Өткен оқу жылының аяғында Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов: «Еліміздегі мектеп жасындағы оқушылар арасында түрлі аурулар кең етек алып барады», – деп мәлім еткен болатын. Вице-министрдің мәліметінше, еліміздегі әрбір үшінші оқушы көз ауруына шалдыққан, әрбір алтыншы оқушының жүйке жүйесі ауруына бейімдігі анықталған, ал әрбір жетінші оқушының омыртқа ауруына ұшырағаны белгілі болған. Сонымен қатар Болат Төкежанов мырза: «Тіс құртының мектеп жасындағы оқушылар арасында таралуы 90 пайызға артса, пародонтит 70 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында анемия мен тыныс алу жүйесінің аурулары кеңінен тараған», – деп қорқынышты статистиканы алдымызға жайып салған еді. Ал жаңа оқу жылында оқушыларды оңдырмай тұрған дерттердің алдын алу үшін қандай шаралар жасалды?
«Ауру – астан» деп атам қазақ тегін айтпаған. Дұрыс тамақтанбау ауруға бастайтын тура жол екенін дәрігерлер де растайды. Ең бастысы – баланы дұрыс тамақтандыруды жолға қою қажет. Негізі, мектептегі балаларды ыстық тағаммен қамтамасыз ету туралы бастаманы ең алғаш ұлыбританиялықтар бастаған екен. Олар жастарды әскер қатарына алу кезінде жастардың басым көпшілігінің денсаулығының дімкас екенін анықтаған соң, балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді дереу қолға алған. Бүгінгі күні біздің елімізде де әскери міндетін өтеу үшін шақырылған 10 жасөспірімнің сегізі денсаулығының жарамсыздығына орай әскерден қалдырылатынын ескерсек, бізге де мектептегі оқушыларымызды құнарлы тамақтандыруға көңіл бөлетін кез жеткен секілді. Рас, соңғы жылдары мектептегі балаларды бір мезгіл ыстық тағаммен қамтамасыз ету біздің елімізде де қолға алынды. Әйтсе де басты мәселе тамақтың құнарында болып тұр. Бүгінгі күні бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыруға қатысты мемлекеттік сатып алулар төңірегінде болып жатқан даулар балалардың тамағына үлкендердің ортақ болып жатқанын аңғартатындай. Әлемдегі көптеген елдер «Мектептегі таңғы ас», «Мектептегі түскі ас», «Мектептік түскі астардың ұлттық бағдарламасы», «Мектептік таңғы астар бағдарламасы», «Балалар үшін арнаулы сүт бағдарламасы», «Балалардың және үлкендердің тамақтануы бойынша қызмет бағдарламасы» секілді бағдарламалар қабылдау арқылы мектептегі оқушылардың сапалы, құнарлы тамақтануына айрықша көңіл бөлуде. Ал біз асқазанның ойық жарасының еліміздегі әрбір екінші балдырғанда кездесіп жатқанын біле тұра, мектепте арнайы бір мезгіл айранмен тамақтандыру туралы ұйғарымға келе алмай отырмыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «әлемде 60 пайыз өлім-жітімге әкеліп соқтыратын фактор – дұрыс тамақтанбау» деген тұжырым жасаған. Демек, денсаулықтың бұзылуының да бірден-бір себебі дұрыс тамақтанбауға тікелей байланысты. Соңғы 10 жыл ішінде қазақстандықтардың 80 пайызының денсаулығы дұрыс тамақтанбау салдарынан күрт нашарлаған. Балалардың күндізгі уақытының басым бөлігі және құнарлы тамақтануы тиіс түскі мезгілі мектепте өтетінін ескерсек, мектеп асханасында дайындалатын тамақтың құнарлы болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Алайда өткен оқу жылында Алматы қаласындағы 150-ге жуық мектепте оқушыларға ыстық тамақтың орнына фастфуд беріліп келгенін тиісті орындар анықтап отыр. Тендерлерді ұтып алған фирмалар арзанқол өнімдерді сатып алып, ақша үнемдеген. Осылайша, сиыр етінен пісірілген сорпа мен күріш ботқасының орнына бастауыш сынып оқушылары фастфудпен тамақтанып келген. Алайда осы олқылықтан қорытынды шығарудың орнына биылғы оқу жылында Алматы қаласындағы мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету жүйесі керісінше күрделене түскен. Мәселен, Алматы қаласы бойынша алдағы оқу жылының қыркүйек айынан бастап қаңтар айына дейін бюджеттен 10 млн АҚШ долларынан астам қаржы бөлінген. Алматы қаласы бойынша 148 мектеп бар десек, ондағы 1-4-сынып оқушыларына бөлінген қаржы күніне 300 теңгеден келеді екен. Алайда бұл қаржының өзі балалардың аузына түгел жетпейді.
Ардақ ҚОСЫМБАЕВА, жеке кәсіпкер:
– Алдағы оқу жылында мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруға қатысты өткізілетін тендер кезінде көптеген заңбұзушылық орын алды. Мәселен, көбінесе бір аудандағы бірнеше мектепті жалғыз кәсіпкер алды. Бірақ бір кәсіпкер бір аудандағы бірнеше мектепке дер кезінде дұрыс тамақ жеткізіп бере алмайды. Немесе бірнеше мектепті қатар игере алмайтын болғандықтан мердігерлер мектеп асханасын қосалқы біреулерге жалға береді. Ал мемлекет тарапынан балаларды тамақтандыру үшін бөлінетін қаржы бір адамның қолынан екінші біреулердің қолына өткен соң, мемлекет белгілеген 300 теңгелік мәзір қысқарып қалатыны айтпаса да түсінікті. Биылғы жылы мемлекеттік сатып алу байқауының кейбір шарттары аяқ астынан өзгеріп, заңсыздықтар тіпті көп орын алды. Мәселен, бізге кем дегенде бес жыл жеке кәсіпкерлікпен айналысты деген еңбек өтіліміздің болуы талап етіледі. Біз олардың барлық талабына сай келіп тұрсақ та, түрлі сылтаумен сызып тастайды. Ал кейін тендерді ұтып алған жеке кәсіпкердің еңбек өтілінің бес жылын құрылыспен айналысу арқылы жинағанын біліп жатамыз, яғни тағам өнеркәсібінде мүлдем тәжірибесі жоқ, құрылыспен айналысқан адамдар мектеп оқушыларын тамақтандыруға қатысты тендерде жеңіске жетіп жатыр. Жеке кәсіпкер қарамағындағы 30 шақты мектепті бір мезгілде ыстық тамақпен қамтамасыз ете алмайтыны айдан анық. Олар барлық мектепке бір мезгілде тамақ тасып үлгере алмаған соң, міндетті түрде қосалқы мердігерлер жалдайды. Ал мұның соңы әр балаға бөлінген 300 теңгенің коммуналдық төлем, жұмысшылардың айлығы, жалға беру секілді шығындарға бөлініп, қысқара келе, 100 теңгенің тамағына айналуына түрткі болады. Ал 100 теңгенің тамағын ішкен, аш құрсақ баланың дені сау деп айта аламыз ба?!
Балалардың дұрыс тамақтанбауы олардың денсаулығының бұзылуының бір ғана себебі емес. Мәселен, өткен жылы елімізде 1 миллион адам тыныс жолдары ауруымен сырқаттанса, оның 66 пайызы балалар екен. Балалардың сараурумен ауру көрсеткіші де 15 пайызға көбейген. СЭС мамандары «балалар ауруларының алдын алу үшін мектептердегі санитарлық жағдайды жақсарту керек» дейді. Өйткені елдегі жалпы білім беретін мектептердің 25 пайызы ауызсуды тасып ішеді. Ал мектептердің 23 пайызында балалардың салауатты өмір салтымен айналысуына арналған спортзалдар жоқ екен. Айтпақшы, өз кезегінде ҚР спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов қазақстандық оқушылардың денсаулығы мен дене шынықтыру көрсеткіштері жыл сайын төмендеп келе жатқанын атап өткен еді. Денсаулығы дұрыс емес баланың дене шынықтырудағы көрсеткіштері де дұрыс болмайтыны белгілі. Сондай-ақ қазіргі таңда орта білім беретін мектептерде штатта бір ғана медицина қызметкері бар екен. Ол оқушыларға қажетті иммундық алдын алу шараларын да, тереңдетілген медициналық тексеруді де жүргізуге қауқарсыз болары сөзсіз. Тіпті еліміздегі мектептердің басым бөлігінде медициналық пункттер мен стоматологиялық кабинеттер де жоқ. Жалпы, мектептердегі дене шынықтыру сабақтарының жеткіліксіздігінен, спорт орталықтары мен шынығу залдарының қолжетімсіздігінен, сондай-ақ мектептегі спорт алаңдарының жеткілікті түрде жарақталмағандығы да балалардың денсаулығына кері әсер етіп отыр.
Батыс елдерінің көпшілігінде мектепке дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын сапалы тамақтандыру мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мәселесімен қатар қойылады. «Бала – болашағымыз!» дейтін ел үшін бұл дұрыс та. Ендеше, еліміздегі балалар денсаулығының күрт нашарлап кеткені белгілі бола тұра, балаларды тамақтандыру мәселесінің одан әрі күрделеніп кеткені несі?!
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
http://alashainasy.kz/main/45970/