АЛТЫНОРДА
Новости КазахстанаРегионы

Асқақ әнмен көк туды желбіреткен жігіт

Ибрагим Ескендір – патриоттық рухтағы әндерді айтып, халықтың зор ықыласына бөленіп жүрген әнші. Оның орындауындағы «Көк тудың желбірегені», «Аманат»,  «Бірлік ұраны», «Ләйлә», «Ғашықтың тілі», «Қызды неге жылаттың» тағы басқа да әндері тыңдарманның жоғарғы бағасына ие болған. Патриоттық рухы биік әншімен сұхбаттасудың орайы келіп, онымен емен-жарқын әңгімелескен болатынбыз.

— Сөз жоқ, бүгінде хитке айналған «Көк тудың желбірегені» әнін естіген кезде Ибрагим Ескендір ойға оралады. Немесе керісінше…

– Таңертең «Қазақстан» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының түсірілімінде болдым. Сонда маған «Әннің бағын сіз аштыңыз ба, әлде ән сіздің бағыңызды ашты ма?» деген сұрақ қойылды. Өздеріңізге белгілі, ән бұдан бұрын да айтылып жүрген. Яғни, сахнада шырқалып жүргеніне он жыл болған екен.  Осы жағдайды ескере келе мен әлгі сұраққа «Ән әншісін, әнші әнін тапты деп ойлаймын!» деп жауап бердім. Шыны керек, кейбір әншілер әнді бір-екі аптада жаздырып жатса, мен бұл әнге көп уақыт жұмсадым. Жан-жақты іздендім. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, араласып жүрген жақын адамдарыммен ақылдасып, кеңесіп, жөн сұрап отырдым. Ол кезде «Хит болатын ән» деген ой қапеліме де кіріп шықпаған. Алайда, бұл – жүрекпен орындалуға тиісті рухы биік  ән. Жалпы, әннің жазылуы мен ойлағаннан да жақсы болып шықты. Еліміз де жылы қабылдап, аталмыш әнді тіпті Елбасының алдында да шырқадым.

– Қазақтың ән қоржынында патриоттық әндер баршылық қой. Осы әнді таңдап алуыңызға не себеп болды?

– Кездейсоқтық деп айта алмаймын. Өйткені, бала кезден осындай әндерге бүйрегім бұрып тұратын. Мектеп қабырғасында жүргенде рухты оятатын патриоттық әндерді орындауға бейім болдым. Бірақ, әр әнді өзімше айтуға тырысатынмын. Сол кезден келе жатқан ойсоқты арманым десе де болады.  «Көк тудың желбірегені» әнінен бұрын «Аманат» атты әнді орындағанмын. Бұл туынды өзіме қатты ұнайды. Мен үшін «Көк тудың желбірегені» бір төбе болса, «Аманатым» бір төбе. Енді жаңағы сұрағыңызға жауап берейін. Аталмыш әнді орындауға ішкі қалауым және «Аманат» әні себепкер болғандай. Алғашқы әнге көп көңіл бөлгенмін. Бейнебаян да түсірдік. Дәл сол уақытта «Қазақстан» ұлттық телеарнасының қолдауымен «Көк тудың желбірегені» әніне түсірілген бейнебаян халыққа кеңінен таралды да, ал «Аманат» тасада қалып қойды. Енді, бүгінгі таңда соны арнаға беріп жатырмыз.

– Бұдан бұрын ол марштық, опера негізіне салынып айтылды.  Ал сіз, тыңға түрен салғандай, домбыраның үнін қосып, ұлттық бояуы қанық, қазақы нақышта орындап шықтыңыз.  Бұл да оңай іс емес…

– Осыдан бір жарым жыл бұрын көлігіммен кетіп бара жатып, операға сәйкестендірілген «Көк тудың желбірегені» әнін Қазақ радиосынан естіген болатынмын. Сол сәтте маған бұл әнге қосымша бояу керек сияқты көрінді. Ойлана келе, қара домбыраның үні жетіспейтінін түсіндім.  Әнді диктофоныма жазып алдым да,  Алматыдағы Қазақ радиосының журналисі Жарқын досыма хабарластым. Ол сол әннің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбекұлының ұялы телефон нөмірін берді. Бірден Алмас ағаға хабарласып, мән-жайды айттым. Ол «Кел!» деген соң, Алматыға бардым.  Алмас ағаммен кездестім. Мені көрген бетте «Мен сені басқа Ибрагим екен деп ойладым. Айып етпе, бауырым!», – деді.  Қаншама шақырымды артқа тастап келгенімде мұндай жауап естимін деп ойламадым. Бірақ, «үмітсіз шайтан» деген бар.  «Аға тыңдап көріңіз!», – деп «Аманат» әнінің аудио нұсқасын қолына ұстатып кеттім. Абырой болғанда, ол кісі ертеңінде хабарласып, жұмыс орнына келуін өтінді. Шақырған жеріне айтылған уақытында бардым. Біраз әңгімелестік, еңбектерімен таныстым, кітаптарын көрсетті. Содан не керек, ағамыз әнді айтуыма рұқсат берді.  Бірақ, ол кісіге «Маған бұрынғы нұсқаларын тыңдатпай-ақ қойыңызшы. Өзіңіз айтып берсеңіз жақсы болар еді!» деп айттым. Ол сөзге келместен ыңылдап отырып айтып берді. Сөзі мен әнін толығымен диктофоныма басып алдым. Бұдан кейін өңдеу жұмыстарына кірістік. Негізі бір аптада бітетін жұмыс қой. Біздікі бір айға созылды.  Жан-жақты қарап, саралап, дұрыс нұсқасын таңдап алуға тырыстық. Әннің өзі алтайдың әндері негізінде жазылды. Тұсауы «Мәдениет» телеарнасының ашылу салтанатында кесілді. Артынша, Қазақстан телеарнасының азаматтары әнді ұнатып, «бұған бейнебаян түсірейік!» деп ұсыныс жасады. Мені халықпен қауыштырған «алтын көпір» осы телеарна болды.

Кезінде Кеңес Одағынан қалып қойған бір қағидат бар ғой, яғни патриотттық ән болатын болса, міндетті түрде маршпен айтылу керек деген сияқты.  Қазаққа ең керегі домбыра, қоңыр дауыс, қарапайымдылық. Ел-жұрт баритон, опералық дауыспен айтылған әнді әркез тыңдай бермейді. Тіпті, өнерде жүрген мен өзім де мұндай әндерді тыңдауға құлықты емеспін. Марштық әндерді басқа да негізде қазақтың жан-дүниесіне жақын, бүкіл болмысын ашатындай етіп айтуға болатынын «Көк тудың желбірегені» әні дәлелдеп берді деп ойлаймын. Байқасаңыз, соңғы кездерде басқа да әншілер патриоттық әндерді көп жазып жүр. Бұл сәнге айналып бара жатыр. Бұған аталған әннің әсері болды деп толық сеніммен айта аламын. Көп әншілер маған хабарласып, «Патриоттық әнім бар еді. Ақылдасып көрсек. Қай бағытта шығарғанымыз жөн?» деп сұрап жатады. Оларға барынша көмектесуге тырысамын.

– Алдыңғы буын аға-әпкелеріңіз «Ибрагим бауырымыз ол әнді лирикаға айналдырып жіберіпті. Алғаш орындаушылардың бірі осы кісілер ғой деп бір ауыз рұқсат сұрамады» деп назданып жатқан көрінеді. Тіпті «Зейіпхан тірі болатын болса, Ибрагимге ескертер еді» депті.

– Иә, бұл сынды естігенмін. Бірақ оны мен сын деп қабылдамаймын. Бұл әнді маған дейін қаншама әнші орындады. Олардың әрқайсысының алдына барып, рұқсат сұрауға міндетті емеспін. Ең бастысы, әннің сөзін жазған ақынның алдынан өттім. Ән менің орындауымда жарыққа шыққанда автор ризашылығын білдірді. Тіпті, әнін жазған марқұм Ермұрат Зейіпханның інілері хабарласып, алғыстарын айтты. Достары: «Әттең, Ермұрат бұны көрмей кетті. Көзі тірісінде естісе қуанары сөзсіз еді!» деді. Өнердегі үлкен аға-әпкелеріміз де қуанды. Бүгінгі таңда сол әнді естіген шет елдегі қандастарымыз  да риза болып, жеке концертіммен  келуімді өтініп отыр. Әннің бағасын беретін біріншіден – халық, екіншіден – автор.  Енді, лирика  дейтіндей мен «Үкілі кәмшаттың» иіріміне салып тұрған жоқпын ғой. Әнге домбыра, шаңқобыз, сазсырнай аспаптары қосылған. Алтайдың стилінде айтылды. Осы сөзді  айтқан аға-әпкемді сырттай танығаным болмаса, жүздесіп көрген емеспін. Бұған қоса олар «Ініміз, өресі жетсе орындасын!» деген екен. Бұл қазаққа тән қылық па?! Шет елдегі әншілерге ұқсап пиар жасап, дауға айналдырудың түкке де қажеті жоқ. Біздің қазаққа тән нәрсе емес. Әрине, өзімнен жасы да, жолы да үлкен азаматтар болғандықтан оларды құрметтеймін. Бұл әнді ол кісілер 10 жылдай орындаған екен. Әр әнші өз қалауынша айтқан. Әртүрлі әңгімелердің шығуы әннің осы уақытқа дейін жемісін бере алмағандығы, өз деңгейінде айтылмай келгендігі себеп болған шығар.

– Осы уақытқа дейін тележобаларға қатысып көрдіңіз бе? Мәселен, сіздің тыңдармандарыңыз «Егер, Ибрагим Ескендір «Көк тудың желбірегені» әнімен «Саз әлемі» тележобасына қатысатын болса, сөзсіз «Жыл әншісі» атанар еді!» депті. 

– «Саз әлеміне» қатысуға болушы еді.  Бірақ, дәл сол уақытта елде болған жоқпын. Қатыспағаным да дұрыс болған шығар. Өйткені, ол әнді халық мойындап қойған. Елдің қошеметіне бөленген әнді қайта дәлелдеудің қажеті шамалы. Ол жерде қазақтың болмысын түсінбейтін әділ-қазылар отыруы мүмкін. Артық пікір айтып, бекерге тыңдармандарымды ренжітіп алады. Сондықтан асқақ боп туылған әнді, сол күйінде қалдырған жөн сияқты.

– Жалпы, осы уақытқа дейін қандай конкурстарға қатыстыңыз?

– Мектеп қабырғасында жүргенде аудандық байқауларға қатысқанмын. 2003 жылы Атырауда өткен «Жас толқын» байқауында екі номинация бойынша бақ сынадым. Бірі – дәстүрлі әндерге қатысты болса, екіншісі – эстрадалық әндерге тиесілі. Бір қызығы сол, эстрада әндері бойынша үшінші  орнынды алғаныммен, дәстүрлі әнге келгенде байқауға кешігіп қалдым. Соған қарамай, басты төреші Нұржамал Үсенбаеваға жолыққанымда, ол кісі әнімді орындауыма рұқсат берді. Қара домбырамды қолыма алып, шырқай жөнелдім. Жиналған халық қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Кейіннен әлгі әпкеміз «Бас жүлдеге лайық бала екенсің. Бірақ, сен кешіктің!» деді. Дегенмен, құр қол қайтармай, теледидарды сыйға тартқан болатын. Жалпы, осы уақытқа дейін әнші Маржан Арапбаева сияқты үлкен сайыстарға қатысып, топ  жарып көрген емеспін.

– Алдағы уақытта ше?

– Білмеймін.

– Алайда, 2012 жылы «Жас қазақ үні» газеті сізге «жыл әншісі» атағын берген екен?

– Халықтың дауыс беруі арқылы анықталған ғой. Сол газетте жұмыс істейтін азаматтар хабарласып, сүйінші сұраған болатын. Қуандым. Сыйлықтарын «жеке шығармашылық концертімде табыстаймыз» деді.

– Елімізде  жүйелі түрде  «көркемдік кеңес» жұмыс істейтін болса, сіздің әндеріңіз өтеді деп ойлайсыз ба?

– Өтеді! Неге өтпейді?! Өйткені, менің әнімді сұрыптап, таңдап беретін менің ұстазым – Бекболат Тілеухан. Оның алдынан өткен ән неге өтпеске. Бұл біріншіден. Екіншіден, әннің сөзіне ерекше ден қоямын. Жан-жақты ақылдасамын, пікірлерін тыңдаймын. Жұматай Жақыпбаев деген керемет ақын бар. Әттең, былайғы жұрт біле бермейді. Он жеті жасында «Ләйлісін» көріп, соны өмір бойы жырлап өткен. Сол «Ләйлісіне» арнап жазған өлеңдерінің ішінен бірқатарын іріктеп алып, Қалқаман Сарин ағама апарып көрсеттім. Ол оның өлеңдерін таңдап алғаныма риза болды.  Сөйтіп, ақынның өмір бойы жырлаған музасын әнге қостым. Әнін жаздым. Әндерім кеңестен өтпей қалуы да ғажап емес. Өтеді-ау деген үмітім бар деп айтайыншы.

– Ән жаздым дедіңіз. Сонда сізді сазгер дейміз бе, әлде композитор дегеніміз дұрыс па?

– Бекболат ағамыз бірде «Сен осы нота үйренбей-ақ қойшы. Егер нота танитын болсаң, «Аманат» сияқты әндерді жаза алмай қаласың. Қазақы кеңдігіңді жоғалтып аласың!» деген болатын. Сондықтан мен композитор да, сазгер де емес шығармын. Бірақ, жүректегі махаббатты әнмен жеткізіп жүрген жайым бар.

– Бекболат Тілеухан ағамыздан тағы қандай сабақ аладыңыз? Не үйрендіңіз? Не түйдіңіз?

– Ұлттың мүддесін жоғары қоятын нағыз азаматтың қасында отырып әңгімелескеннің өзі үлкен сабақ қой.  Бір әннің тарихын таң атқанша айтатын. Бүкіл қазақтың әндерін орындап, әрқайсының тарихына тоқталатын. Тірі кітап сияқты. Таң қалатынмын, осыншама ақпаратты қалай ғана ұмытпай жадында ұстайды деп. Ерекше жақсы көремін сол ағамды. Арамызда аға-бауырлық үлкен махаббат бар. Сөзін екі етпеймін. Бекболат ағаның шәкірті болған соң, өнерге қатысты дүниелерге жауапкершілікпен қараймын. Білмейтін нәрсем көп. Сондықтан ол кісіден ақыл сұрап тұрамын.

– Сіздердің бірлесіп айтқан «Бірлік ұраны» деген әндеріңіз де бар. Қосылып айтуға кім бірінші болып  ұсыныс жасады?

– Ағаның орындауында бірнеше рет естігем сол әнді. Бірде ағамның үйіне барғанда сол әнді өзім шырқап бердім. Ол ұнатып, қайта-қайта айтқызды. Сөйтті де, «әннің өңдеп жаздырып кел!» деді.  Айтқанын орындап келген соң, басын өзі бастап беруін өтіндім. Былайша айтқанда жоспарсыз, алдын ала келсімсіз шыққан ән ғой.

– Алдағы уақытта сол әнге бейнебаян түсіру ойларыңызда бар ма?

– Ойда жүрген дүние ғой!  Бекболат аға оның сценарин де айтқан. Құдай қаласа түсіреміз.

– «Фонограммамен айтып жүрген әншілерге тосқауыл қоятын болсақ, олардың 80 пайызы ән айтуды доғаратыны анық» депті композитор Кеңес Дүйсекеев?

– Дұрыс айтады! Келісемін!

– Жеке концертіңізді жанды дауыспен бересіз бе?

– Әрине, жанды дауыс болады. Бұлайша айтуға қорықпаймын. Оған мүмкіндігім бар. Жалғыз менің емес, сахнада жүрген қазақтың әншілерінің көбісінің шамасы жетеді. Өйткені, мойындау керек шеттерінен «сен тұр, мен айтайындар» ғой. Кейде концерттерге барсаң,  техникалық құралдары дұрыс емес немесе  аппарат нашар болады. Сол кезде фонограммамен айтуға мәжбүр боласың.

– Қазақ немесе шетел әншілерінен кімді тыңдайсыз?

– Өзіміздікінен көп әншілерді тыңдаймын. Шет елден Лара Фабианды.

– Продюсеріңіз бар ма?

– Продюсермен жұмыс істеп жатқан жоқпын. Бірақ, Ұлттық арнаның қызметкері Мәди Манатбек ағамыз өнеріме жанашырлық танытып, ерекше көңіл бөліп жүр. Мен, Мәкеңе ешкім емеспін. Бірақ, қазақ өнеріне бей-жай қарамайтын  нағыз азамат екен. Сол ағаммен де кеңесіп тұрамын. Қазіргі таңда ақылдаспай, еуропаға еліктеп, түкке тұрғысыз ән жазып, бейнебаян түсіріп жатқан әншілер көп қой.  Менің айтарым олар Еуропаға барып айтсын. Қазақты сондай әндермен таң қалдыра алмайсың.

– Әншілік жолға түспегенде кім болар едіңіз?

– Негізі менің мамандығым – экономист. Бәлкім, кәсіпкер немесе экономист болар ма едім. Қазіргі уақытта жан-жақты болған абзал.  Тек әнімізбен емес, басқа қырымызбен де танылып жатсақ жақсы емес пе!

– Әскери борышыңызды өтеген азаматсыз ба?

– Еуразия университетінде әскери кафедрада оқығанмын. Лейтенант шенім бар. Ал, негізінде әскерге барғым-ақ келеді.

– Алдағы уақытта шақыра қалса қайтер едіңіз?

– Әй, қайдам! Шығармашылық дегендей… Үйленіп кетсек, бала-шаға дегендей…

– Айтпақшы, сол үйлену мәселесіне ойыссақ. Журналистерге берген бір сұхбатыңызда «ақмаралымды» кездестірдім депсіз. Тойға қашан барамыз?

– Ой, дөйт де (күлді). Құдай қаласа, жаздың жайдары күндерінің бірінде той боп қалуы мүмкін.

– Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз?

– Отбасымызда бесеуміз. Төрт әпкем бар. Әкемнің ақындық қасиеті және түрлі аспаптарда ойнай білетін өнері де болған. Алғашқы  ұстазым да сол кісі. Өнер маған әкемнің қанымен дарыған. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының тумасымын. Балалық шағым сол жерде өткен. Қазір енді он жылдан астам уақыт болды  елордамыз Астанада тұрып жатырмыз.

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Наурыз айынан бастап жеке концертпен шығамыз. Тәжірибе жинау мақсатында бірінші шағын қалалардан, аудандардан  бастап көремін. Оңтүстік аймақтан бастағалы отырмыз. Одан кейін үлкен қалаларға ұсынамыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Ән көгінде самғай беріңіз!

Арай СҮГІРБАЙ

Қызықты оқиға

Концерттердің бірінде сахнаға шығып, ән айтып тұрсам, жиналған халық маған қарап күліп отыр.  Бір жерім дұрыс болмай тұр ма деп, бас-аяғыма қарап қоямын. Бір уақытта көрермен мен жақты нұсқап, қолдарын шошайтып, ішек-сілелері қатып ал кеп күледі. Түк ұғып тұрғаным жоқ, олардың сондай іс-қимылдарына қарап, өзім ыңғайсызданып, қызарып кеттім. Шынымды айтсам, сахнадан кетуге асықтым. Содан қойшы әйтеуір, әнімді айтып біттім. Кетіп бара жатқанда артыма бақсам, ілініп тұрған плакаттың бірі құлағанда, артынша бірінен соң бірі түсіп қалған ғой (күлді). Сондай бір қызық оқиға болған.

Шын порталы