Ауыр кезеңдерге толы қазақ тарихын азабына қарай жіктейтін болсақ, 1931 жыл мен 1938 жылдар аралығында көрген тауқыметіміз басқа кезеңдерде көрген құқайымыздан асып түсері хақ. Бұл азапты жылдары қазақ халқы ішер ас пен ақыл-естен қатар айырылды. Әсіресе ашаршылыққа қатысты ұстанымымыз бен бағамыз тым солғын шығып жатыр. Ашаршылықтың басқа зұлматтардан айырмашылығы бұл нәубет халықтың жаппай қырылып, құрып кету қаупін төндірді. Мәселен, қуғын-сүргін, репрессия кезінде халықтың зиялы бөлігі өкіметтің қаһарына ұшыраса, соғыс кезінде елдегі ер азаматтардың бір бөлігі қырғынға ұшырады. Ал ашаршылықтың зұлматынан ер-әйел, кемпір-шал, бала-шаға, қыз-бозбала, сәби, бүлдіршіндердің ешқайсысы аман қалмайды. Бұл тұтас халыққа бағытталған жойқын нәубет еді.
Ашаршылықтың себебін жаңсақ түсінуден әлі арылар емеспіз. Аштықтың себебі ретінде құрғақшылықты жиі мысал ету ұшырасады. Ол пікірге құлақ түрсек, мал қырылып, егін шықпай қалған сияқты жұттың салдарынан аштық бел алған. Алайда мына екі нәрсені жіті назарымызда ұстағанымыз жөн: а) мұндай жұт қазақ тарихында әр ғасырда 2-3 рет қайталанып отырған. Бірақ 30-шы жылдардағыдай миллиондап адамдар қырылмаған; ә) тіпті жұттың өзі қазақ даласын ешқашан түгел қамтымаған. Су көздерінің тартылуы, шабындықтың сор тартуы, мал басының кемуі жекелеген аймақтарда ғана орын алып, қалған өңірлер бақуатты тұрмыста болған. Қиыншылыққа тап болған бір ру екінші бір руды паналап жан сақтауы немесе күйзелген бір жүздің басқа жүздің қасына көшіп барып аштықтан аман қалуы ауыз әдебиеті жанрларында жиі кездеседі.
Екінші қате көзқарас аштыққа ұшыраудың себебін халқымыздың экономикалық қабілетін төмен бағалаудан іздестіру. Аштықты басынан өткерген жандардың естеліктерін оқыған адам бұл мәселеге оңай көз жеткізеді: 1931-32 жылдардағы еліміздегі ашаршылық туралы «Қызылдар қырғыны» естеліктер жинағында: «Константин Бугаев, Семей облысы: «Нағыз аштық 1932 жылы басталды… Ауыл-селоларға қайыр сұраған босқындар толып кеткен. Ал аштықтан өлгендердің мәйіттері бір қабірге көмілген. Өлгендердің қалталары ақшаға толып тұрса да, оған сатып алатын ештеңе болмаған» және де «Зейтін Ақышев: «Жаз шықты. Азық таусылды. Ендігі күніміз қараң. Ертеңіміз тіпті үрейлі. Бұл – 32 жылдың шілдесі. Менің алатын 24 сомым төрт адамның жұтқыншағына жұқ болмайды және оған табылып жатқан тамақ жоқ» деп жазады.
Тарихшылар «Қазақстандағы аштық нәубеті шын мәнінде қолдан әдейі ұйымдастырылды» дегендей пікірді жиі айтады. Олардың зерттеулеріне зер салсақ, Ресейдің империяшыл топтары мен Кеңес өкіметі ұлттық интеллигенцияны ғана емес, олардың тәрбиесімен қаулап өсіп келе жатқан ұрпақты өзіне қауіпті санады. Бұл буын хатты араб, төте жазу қарпінде таныған, өткен тарихтан хабары мол буын болғандықтан, империяшыл шовинистік күштер оларға ауыр соққы берудің амалын ойластырды. Ф.Голощекин Қазақстандағы билікке келген бойда қазақ халқының социалистік құрылысқа қарсылығын Мәскеуге жиі хабарлап отырды. Жылдың әр мезгілінде көшіп-қону, құда түсу, партия тағайындаған ауыл басшысына емес, ақсақалдардың сөзін көп тыңдау сынды оқиғаларды көріп, Ф.Голощекин «Қазақ жерінде әлі Кеңес өкіметі орнамаған, мұнда «Кіші қазан» революциясын жасау керек» деген қорытындыға тірелді дегендей пікір жиі айтылады. Шын мәнінде қазақтың қолындағы малды түгел сыпырып алып Ресейге жөнелткеннен ел аштыққа ұрынды емес пе.
Біз әдетте ашаршылық туралы сөз қозғасақ, оның себебін іздеуді 1928 жылғы әкімшілік-экономикалық реформадан бастаймыз. Бірақ бұл реформа аштық науқанынының алғышарттары ғана. Ал шын себебі жергілікті дәстүрді үзіп, көне рухани жәдігерлердің қанатын қырқу еді. Сөйтіп, ұжымдастыру барысында ақсақал буын дәрменсіз күйге түсіп, аштықтың басты құныкері етіп көрсетілді, ер азаматтар отбасын, бала-шағасын асырай алмай, мүсәпір, ақыл-ессіз мәңгүртке айналу жалғасып, кейінгі буын тамырынан мүлде қол үзген мәңгүрт ұрпаққа айналып шыға келді. Қаламгер Таласбек Әсемқұлов «Аштық пен соғыс» атты еңбегінде «Аштықтың салдарынан адамның ішкі дүниесі, кісілік салттары, бүкіл моральдық тұлғасы оңалмас, түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Ұзаққа созылған аштық адамның рухани келбетін аздырады. Біртұтас «мен» бір-біріне кереғар бірнеше «мен»-ге ыдырайды… Сананың тежегіш күші әлсірегендіктен ойлар, идеялар бір-бірімен байланыссыз тез-тез алмаса бастайды. Есту мен көру қабілеті галлюцинацияға ұшырайды, адам санасын ақылға сыймайтын нақұрыс идеялар билей бастайды. Алайда бұл идеялар да санаға тұрақтамай, бір-бірін жиі алмастырады. Адам өз-өзімен күбірлеп, жынмен сөйлескендей күй кешеді… Ақырында, аштықтың ең сұмдық зардабы – естен адасу, жындану болып табылады» деп жазды. Ашаршылықтан аман қалған азғантай ұрпақтың санасы дәл осындай дүбәрә күйде еді. Мұндай мәңгүрттенген сана не бұйырса да орындауға дайын тұрғандықтан, коммунистік идея қазақтың трефотаксистік мінез-құлқына іркіліссіз сіңе берді.
Аштық құрбандарының саны туралы сөз қозғалғанда әртүрлі фактілерге кезігеміз. Әрқилы деректер ашаршылықтан қырылғандардың ұзын-сонар саны 1,5 миллион мен 4 миллион аралығында деп көрсетеді. Олардың дәл санын анықтаудың да өте қиын екені белгілі. Алайда көпшілік қауым қазақтың саны 3 миллион деген пікірге жиі тоқталады. Сан айғақтар мен ашаршылықты ұйымдастыруға қатысты құпия бұйрықтарға қол жеткізу жұмыстары кезінде ғалымдар мен тарихшылардың жолын құжаттардың жабық ұсталуы бөгесе, нәубет кезінде халық аузынан шыққан зарлы жыр жолдары мен аштықты көзімен көргендердің естеліктері «отбасы, ошақ қасы» әңгімелерінен ұзай қоймады.
Заманның басқа салғаны,
Жидіп түсті қолаң шаш.
Көктей солды ардағы,
Бота көз сұлу арулар.
Бидайық үзіп талмады,
Сары асық қайран боздақтар,
Тышқан, суыр аулады.
Сәтсиәлизім халықтың,
Бола алмады қорғаны.
Үш миллион қазақты,
Аждаһа болып жалмады, — деген азалы жылдарда ашаршылыққа ұшыраған қазақтың азынаған дауысынан хабар берсе,
Есіктері ашылып,
Ағаш-тасы шашылып.
Қарақоныс көң қалды,
Түңдіктері түріліп,
Уықтары бүгіліп,
Туырлығын құм басып,
Тігулі орда үй қалды… — деп елінен босқан қазақтардың зарлы әуендері әлі күнге дейін жаңғырып естіледі.
Жанат Ибраева,
Б.Шалғынбаев атындағы
№217 мектептің тарих пәнінің мұғалімі
Қызылорда