АЛТЫНОРДА
Новости

Әскерге баратындар көбейді

images (2)Елімізде жастарды күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Қорғаныс министрлігінің жоспарына сай биыл жалпы 29 мың азамат армия сапына тұруы тиіс екен. 1 қазаннан басталған шақыру кезінде 12 мыңнан астам жас әскери комиссариаттарға келуге міндетті.

– Осы мерзімде Қазақстан Қа­ру­лы күштері қатарына 18-27 жас ара­лығындағы әскери мерзімдік қыз­метті кейінге қалдыруға бол­май­тын және әскери мерзімдік қыз­меттен босатылмайтын 12 мың­дай азамат шақырылды – дейді кеше Астанада Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінің брифингінде ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйым­дастыру-жұмылдыру де­пар­таменті бастығының орын­ба­сары Амантай Өсербаев. Қазір жергілікті әкімдіктердің шешімімен барлық облыстарда әскерге шақыру комис­сиялары мен әскер қатарына ша­қырылатын азаматтардың денсау­лығын тексеретін медициналық ко­миссиялар құрылған. Әскерге ша­қырылып отырғандардың ара­сында техникалық білімі бар жі­гіттер әуе қорғаныс саласындағы әс­кери бөлімдерге, ал спортқа ике­мі барлар аэроұтқыр әскерлердің қа­тарына, жалпы, денсаулығы жа­рамды қалған жігіттер әртүрлі әс­кери бөлімдерге жіберіледі. Қарулы күш­тердің тәртібі де, талабы да әл­д­еқайда жақсарды. 
Лауазымды тұлғаның бұлайша айтуының да өзіндік себебі бар. Өйт­кені ел арасында әскердегі әлім­жеттік әлі жойылмаған деген пі­кір өзгермей келеді. Бірақ Өсер­баев оны үзілді-кесілді жоққа шы­ғарып, казармалардың офи­це­р­лерден бөлек бейнекамералармен қатаң қадағаланатындығын айтты. Оның үстіне соңғы екі жылда Қа­зақ­стан армиясында суицид оқи­ғасы тіркелмепті. Мамандар мұны сар­баздар арасындағы профи­лак­тикалық жұмыстың жандануымен байланыстырады. 

Дегенмен комиссариатқа келу­шілердің арасында ауру-сырқаулар әлі де көп. Ағымдағы жылдың көк­теміндегі тексеру кезінде нау­қастар тө­мендегідей топтарға бөлінді. Те­рапев­ти­калық ауру-сыр­қаулар бар­лық сыр­қаттың 15,6%, хирургиялық – 13,6%, нев­ро­ло­гия­лық – 7,1%, сто­­­ма­тологиялық – 4,7%, ЛОР ор­­ган­дарының сырқаты – 6%, тері­­-ве­нерологиялық ауру­ла­ры – 5%, көз ауруы – 6,2% құрайды екен. 

Айтпақшы, әскерден жалтару­шы­ларға бір мың айлық есептік көр­сеткіш көлемінде айыппұл са­лынады немесе бір жылға бас бос­тандығынан айырылады.

Б.ЕРНАР, Астана

http://aikyn.kz/