АЛТЫНОРДА
Новости

«Ашаршылық» қаралы тарихтан сыр шертеді

005f262122114eabc243bed58af4db3aШымкентте тағы бір де­ректі фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл фильм қазақ халқына жа­нтүршігерлік алапат алып келген 1921-1922, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық туралы сыр шертеді. Шәмші Қал­даяқов атындағы филар­мо­нияда көрерменге жол алған фильм өткен тарихтың бұқ­тырма беттерін көзге елестеткендей әсерде болды. Себебі ел есінде екі үлкен әлеу­меттік апат сақталып қал­ған. Алғашқысы – 1921-1922 жылдардағы, екіншісі – 1930-1933 жылдары болған ашаршылық. Көркем кар­ти­наның ерекшелігі: оқиға желісі Қазақстан, Ресей мұрағатта­ры­нан ізделініп, көп еңбекпен келген.

 

Еркін РАҚЫШЕВ, «Ашаршылық» деректі фильмінің режиссері:

– Бұл деректі фильм болғандықтан, оның мақсаты тың деректерді табу бол­ды. Мәскеуден мәлімет алу тым қиын­ға соқты. Ондағы кейбір партиялық құ­жаттарда: «Ашаршылыққа ұшыраған шақ­та қазақ халқының өзіне де обал жоқ. Мал баққаннан басқа қолынан еш­­теңе келмейді. Балық аулап, құс атып күн көруге болады ғой», – деген мас­қаралаулар да айтылған екен. Ал 1932 жылы Ресей үкіметі құпия қаулы шы­ғарған. Онда «Егер қазақтар бір құс ат­са немесе бір балық ауласа, сотталуы керек», – делінген. Міне, осындай қа­ра­­ма-қайшылықты дүниелерді түрлі жол­дармен басымызды қауіпке тіге оты­­рып, алып шықтық. Әрі деректі фильм­­ге енгіздік. Ашаршылық жыл­да­ры қазақ даласында көптеген көтеріліс бол­ған. Толық зерттелінбегені себепті біз оны біле бермейміз. Семейдегі Абы­ралы деген жерде халықтық кө­те­ріліс болған. Сонда орыс әскерлері қа­зақтың 9-11 жасар балаларын таспен, таяқпен ұрып, азаптап өлтірген. Міне, сонан Ілияс Жансүгіровтің «Қалың кісі, қатын-бала, Өне бойы қызыл ала, үсті басы жара-жара…» деген жыр жолдары қалған. 

Иә, ашаршылық ұлтымызға зор қасірет әкелді. Тұқымы тұздай құрып жоғалуға ай­налған қара көздердің бір шоғыры шетел асуға мәжбүр болды. Қатыгез Ресей билігі сол бейкүнә жандардың талайын шекара асыр­май қырып салды. Тіпті кейбір де­рек­терде сол кездегі бірінші секретарь Чер­ненко бір мыңдай қазақты кескілеп, пы­шақ­тап өлтірген екен. Міне, біздің қасіретті та­рихымыз. Негізінен, 1930-1933 жыл­дар­дағы қолдан жасалынған нәубеттен жас балалар мен әйелдер көптеп қырылып, халқымызға демографиялық зардаптары ауыр тиді. Ресми деректерге сүйенер бол­сақ, 1921-1922 жылдары Қазақстан хал­қы 30 пайызға дейін азайған. 1930-1933 жылғы ашаршылық салдарынан 6 мил­лион қазақтан 4-ақ миллионы қалған.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры:

– Ашаршылық туралы фильм Тә­уел­сіздік жемісінің бір белгісі деп ой­лаймын. Егемендік алған күннің өзінде та­рихтың ақтаңдақ беттеріндегі көп дү­ние әлі жарияланбаған. Бұл фильм бү­гінімізбен сабақтасқан өткен та­ри­хы­мызды ұмытпау үшін болашақ ұрпаққа аса қажетті фильм деп есептеймін. ХХ ға­сырда жер бетінде қасірет шеккен қа­зақтай халық кемде-кем шығар. Біз болсақ сол зарлы жылдардың ақиқатын айтып беруге әлі де енжарлық танытып келеміз.

Қазақ тарихындағы ең қаралы, ең қа­сі­ретті кезең – 1932-1933 жылдар – хал­қы­мыздың тең жарымын, бәлкім, онан да көбірек бөлігін жалмап кеткен зұлмат. Қа­зір бұл сұмдық заманды баяғы ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама оқи­ға­сымен жалғастырып жатады. Онда да қазақ халқы ауыр шығын тартқаны белгілі. Қал­ған ел қонысынан ауып, жан-жаққа бы­тыраған, қаншама қиындыққа ұшы­раған. Бірақ Ақтабан-Шұбырынды жау­гер­шілік кезіндегі ауыр жеңіліс нәтижесінде тап болған бақытсыздық еді. Ал қолдан жасалынған нәубеттің зардабы мұнан да ауыр болды.

Даланың түз тағысы қасқыр да өз ба­уыр еті бөлтірігін, тіпті үйірлестерін жеуге қи­майды. Ал кесапаты мол кеңестік кезең қара қазақтың өз етін өзіне жегізді. Тоқ­сан­ға келген қарияның аузынан естіген е­с­те­лігінде былай делінеді:

– Кішкентай кезім, аштықтан отба­сы­мыз түгел қырылып, қарындасым екеуміз қа­рын­ның қамымен кеттік. Бір күні ауылды жа­ғалап кетіп бара жатқанбыз. Сонадайдан бір шұрық тесігі шыққан киіз үй көрінді. Талғажау етер азық берер деген алдамшы үмітпен үйге жа­қындай түстік. Көздері қан­та­лаған бірнеше ересектеу адам қа­рын­дасымды қолынан жетектеп үйге ала жөнелді. Ізінше киіз үйге кі­ремін дегенше, қарындасымның құлын­даған даусы шықты. Жанұшыра үйге енге­нім­де үй ішіндегі қара тайқазанда қара су қай­нап тұр екен. Әлгілер қарындасымды сол қа­ра суға салып жіберіп, шетінен жұлмалап жа­­тыр екен. Міне, сол жантүршігерлік қасірет әліге дейін көз алдымнан кетер емес. Күні бүгінге дейін бір түйір дән үшін жанымды беруге дайынмын. 

Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) айтқан Ор­та­лық Азиядағы халық саны жағынан көш ба­сындағы «Әлхамдулилла, алты миллион қа­зақ», міне, осылайша демографиялық қы­зыл сы­зыққа шегініс жасады. Кеңес үкі­ме­тінің көзіне шыққан сүйелдей қо­раш­та­нып, баудай қырылып кете барған. Фильм осы қанды естеліктерді дәлелдей түс­кен­дей.

Автор: Нұршат ТӨКЕН, Шымкент