АСТАНА. 26 қыркүйек. BAQ.KZ – «Әскерде намаз оқуға рұқсат етілмейді»,-дейді ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қ. Лама Шариф өзінің блогына келіп түскен хаттардың біріне берген жауабында.
Агенттік төрағасына жазылған №222249 өтініште келісім-шарт бойынша әскерде қызмет еткісі келетін Ғабит есімді азамат әскери қызметте жүріп мұсылман парызын өтеуге мүмкіндігінің бар-жоқтығын сұрайды: «Әскерге келісім-шарт бойынша жұмысқа кіру ниетім бар еді. Бірақ, заңда әскерде намаз оқуға тыйым салынады делінген. Ал, сол заңда намаз үстінде ұстап алса ешқандай әкімшілік жазаға тартылмайды деп те айтылады. Сол рас па?».
Өкінішке қарай, Заңда мұсылмандық шарттарды атқаруға болмайтындығын алға тартқан Қайрат Қайырбекұлы «Қазақстан Республикасының «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-IV Заңының 7-бабы 3-тармағының 2-тармақшасына сәйкес Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердiң аумағында құдайға құлшылық етудi, дiни жораларды, рәсiмдердi және жиналыстарды өткiзуге жол берiлмейдi. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы заңнамасымен бекітілген діни жораларды өткізуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 375-бабының 1-тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осыған орай, әскерде намаз оқуға рұқсат етілмейді» деп жауап жазады.
Майгүл СҰЛТАН