқисса», «Қыс қиялы» атты балеттерді, Әділ Бестібаевтың музыкасына Давид Авдиштің (ресейлік балетмейстер) «Бәйтерек» қойылымын сәтті сахналады. «Самұрық» би театрының бастығы Гүлнар Адамова Б.Акошевтің, А.Мұқатайдың музыкасына қойған «Жезтырнақ» балеті көрерменге ұсынылды. Сондай-ақ дәл осы режиссердің хореография училищесінің шәкірттеріне арналған «Ер тарғын» балеті сахналанды. Бұған қоса, апалы-сіңілі Ғаббасовалардың түркі музыкасына қойған «Нарқыз» спектаклі де көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Өкініштісі сол, кеңес кезеңіндегі қазақ балеттері қазіргі уақытта сахнада қалмады. Мұның себебін жас балет бишісі Орынгүл Нұржанқызы былай түсіндірді:
– Бірден-бір себеп, ол жылдарда қойылған балеттің қай-қайсысы болсын бейнетаспаға жазылып алынбаған. Сонымен қоса, уақыт пен құндылықтар өзгерді. Кеңестік кезеңдегі өнерге социалистік реализм тән болған еді. Сондықтан ол кездегі өнер туындылары коммунизмді, көсемді, партияны ұлықтауға арналды. Ал қазір мұндай тақырып тәуелсіз еліміз үшін өзекті емес. Себебі өнер қай кезде де таза болуы керек. Сонда ғана өнер туындысы мәңгі өмір сүріп, ғасырлар бойы өнерсүйер ағайынды қуантатыны хақ. Өткен дәуір туындыларының сақталмауының бір себебі осында жатыр, – дейді Орынгүл.
Орынгүлдің жас та болса балет өнерінде біртіндеп өз қолтаңбасын қалдыруына алдыңғы буын аға-апалары зор үлес қосты. Мектептегі алғашқы ұстазы Гүлнар Әлиевадан бастап, қазіргі күні театрдағы ұстазы Қазақстанның халық артисі Раушан Хатиятқызы Байсейiтова, марқұм Меңтай Тілеубаевтар өздерінің тәжірибелерін үйретіп, шәкіртінен зор үміт күтті. Ең бастысы, Орынгүл ұстаздары айтқан ақыл-кеңесті байыппен тыңдап, күрмеуі қиын балет өнерін жан-жақты меңгерді. Жүргенов атындағы оқу ордасында Орынгүл КСРО халық артисі, танымал балетмейстер Рамазан Баповтан тәлім-тәрбие алуда. Жас таланттың басты арманы – қазақ балет өнерін әлемге паш ету. Өйткені ұстазға қарап шәкірт өсер!..