АЛТЫНОРДА
Интервью

Асқар Ақаев: «Билікті конституцияға сай тапсыра алмағаныма өкінемін»

imagesАзаттыққа эксклюзивті сұхбатында Қырғыз Республикасының экс-президенті Асқар Ақаев «революция елдің демократиялық дамуына қарсы айбалтаға айналғанына қынжылатынын» айтты.
Азаттық: – Биыл Қырғызстан демократиялық қозғалысының 25 жылдығын атап өтті. Сіз де билікке осы өзгерістердің дүрмегінде келдіңіз. Мұндай кезеңдерде билікке кездейсоқ адамдар да келіп жатады. Сіз билікке кездейсоқ келдім деп ойлайсыз ба, әлде бұл жан-жақты екшеліп барып жасалған қадам ба?

Асқар Ақаев: – Меніңше, ешқандай кездейсоқтық болған жоқ. Рас, мен ешқашан билікке қызыққан жоқпын, ең алдымен мен ғылым адамымын. Бірақ, тағдырдың жазуымен президент болдым. Алдыма мұндай мақсат қоймаған едім. Билікке қалай келгенімді өзіңіз қараңыз. Үлкен саясатқа қадамымды 1986 жылы, Кремльге Михаил Горбачев келген соң бастадым. Сол жылы мені Қырғызстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі етіп сайлап, білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл кездейсоқтық емес еді, себебі мен ол кезде Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі әрі политехникалық институтта кафедра меңгерушісі едім.

Орталық комитетте ұзақ істеген жоқпын. Сол кезде білім мен ғылым саласында реформалар басталды, менің бұл жөніндегі көзқарасым бірінші хатшы Абсамат Масалиевтің көзқарасымен сәйкес келмеді. Арада бір жарым жыл өткенде ғылыммен айналысу үшін қызметтен босатуды сұрадым. Ол қарсы болмады. Ғылым академиясына кеттім, онда мені бірінші вице-президент етіп сайлады. Саясатқа 1989 жылы қайтып оралдым. Сол жылы халық арасынан балама депутаттар сайланғаны өзіңізге мәлім. Маған «барлық одақтас республикалар ғылым академияларының президенттері өз кандидатураларын ұсынып жатыр» деді. Менің қарсылығыма қарамастан, академия мүшелері мені ұсынды, сөйтіп мен СССР халық депутаты болып сайландым.

Азаттық: – Қазір «Мәскеудің қолдауынсыз ешқандай саясаткер билікте ұзақ отыра алмайтын» дегенді айтып жүр. Сайлау жақындаған сайын кейбір саясаткерлердің Мәскеуге жиі баратынын өзіңіз де байқаған боларсыз? Ал сол 1989-1990 жылдары Мәскеудің батасын алып па едіңіз?

Асқар Ақаев: – Шынымды айтсам, Михаил Горбачев пен Жоғарғы кеңес төрағасының маған көзқарасы жақсы болды. Мені халықаралық делегациялар құрамына жиі қосатын. Бір жолы Қытайға үлкен делегация барғаны есімде. Орталық Азия елдері депутаттары арасынан оған мені ғана қосыпты. Дегенмен, Горбачевтың билігі Кремльдің айналасынан аспай тұрған 1990 жылы респубикалар өз тағдырларын өздері шешетін. Сайлау қарсаңында демократиялық күштер өкілдері менімен өздері хабарласты. Келесі күні таңертең Бішкекке ұшып бардым, сөйтіп мені президент етіп сайлады. Горбачев та, Лукьянов та мені қолдады. Мені Қырғыз парламенті сайлады.

Азаттық: – Топчубек Тұрғынәлиев бастаған демкоратиялық күштер «Ақ үйдің» алдында тұрған 1990 жылдың қазан айы есімізде. Содан соң ғимараттан жас депутат Өмірбек Текебаев жүгіріп шықты да, сіздің президент болып сайланғаныңызды хабарлады, сосын сіздің басыңызға ұлттық қалпақты кигізді. Бұдан соң сіз сөз алып, Қырғызстанның «демократия аралы» болатынын айттыңыз. Сіз демократия толқынымен билікке келген соң осылай дедіңіз бе, әлде шынымен осы идеалдарға сендіңіз бе?

Асқар Ақаев: – Біріншіден, сол кезеңде ғылыми ортада нағыз демократия салтанат құрып тұрған. Себебі, зертхана меңгерушісінен бастап Ғылым академиясының президентіне дейін барлығы сайлау жолымен тағайындалатын. Кейде тіпті баламалы жолмен сайланатын. Ең алғаш мен 1970 жылы демократиялық жолмен зертхана меңгерушісі болып сайландым. Бұл орынға кандидат болмасам да, ұжым мені таңдады. 1980-жылдардағы СССР-дағы демократияның алғашқы толқыны дәл осы ғалымдардың арасынан шыққаны белгілі. Академик Сахаровты, академик Рыжковты айтсақ та жеткілікті.

Азаттық: – Демократияның басты қағидасы – әділ сайлау. Халық мемлекет басшыларын сайлау арқылы өз билігін жүзеге асырады. 2005 жылы парламент сайлауының әділ өткеніне жұрттың көбі сенбеді. Сондықтан халық көшеге шықты, олар аймақтардағы мемлекеттік әкімшілік ғимараттарын басып алды, бұл өзіңізге аян. Сол жолы парламентке қызыңыз Бермет пен ұлыңыз Айдар да сайланды. Сол жолы сайлаудың әділ өткеніне сенесіз бе?

Асқар Ақаев: – Қызым Бермет жайлы айтсам, ол әділ жолмен сайланды. Бакиев президент болған соң ол қайтадан сайланды, бірақ оған мандат бермей қойды, мұны білесіз. Берметті менің қатысуымсыз-ақ сайлады. Бұған дейін ол шетелден Қырғызстанға көмек әкелді, елімізге Ага-Хан қорын кіргізді. Ол парламентке билік үшін келген жоқ, халыққа қызмет ету үшін келді. Ал, жалпы сайлау туралы айтсақ, кез келген сайлаудың кемшіліктері болады. Бәлкім, 2005 жылы да кем-кетік тұстар болған шығар. Тіпті ең дамыған елдердің өзінде мұндай жағдайлар болып жатады. Бірақ, сол жолы сыртқы күштер үлкен рөл ойнады деп ойлаймын.

Азаттық: – Сұхбаттарыңызда сізді биліктен кетіруге АҚШ мүдделі болды дегенді талай мәрте айттыңыз. Осы қисынға сенер болсақ, 2010 жылы Бакиевті тақтан тайдыруға да Америка үлес қосты ма? Әлде мұнда басқа күштер болды ма?

Асқар Ақаев: – 2005 жылғы мемлекеттік төңкеріске келсек, америкалықтар революцияны дайындап жатқанын ашық айтып жүрді. АҚШ елшісі Стивен Янг тіпті Мемлекеттік департаментке оппозицияны қолдаған мазмұнда хат жазды. Мемлекеттік департамент өкілі революцияның сәтті өткенін, Қырғызстанда билік ауысқанын мәлімдеді. Сарапшылар да бұл туралы ашық айтты. Ал 2010 жылы Бакиевті АҚШ емес, халықтың өзі алып тастады. Оның саясаты халыққа ұнамады. Ол кезде Америка Бакиевті қолдап отырған.

Азаттық: – Билікте болған кезіңізде «Қырғызстанның басты байлығы – адам ресурстары» дегенді жиі айтатынсыз. Бірақ, 1990-жылдары, 2000-жылдардың басында біздің азаматтардың көпшілігі нәпақа табу үшін шетелге кетті. Ал жоғары білімді мамандар базарға саудаға шықты. Қырғызстан осы ресурстарының біразын жоғалтып алған жоқ па?

Асқар Ақаев: – Тек қырғызстандықтар емес, басқа мемлекеттердің азаматтары да шетке кетіп жатты. Ол бір қиын кезең болатын. Дегенмен, миграцияның ең үлкен толқыны 2005 жылдан соң басталды. Жұмыс орындары азайып, инвесторлар қуылды. Миллион қырғыз 2005 жылдан соң шетке кетті. Біз билікте болған кезде Қырғызстанда тек қырғыздар ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің де қалуына жағдай жасадық. Мәселен, орыс тіліне ресми мәртебе бердік. Бірақ, ол тұста миграцияның болуы заңды еді. Дегенмен, негізгі толқын 2005 жылдан соң басталды.

Азаттық: – Сіз билікте болған кезде қолға алынған көптеген экономикалық бағдарламалар мен жобалар жүзеге аспай қалды. Мәселен, Қайыңды қант зауыты, Кант цемент-шифр комбинаты, пәкістандықтар салуға тиіс болған фармацевтика зауыты, Жалал-Абадтағы балалар тағамдары фабрикасы. Бұған не себеп? Сізді айналаңыздағылар алдады ма?

Асқар Ақаев: – Мені алдады деп айта алмаймын. Мұның бәрі кадрлар дайындығының нашарлығынан. Ол кезде жұрттың барлығы жауыр болған советтік жоспарлы жүйемен жұмыс істеді. Мәселен, Шу облысындағы жобаларды кім қадағалады? Белгілі шаруашылық маманы, премьер-министр Апас Жұмағұлов. Ол екі зауытты іске қосуы тиіс болған, бірақ ол істей алмады. Бізде бірден «ақшаны жымқырып кеткен» дейді. Алайда, ол жаңа нарық жағдайына бейімделмегендіктен жұмыстың ретін келтіре алмады. Дегенмен, ол кезде іске қосылған басқа да жобалар болды ғой. Солардың бірі – Тоқмақ шыны зауыты. Бізге Германиядан инвесторлар келіп, бүкіл аймақты шынымен қамтамасыз ететін комбинат ашты, Бішкекте темекі фабрикасы жұмысқа кірісті.

Журналистер мұндай күйреу біздің елде ғана болды деп көрсеткісі келеді. Негізінде олай емес, басқа мемлекеттерде де осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Қазақстанның өзінде қанша зауыт қирап қалды? Иә, 2001 жылға дейін бұрынғы одақтас республикалар мен біздің елдегі өмір сүру деңгейінде көп айырмашылық болған жоқ. Бұдан соң Қазақстанда мұнай доллары, Түркіменстанда газ доллары пайда болды, сөйтіп олар бізден алға озып кетті.

Азаттық: – 2005 жылғы наурыздағы оқиғаларға қайта оралсақ. Сол кездегі оппозиция өкілдері әлі күнге дейін наурыздың 23-і мен 24-інде сізбен келіссөз жүргізіп, парламент сайлауының нәтижесін жоққа шығарып, жаңа сайлау тағайындауды ұсынғандарын, сіздің президент сайлауына түсуден бас тартпай қойғаныңызды айтады. Бұған өкінбейсіз бе?

Асқар Ақаев: – 2005 жылғы сайлауға түспейтінімді 2004 жылы-ақ мәлімдегенмін. Бәлкім, бұл – менің қателігім болған шығар. Кейін осы мәлімдемемнің таспасын іздеп көремін. Мен мұны бірнеше рет айтқанмын, мұны көп жұрт естіді. Мүмкін, Борис Ельцин сияқты үндемей келіп, соңғы күні билік тізгінін ізбасарыма қалдыру керек пе еді? Бірақ, президентті халықтың өзі сайлағанын қаладым. Мұны АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкіліне де айттым. «Егер демократияны дамытқыларыңыз келсе, сайлау өткізуге көмектесіңіздер» дедім. Қазір тек бір-ақ нәрсеге – билікті конституциялық жолмен тапсыра алмағаныма өкінемін. Басқа ешқандай өкінішім жоқ. Егер наурызда революция болмағанда, күзде сайлау өтер еді.

Азаттық: – Батыста жақсы бір дәстүр бар. Өкілеті аяқталған мемлекет басшыларының өзіне «Президент мырза» деп сөйлейді. Меніңше, бұл дұрыс. Кезінде мемлекет үшін жауапкершілікті қолына алған адам бұл жауапкершілікті өмір бойы арқалап жүруі керек. Ал сіз Қырғызстан үшін жауапкершілікті сезінесіз бе?

Асқар Ақаев: – Әрине, Қырғызстан үшін жауапкершілікті сезінемін. Елде жағдай нашарласа, менің де жүрегім ауырады. Бірақ, сіздің сипаттамаңызбен толық келіспеймін. Меніңше, Бакиевке «президент мырза» деуге болмайды, себебі ол қаншама адамның қанын төкті. Өзім де ешкімнен мені осылай ата деп талап етпеймін. Мені ешкім олай атамайды да. Бірақ, революция еліміздің демократиялық дамуына қарсы айбалтаға айналғанына қынжыламын.

Азаттық: – Мемлекет үшін жауапкершілікті сезінемін деп отырсыз. Қазіргі және болашақ саясаткерлерге қандай ақыл қосар едіңіз? Қандай қателіктер жібермеу керек?

Асқар Ақаев: – Болашақ басшыларға айтарым: Қырғызстанды демократиялық даму жолына қайта түсіру керек. Қырғызстанда мұнай мен газ жоқ. Түркіменбашы кезінде университеттер мен ғылым академиясын жабу керек деген. «Неге?» деп сұрағанымда, ол: «Біздің ғасырға мұнай мен газымыз жетеді» деп жауап берген. Бұл да бір жағынан жөн сөз. Түркіменстан газын өндіріп, дамып жатыр. Оларда университеттер мен академия жоқ. Тіпті опера және балет театры жабылып қалған.

Ал Қырғызстанның мұнайы мен газы жоқ. Бізде су бар. 21-ғасырда мұнай-газ емес, су басты рөлді ойнайтын болады. Болашақ ұрпақтарға Қырғызстанды қайтадан құқықтық мемлекет етуге кеңес берер едім. Қырғызстанның басты ресурсы – адамдар. Жастарды оқыту керек. Қателік жібермеу үшін алдымен қателесіп көру керек. Билікке мемлекет пен халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін көзіқарақты басшылар келуі тиіс.

Венера САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

(Сұхбатты орысшадан ықшамдап аударған – Мұхтар Екей.

http://www.azattyq.org/