АЛТЫНОРДА
Новости

АШАРШЫЛЫҚ ҚҰПИЯСЫНЫҢ АШЫЛМАУЫНА КІНӘЛІ ӨЗІМІЗ

Табыл ҚҰЛИЯС, жазушы:

– Табыл аға, сіздің жақында Ресей мұ­ра­ға­тынан аштық тақырыбына қатысты біраз құн­ды дерек тауып келгеніңізді естіп жатыр­мыз…

– Иә. Ресейдің Кемерова облыстық мұ­ра­ғатынан біраз дерек ақтарып қайттым. Жал­пы, осы Кемерова облысы біз үшін орны бө­лек жер. Сонау ашаршылық жылдары бір ға­на Ақмола облысынан осы Кемерова өңі­рі­не 15 мыңңан астам адам ауып барды. Жол-жөнекей аштықтан, неше түрлі қауіп-қа­тер аурудан аман қалғандары сондағы кө­мір шахтасына жұмысқа орналасып, нан тауып аман қалды. Қаншама бала жетім қа­лып, сол өңірдегі балалар үйіне орналас­ты­рыл­ды. Оларға арнайы қазақ тілінде жетім­дер үйі ашылды. Сол үдере ауған халықтың қан­шасы жолда қалып, қаншасы аман жет­кені белгісіз. Негізгі мақсатым да осы бо­ла­тын. Шахтаға кіргендердің, шыққандардың тізімінің ішінен қазақ есімдерін зерттедім. Оған да көңілім толмай, асханадан тамақ іш­кендердің тізімін қарап көрдім. Бірақ нақ­ты нәтиже болмады. Азық іздеп жолға шық­қандардың көбісінің жолда аштан қы­рыл­ғаны белгілі болып отыр.

 

– Жаңа бір сөзіңізде Кемерева облысында ар­найы қазақ тілінде балалар үйі ашылды деп қал­дыңыз. Кімдер ашып жүр?

– Тірі қалып шахтаға жеткендері жұмыс­қа кіріп аман қалса, балалары жетімдер үйіне алынды. Оларды жинап арнайы қазақ тілінде ба­лалар үйін ашқызған Севкрайдың сол кез­дегі бірінші хатшысы Ехо деген адам. Кейін Новосібір өлкесінде аштан қырылып қалған қазақтардың балалары үшін үш бірдей қа­зақша балалар үйін ашады. Арып-ашып жет­кен жұмысшыларды барактар мен жатақ­ханаға орналастырған досы Эхо болды. Кейін өзі де «халық жауы» деген желеумен аты­лып кетті. Іздеп көрдім. Үрім-бұтақ қал­мап­ты, өкінішті. Сол секілді Орынборға та­мақ іздеп барып қырылып қалғандардың балаларына арналып тура осындай екі балалар үйі ашылған. «Ақбұлақ» деген жер қазір Ресейдің құрамында қалды. Осы ба­лалар үйінен көптеген дарынды жастар өсіп шықты. Мәселен, Забид Ғұсманов Ұлы Отан соғысы кезінде атақты қару – «Катюшаның» ко­мандирі болған. Ұлы Отан соғысына қа­ты­сып, алғаш рет генералдар мен маршал­дар­ға ғана берілетін «Невский» орденімен ма­рапатталды. Әйелі Зұлқия да Полтава қа­ласының ұшқыштар мектебін бітірген. Екеуі де Берлинге дейін барып соғысты аман-есен аяқтап, елге оралады.

 

– Зерттеушілеріміз осы зұлматта қанша адам қайтыс болғанын анықтай алмай келеді. Нақты санын білу мүмкін бе?

– Ол мүмкін емес. Еліміз бас-аяғы ши­рек ғасырға жуық уақыт ішінде бір басынан төрт бірдей аштықты өткерді. 1918 жылғы аш­тық бір миллионнан астам адамның өмі­рін жалмады. Бұл аштық туралы көп ай­тыл­майды. Революция қарсаңында болған оқи­ға. 22 жылғы аштықтың да зардабы өте ауыр болды. Қазақтың басына түскен зұл­мат­­тың ең негізгісі осы. Одан кейін 1928 жы­­лы жаппай тәркілеумен бірге тағы аштық басталды. Сосын 1932 жылғы аштық бас­тал­ды. Бұл зұлмат 1935 жылға дейін жалғасты. 1936 жылы астық шығып, халықтың аузы аққа жари бастағандай болған еді. Алайда ол да ұзаққа бармады. Кейін 1937 жылы Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бі­рінші хатшысы атышулы Л.Мирзоянның қырғыны басталды. Оның қазақ даласын «халық жауларынан» толықтай тазарту шін Сталинге құпия жеделхат жолдап, лимит сұ­ра­ғанын білесіздер. Қазақстан Ком­пар­тия­сы Орталық Комитетінің республика бойынша репрессиялануға тиіс адамдардың санын 1-категория бойынша – 800 адам. Олар міндетті түрде атылуы тиіс болды. 2-ка­те­гория бойынша 1500 адамды тұтқындау ту­ралы қосымша жөнінде ұсыныс берілді. Аштық, репрессия ғана емес, сол кезде қазақ даласында отаршыл саясатқа қарсы көте­рілістер болып жатты. Олардың барлығы да аяусыз қырғынмен аяқталды. Орынбор мұрағаттарын ақтарып жүріп халық санына қа­тысты тың дерек тауып алған едім. Сонда орын­борлық Саложников деген тарих­шы­ның дерегі бар. «Кейбір қазақтар санақ­шы­ларға он баласы болса да, төрт-бес қара до­малақ жүрген шығар» деп айтпайтын халық. Шындығын айтпағанның өзінде мен білетін қазақтар саны 1911 жылы 8 миллион

200 000-нан бірде-бір кем емес-тін» деп көр­се­тіл­ген. Сол халықтан қанша қалды? 1959 жыл­ғы санақта сол қазақтың 2 млн 870 мыңы ғана қалғаны анықталды. Жалпы айтар бол­сақ, асыл халқымыздың саны 80 пайызға азайып қалды ғой.

 

– Бірнеше күннен кейін еліміз саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өт­келі отыр. Есесіне ашаршылық құрбандары на­зардан тыс қалып қойған сияқты көрінеді. 

– Еліміздегі аштық пен қуғын-сүргінді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Екеуі жа­нымызға өте үлкен жара салған оқиға. Еке­уінен де халқымыз әупірімдеп, бір Алла­ның қолдауымен ғана аман қалды. Жері құ­нарлы өңірде тұратындар қара топырақты қай­натып, суын ішіп аман қалды. Отбасын асы­рау үшін адал шөпті қайнатып ішті. Сол кез­де аштықтан бұралған жұрт әртүрлі шөп­терден отыздан астам тағам түрін дайындаған екен. Мұның барлығы да тарихи шындық. Үлкендер үнемі айтып отырады. Жақында Бар­науылдың мұрағат мұражайында 20 күн болдым. Сол жерден адамның төбе шашы тік тұратын қорқынышты деректерге кезік­тім. Дәрігерлердің Мәскеуге қан жылап оты­­рып жазған хаттарын алдым. Аштыққа ұрын­ғандар қыздары мен әйелін сойып жеу­ге дейін барған. Тағы бір хатта аштыққа ұрын­ған адамның есі ауып кететіні айты­лады. Ондай жандар ештеңеге қарамайды. Жолында не кездеседі, соны кеміруге дейін барады. Шіріп кеткен шошқаларды жеп не­ше түрлі ауруларға ұшырап өлгені туралы ай­тылады.

Сол кезде жазылған ғой Мелдешовтың ха­ты. Ол Сталинге хат жазады: «Ресейден адам аудармаңдар, Қазақстанда аштық бас­тал­ды. Ауып келгендер де аштыққа, адам есті­меген азғындыққа барып жатыр. Бір ғана Орал губерниясының 4 уезінің өзінде 300-ге жуық адамды сойып жеді. Қабірді ашып жеуге дейін барды» деп.

 

– Былай қарасақ, отызыншы жылдардағы аш­тық жалпыхалықтық сипат алған секілді. Мұн­дай зұлматты украиндар, әзірбайжандар бас­тан өткерді. Бірақ ешқайсысы да дәл қазақ секілді ойсырып қалған жоқ. Кеңестік жүйе тек қазақ халқына ғана тізе батырған секілді көрінеді де тұрады. Әлде олай емес пе?

– Тура солай болды. Өйткені қазақ халқы өз­геге ұқсамайтын асау халық еді. Ека­те­ри­наның бір сөзі бар: «қазақ деген тағы халық екен. Қылышын суырса, қарсыласының ба­сын алмай тынбайды. Оларды бірінің етін бірі жегенге дейін жауластыру арқылы ғана алуға болады» деген. Оның үстіне қазақ дала­сы шексіз байлық ордасы, оқыған сауат­ты­лары көп болды. Мәселен, Алаш арыстары Кеңес одағының күллі даму жолын, бағ­дар­ла­масын жасап берді. Ахаң, Досмұхамедов бір топ шоғыр жұлдыз бастаған Алаш арыс­та­ры керек болса, заңдарына дейін жазып берді. Алайда осы жобаны олар керісінше, қанқұйлы саясат жолында пайдаланды. Де­рек­ті өздері пайдалану үшін халықтың қай­мақтарын құрту керек болды. 1937 жылы тіп­тен ауылды жерлердегі бес-алты адамды ау­зына қарата білген адамдардың өзін алып кет­ті. Сол кезде адамдар жатарда бір-бірімен ба­құлдасып жататын халге жеткен ғой. «Таң­ға дейін аман жетеміз бе?!» деп. Бұл барлық ха­лыққа тән болды. Өйткені «қара машина» түнде жүретін болған. Ауыл, үйлерді аралап жүретін, шамы жанып тұрған үйге басып кі­ріп үш-төрт адам әңгімелесіп отырса бол­ды «жау» деп тиеп алып кететін болған.

Кейбір аудандардың хатшы-маши­нист­ка­сына дейін алып кеткен ғой. Нақты дерегі әлі белгісіз. Оны білу мүмкін де емес. Ал СССР бойынша 1936-1938 жылдардағы үл­кен тазалауда 5-10 миллион адам тұтқын­дал­ған. Тағы бір деректерде (қаламгер В.Мо­ча­лов­тың кітабында) «Бірінші дүниежүзілік со­ғыста Одақ бойынша 15,2 миллион адам өл­се, 1937-1938 жылдарда 8-12 миллион қа­зақ қырылды» деп жазады. Себебі Мәскеуден түскен лимитті орындау керек болды. Ұлт­шы­лы бар, шетелдің тыңшысы бар, қоғамға қа­сірет әкелетін діншілдері бар, Кеңес өкі­ме­тіне қарсы насихат жүргізді деген желеу­мен атып-асып жатты. Ешкімге қараған жоқ. Бір ғана Беломор каналында 11 млн тұтқын бол­ды. Бір мемлекеттің халқы десе де бола­ды. Бір қызығы сол, 11 млн тұтқынның ішін­де 37 милиция жұмыс жасапты. Қалғаны есеп­шісі, архитекторы, небір ғалымдары тұт­қындардан болған.

1938 жылы желтоқсан айында Сталин қа­зақ даласын прокурорлардан тазарту тура­лы қаулы шығарды. Барнауылда бірде-бір про­курор қалмады. Барлығын тиеп апарып Но­восібірде атқызып жіберді. Сонымен қа­тар заң қызметкерлері, милициялар да қа­ма­лып жатты. Біз «үштік» дейміз ғой, Орын­бор­дың мұрағаттарынан «екіліктің қаулысы» бойынша атылған адамдар туралы деректер таптым. Бұл бұрын айтылмаған. Осындай ше­шіммен 20 мың чекист атылып кетіпті. Осын­дай мемлекетшіл тұлғалардың ішінде талай дарынды азаматтарымыз атылып кетті. Мәселен, Қазақ АССР-нің заңын жасаған Әй­тиев атылды. Алғашқы қазақ прокуроры Ес­қараев та осылай опат болды.

 

– Енді неге осы зұлматты «геноцид» деп мойын­дата алмай отырмыз? Кім кедергі?

– Ешкім емес, өзіміз кедергі болып отыр­­мыз. Біраз дүниенің бетін аштық. Дерек бар. Ғалымдар жиналып қол қойып, халық­ара­лық сотқа берейік десек, ешкім қозғал­май­ды. Ресейден басы артық ештеңе даулап отыр­ған жоқпыз. Жер, құн дауына бармайық. Тек қазақтың қырғынын қуғын-сүргінмен ха­лықаралық сотқа беріп, геноцид ретінде мойындатып алайық. Ұлттық құқымызды қор­ғайық. Бұл ескі дауды қоздыру үшін емес, келешекте осындай қателікті болдырмау үшін қажет. Керек болса, қазақты қынадай қыр­ған Голощекин геноцидін мектептің Қа­зақ­стан тарихы пәнінде ашық түрде жаза алмай келеміз. Шынын айтатын болсақ, төл тарихымыздағы қасіретті жылдар туралы ақпараттар мектеп оқулықтарының өзінде мар­дымсыз жазылған. Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған ашаршылықта қазақтар се­кіл­ді көп қырылған украиндер бұл траге­дия­лық кезеңдерді халықаралық деңгейге шы­ғарып, басқа елдерге көрсетіп, оны мойын­­­датуға мәжбүр. Біз болсақ бұл нәубетті жыл­дарды өскелең ұрпаққа толық жеткізе ал­май отырмыз.


Зұлмат заманның зардабы
Бүгінде кейбір Алаш тақырыбын зерттеу­ші­лер ұлт азаттығы жолында күрескен ұлы тұл­ғаларымыз бен қаймана қазақтың басына зұл­мат боп төнген патшалық Ресейдің саяса­ты­на қатысты айтылмаған, жазылмаған дү­ние­лер әлі баршылық екенін айтып жүр.

Көптеген құжаттар жоғалып кет­кен. Тіп­тен кейбір сарапшылар кезінде қа­зақ хал­қы­ның тарихы мен мәде­ние­тіне, ашаршылық, қуғын-сүргінге қа­тысты құжаттардың қаса­қа­на түрде буда-будасымен отқа жағылғанын ай­та­ды. Қазақ байларын тәркілеуге қа­тыс­ты 32 іс ізім-қайым жоғалған. Бұл іс басында Іш­кі істер министр­лі­гі­нің сұ­рауы бойынша алдырылған екен. Кейін сол мекемеде жатып жоқ болып кеткен. Мұрағат қорының басым бөлігі 1929 жылы ел астанасын Қызылор­да­дан Алматыға көшірілген кезде жо­ғал­ған деген дерек бар. Рас болса, сол кез­­де аса құ­пия деген он жәшік іс-құ­жат­­тар ұрланған. Орынбордан Қы­зы­лордаға апара жатқан кезде де 1937-38 жылдары елде жүргізілген қу­­ғын-сүргін саясатына қатысты жүз­деген жәшік мұрағат қолды болыпты. Былай қа­ра­саң, қасақана қолдан ұйымдас­ты­рыл­ған ша­ра ма дерсің?

Ал сақталып қалған аз-маз деректің өзі­не қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Зерт­теу­ші­лер алыс-жақын шетел мұра­ға­тынан там-тұм­дап дерек жинап кел­гені болмаса, елі­міздің Ұлттық қауіп­сі­з­­дік комитетінің мұ­ра­ғаттары зерт­­­­теушілер үшін әлі толық ай­қара ашыл­ған жоқ. Тек бірен-саран зерт­теу­шілер ғана болмаса, тарихшыларға әлі мүмкіндік берілмей отыр.

Осындай салғырттықтың кесірінен аса құ­пия түрде жүзеге асырылған жы­мысқы сая­саттың кілтін табу әлі мүм­кін болмай отыр. Нақты қанша қазақ­тың қырылғаны да белгісіз. Ста­­­­тис­тикалық деректер әркелкі. Зерт­теу­шілер де бас-басына дерек айтып, айды аспанға шығарып жүр. Төрт бірдей аштық пен қуғын-сүргін, кәм­песке зұлма­тынан кейін қазақ­тар­дың саны 1 миллионға жетпей қалға­нын айтумен шектеліп жүрміз. Демог­рафтардың көпшілігі 1913 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Әлһамду-лилла, 6 мил­лион қазақ бармыз» деген пікіріне сүйе­неді де, нақты ғылыми талдауға құмартпайды. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің есебі бойынша, 1897 жылы қазақтың саны

4 млн 400 мың болса, 1959 жылы сол қазақтың 2 млн 870 мың ғана қалған. Кейін белгілі ға­лым Табыл Құлияс Орынбор мұрағаттарын ақ­тарып жүріп, халық санына қатысты тың де­рек тауып келгенін айтқаны бар. «Орын­бор­лық Саложников деген тарихшының де­регінде «Кейбір қазақтар санақшыларға он баласы болса да, төрт-бес қара домалақ жүр­ген шығар деп айтпайтын халық. Шын­дығын айтпағанның өзінде мен білетін қа­зақтар саны 1911 жылы 8 миллион 200 000-нан бірде-бір кем емес-тін» деп көр­се­тілген. Меніңше, нақты дерек осы болуы тиіс. Өйт­кені 1900 жылдың Сенаттың қаулысында қа­зақтардың саны 8 млн 200 мың деп көр­сетілген. Бұл – бұлтартпайтын дерек. Қазақ ол кезде Ресейдің отары болды. Неғұрлым мол түсім жинау үшін адам салығын әрбір жанды түртіп отырып есепке алып отырды. Ол кезде салық жинаушылар қазақша біліп келетін. Санақшылар да әрбір ауылда қонып жатып халықтың есебін жүргізді. Салық үшін бәрі. Тағы бір айта кетерлігі, «мұра­ғат­тардан 1897 жылы Лейпциг қаласында ба­сылып шыққан әлемдегі 200 мемлекеттің хал­қының саны көрсетілген дерек тауып ал­дым. Сонда қазақтар өзбектерден екі жа­рым есе көп» деген делінген. Бүгін керісінше бо­лып отыр. Өзбектің саны – 30 млн. Ал біз іс жүзінде 75-80 млн болар едік» дейді ол.

Қазаққа зұлмат әкелген тек ашаршылық қа­на емес. Саяси репрессия, кәмпеске, жер ау­дару секілді жымысқы саясат араласты. Тек бірінші дүниежүзілік соғыстың өзінде 370 мың адам қазақ опат болды делінеді. Ол түгілі 1916 жылғы аштық пен Амангелді Има­нов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс ке­зінде қанша қазақ қаза тапқаны да жұмбақ қалып отыр. 1929-32 жылдардың аралығында қазақтар 372 рет көтеріліске шыққан екен. Қуғыннан қашып көрші елдерге ауып кеткен қанша қазақ бар екенін де білмейміз. Бар бі­летініміз бас-аяғы 20 жылға жетпейтін уақытта қазақтың 80 пайызы адам қолымен жасалған түрлі саясаттың құрбаны болғаны. Шамамен, 1,5-2 миллиондайы шетелге кетті, көбі жолда қырылып қалды деген сөз.

1921-22 жылдар мен 1931-32 жылдар­дағы ашаршылыққа қатысты мұрағат мағлұ­маттарын салыстыруға мүмкіндік туса, талай дүниенің беті ашылар еді дейді кейбір зерт­теушілер. Мәселен, кәмпеске бас­талардың алдындағы мұрағат құжаттарына сүйенетін болсақ, қазақ даласында

44 миллиондай мал басы болған. Кейін сол малдың бәрін ха­­лықтан күшпен тартып алды. Ең соңында мұның арты 1931-33-жылдары аштыққа ұла­сып, сайын далада 4 миллионға жетер-жет­пес қана тұяқ қалған. Кәмпеске болмағанда қа­зақтың жалпы тұрмысы тым құрығанда Корея мен Малайзияның бүгінгі тіршілігін­дей күн кешкендей болар едік.

Абайсызда жоғалып, я болмаса қолдан жо­ғалтудың салдарынан әлі күнге дейін ақ-қарасы анықталмай келе жатқан дүниелер бұлар ғана емес. Жалпы, 1937-1938 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшы­ра­ды. Солардың 25 мыңы бірден ату жаза­сы­на кесілген. Солардың қатарында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сей­фуллин секілді арыстарымыз кетті. Алай­да «қырық жыл қырғын болса да, ажал­ды өледі» демекші, қуғын мен азаптан аман қалған Алаш арыстары туралы деректер айтылып жүр. Басында мұндай деректерді өз заманында қазаққа қамқор болған арыстай азаматтарды сағынған халықтың арманынан туындаған әпсана болар деген түсінікке са­лып онша мән бермей келдік. Алайда қа­зақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы­ның өзінің «Мен Мағжанды көрдім» деуі неге тұрады? Баукең қалдырған қолжазбада «1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада коман­ди­рінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылы­нып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болуы керек. Олардан өзгеше­леу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жа­қын­дап келіп, қазақша «Ассалаумағалей­кум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап ал­ған­ша, ол теріс қарап отырған күйінде: «Ма­ған жақындама, бәлем жұғып кетеді, – деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жі­біп «Менің жағдайым қиын ғой, маған жа­қындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, – деді. Мен оның қа­зақтың ақиық ақыны Мағжан екенін бі­ліп, шамам келсе, көмектескім келді де, «Мен он шақты күннің көлемінде қайта ора­ламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз, – дедім. Он шақты күннен кейін уақытым бол­май, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның мал айдап жүріп, суға кетіп қайтыс болған­ды­ғын айтты!» делінген.

Бұл әңгіменің шуы басылмай жатқанда Сә­кен Сейфуллинмен Магадан лагерінде тұтқында бірге болған Иван Мудров есімді адам белгілі болды. Айтуынша, ол Магаданда Сәкенмен өте жақсы байланыста болыпты. Енді Мудровтың өзін сөйлетейік: «Жас күнімде Қарағанды көмір шахтасында еңбек еттім. Кезекті жер астында жарылыс болып, шахтадағы апаттың кінәсі менің мойныма ілінді. 1939 жылы маусымның 5-і күні Қа­ра­ғанды облыстық сотының отырысы өтті. Он жыл­ға сотталып, Магаданда болдым. Жақсы қор­ғаушы табылып, мерзімімнен бұрын, 1940 жылы бостандыққа шықтым. Сол жылы Магаданда келбетті, орта бойлы, орыс тілін жетік меңгерген қазақтың Сәкенімен таныс­тым. 25 жылға «халық жауы» деп айыпталған екен. Бірақ өзі жайлы көп ештеңе айтпайтын. Танысқаннан кейін біраз уақыт өткенде «қазақ қашып кетті» дегенді естідім. 1940 жыл­дың ортасына таман сәуір айында Сә­кеннің мәйіті көпірдің астынан табылды. Бұ­рын­ғы Горький атындағы ауылдан 500 метр қашықтықта жер қойнауына өз қолым­мен тапсырдым».

Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ау­даны Қарабұлақ ауылындағы Жансүгіров атындағы орта мектептің ұстазы, зерттеуші Медет Дүтбаева 2010 жылы Міржақып Ду­лат­ұлы Карелияда түрмеде жатқанында оған Солтүстік мұзды мұхит арқылы Мұстафа Шо­қай келіп, алып кетпек болған. Бірақ «мен мұндағы бауырларыма керекпін» деп ұсыныстан бас тартқан. Міржақып сол кезде түрмеде қиындық шегіп жатқан түркі-қазақ бауырлары үшін орыс-қазақ сөздігін жазып, құрастырып жатқан кезі екен» деген мәлімет таратты. Кейін ел арасында «Міржақып қа­маудан босап, Алтай қазақтарының арасына барып паналапты» деген сыбыс тағы шықты. Ақын Сұраған Рахметұлының да Алаштың арысы Міржақып Дулатұлына өте қатты ұқсас, бір құпия адам 60-жылдарға дейін Өл­гей аймағында өмір сүргендігін айтқаны тағы бар. Табыл Құлияс та кезінде Алаш зиялысы 1947 жылы Ахмет Байтұрсыновтың Новосібірдегі лагерьде жазушылардың бөл­месінде қазақтарға орысша-қазақша құжатқа кө­мектесіп жүргенін көрдім деген адам тура­лы жазғанын білеміз. Қалай болғанда да бұл де­ректер тереңірек зерттеуді, зерделеуді қа­жет

ететін жайт.

Дайындаған Жұлдыз БАЙДІЛДА

http://www.aikyn.kz/news/view/50444