АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ӘСКЕРИ ОЛИМПИАДАДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІК ![:]

[:ru]

[:kz]

354711Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан ХХХІ жазғы олимпиадамен қатарласып Ресей мен Қазақстанның әскери полигондарында әскери қызметшілер арасындағы жайынгерлік сайыстардан «Әскери олимпиада» өтті. Жылда Ресей аумағында өтетін армия ойындарында күш сынасатын сайыстардың саны биыл 23-ке жетті. Қазақстан Қарулы күштері оның 21 түріне қатысты. «Халықаралық армия ойындары – 2016» сайыстары ішінде «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» аталатын екі түрі биыл бірінші рет Қазақстан жерінде өткізілді. Жамбыл облысындағы «Гвардейск» полигонында болған халықаралық екі байқауға 278 адам қатысты, олардың 32-і қазақстандық әскери қызметшілер, ал 246 жауынгер шет елдерден келді. Армия халықаралық ойындары халықаралық ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың, бейбітшілік пен ниеттестік кепілінің жаңа символына айналды. Әскери олимпиада биылғы жылы 3 мыңнан астам әскери қызметшінің, Азия, Еуропа, Африка, Латын Америкасының 20 мемлекетінде жасақталған 120-ға жуық армия командаларының басын қосты. Бұлардың ішінде НАТО-ға мүше елдердің командалары да бар. Далалық, әуе және теңіздегі жауынгерлік сайыстар бойынша 23 байқау бір мезгілде Ресей мен Қазақстанның 20 әскери полигонында және Балтық, Қара және Каспий теңіздерінің су айдындарында ұйымдастырылды. Келесі жылы Армия халықаралық ойындары бағдарламаларының ауқымы тағы да өсе түсетін болады. АрМИ ойындарының Қазақстан аумағында өткізілетін тізіміне броньдалған автомашиналардағы ралли және әйел әскери қызметшілер арасындағы көпсайыс сияқты тың, жаңа жарыс түрлері қосылады деп жоспарлануда.

         Жеті күнге созылған армия ойындары сейсенбі күні мәреге жетті. Әскери сайыстардың екі түрінен додаға түскен 12 елдің жауынгерлері барын салып, соңғы күштері сарқылғанша жанталасып жеңіске ұмтылды. Өйткені спорттағы «Ең бастысы – қатысу» дейтін олимпиадашылардың ұраны бұларға мүлде келмейді. Соғыс даласында жеңілгенің – өлгенің. Армия ойындарында жыл сайын жүлделі орындарды иеленіп жүрген қазақстандық жауынгерлер бұл жолы да оннан астам елдің командаларын артқа тастап, жарқырап алға шықты. Отардағы «Мерген шебі» байқауының үш кезеңінің қорытындысы бойынша қазақстандық мергендер командасы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды еншілесе, зеңбірекшілер «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауында жеңіске жетті. Сөйтіп, Қазақстанның әскери қызметшілері екі байқаудың абсолюттік жеңімпаздары атанды.

         «Мерген шебі» байқауында Ресейдің әскери қызметшілері екінші орынға табан тіресе, үшінші орынға Белорусь атқыштары иеленді. Мергендер байқауының ақтық кезеңіне турнирдің бірінші және екінші кезеңдерінің қорытындысы бойынша төрт үздік команда, яғни, Қазақстан, Ресей, Қытай және Беларусь командалары болды. Бұлар байқаудың үш кезеңінен өтті. Екінші кезеңдегі «Арнайы оқ ату» сайысында қатысушыларға 150-200 метр қашықтықта тұтқынды ұстап отырған «шартты» лаңкестің басын елестететін бес нысананы жою шарты қойылды. Ал сайыстың үшінші кезеңінде мергендер түрлі кедергілері бар 1 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтулері керек болды. Олар қабырғадан, биіктігі 2 метр қақпадан, ордан, сымды қоршауды қиналмай өтіп Макаров тапаншасынан нысана көздеді, Драгуновтың мергендер винтовкасынан 300 метр қашықтықтаға  фигураларды көздеп оқ атты, РГД-5 оқу гранаталарын лақтырып, динамикалық қабырғадан, автомобиль дөңгелектерінен жасалған үйінді мен көлбеулі баспалдақтан өтуге тура келді. Барлық жаттығулар серіктестер арасындағы жылдамдық, өзара түсіністік пен нақты үйлесімді өзара іс-қимыл жасауға есептелінген. 

354713

         Иран Ислам Республикасының командасын бастап келген подполковник Мұстафа Курбанидің айтуынша, жарыстың шарттары жауынгерлерді нағыз сынақтан өткізу үшін өте ұтымды, тиімді ұйымдастырылған. Иран қарулы күштерінің өкілдері биылғы Армия ойындарының 6 түріне қатысты. Аладивостоктағы теңіз жаяу әскерлері командасын басқарып келген полковник Вадим Акперов қазақстандық жауынгерлердің жақсы дайындығын атап өтті. Зимбабве елінен келген командаға жетекшілік ететін лейтенант  Феликс Каринмуфеби жарыстың өте күрделі екендігін айтады. Оның командасы барлық кезеңде де барын салып қимылдағанмен қазақстандық жауынгерлерге ілесе алмадық дейді. Армия ойындарына келген жалғыз мерген қыз сержант Каролин Чинхо Зимбабве Қарулы күштерінің мергендер тобымен келіпті. Каролин жігіттерден қалыспай жауынгерлік сайыста солармен қатарласып жарысты.  

– Қарсыластардың барлығы мықты болды. Олармен жарысқа түсу қызықты.  Алайда, ең мықты Қазақстанның командасы екені белгілі, сондықтан жеңіске жетті. Біз бұған қатты дайындалдық, жеңіс тұғырынан көрінуге талпындық. Әрине, қиын болды. Біріншіден күн ыстық, термен көп күшімізді жоғалттық. Кішкентай ғана қателік жіберсең бүкіл командаға әсері болады, сондықтан өте үлкен жауапкерлікті сезіндік. Мерген болу оңай емес, ол үшін мұқият іріктеуден өтесің, тек дене дайындығы ғана емес, оған адамның мінезі, сабырлық, салқынқандылық жағы да есепке алынады, психикалық, психологиялық, моральдық дайындығы да қажет. Біз өзімізді іс жүзінде көрсете білдік және Қорғаныс министрі қойған тапсырманы орындадық деп есептейміз. Біз бұған дейін де шет елдерде осындай жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатыстық, жүлде алдық. Қазақстанның мергендері өте мықты, басқа елдердің алдында абыройы бар. Осындай бәсекелі тартыстардың жыл сайын өткізілуін қалар едік. Бұл барлық бөлімшелер, күллі ел үшін өте жақсы тәжірибе, — дейді қазақстандық мерген 3-сыныпты сержант Дмитрий Охотников.

Отарда өткен армия ойындарының тағы бір түрі «Артиллериялық оқ ату шеберлері» сайысының үш кезеңі бойынша Қазақстанның артиллерияшылар командасы бірінші орынға шықты. Бұл сайысқа қатысқан командалар «Жеке жарыс», «Түнгі спринт», «Эстафета» және «Эстафета атты кезеңдерден өтті. Барлық кезең бойы қатысушылар пулеметтен, минаатқыштан, гранатаатқыштан, автоматтан дәлдеп оқ атып, «Ирелең», «Мина-жарылғыш қоршаудағы сорап өткел», «Төмпешік» және «Сорап көпірдің сұлбасы» кедергілері бар тас жолдарды жылдам өту бойынша жарысқа түсті. Сондай-ақ, минаатқыштардың есеп топтары түнгі жағдайларда нысаналарға дөп тигізуден сайысты. Әскери қызметшілер 2Б11 минаатқышынан, РПГ-7В-дан, түнгі көздеуіштері бар АК-74 автоматынан оқ атып, нысананы жойды. Минаатқыштан оқ ату радиусы 15 метрлік жеке құрамға арналған тасалары бар арнайы дайындалған ордан жүргізілді. Межеге дөп тигізу үшін әрбір командаға үш минадан бөлінді. Әрбір мүлт кеткен оққа бір айып шеңбері қосылып отырды.  «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауының соңғы кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстанның командасы үздік атанды. Екінші орында Ресей, үшінші орында Қытайдың командасы, төртінші орында Қырғызстан және бесінші орында Венесуэла командасы иеленді.

Қазақстан жерінде алғаш рет өткізіліп отырған Армия халықаралық ойындарының байқаулары осыдай нәтижелермен аяқталды. Әскери олимпиадаға қатысқан Ангола, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Белоруссия, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия және Армения сияқты 12 елдің командалары әскери сайыстардан үлкен тәжірибе жинап қайтты. Олар қазақтың мәдениетімен де танысуға уақыт тапты, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саябағына, ҚР Ұлттық мұражайы мен әлемге әйгілі биік таулы «Медеу» мұз айдынына барды. Меймандар қазақтың ұлттық ас мәзірі, яғни, бесбармақ, бауырсақ, құрт және ұлттық сусын – қымыз бен шұбаттан дәм татты. Армия ойындарына келген шетелдік жауынгерлер қазақтың қонақжаййлығына дән риза болып, келесі жылғы жарысқа басқаша дайындаламыз деп кетті.

 

 

[:en]

[:]