АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Аспаннан «мастар» жауған күн…

Бүгінде көшеде тойғанша ішіп, сылқия мас боп жүргендерді көрмейсіз. Дұрысы көзге шалынбайтын болды. Себебі… тәртіп сақшылары қаланы аралап, «сүзгіден» өткізіп, қоғамдық тәртіпті бұзғандарды яғни, мас болып, жұрттың мазасын алғандарды көзге көрсетпей, дабырайтпай «сыпырып» кететін болған. Нәтижесінде олар нандарын адалдап жеп жүр, екінші жағынан ызу-қию шудан жұрттың да құлағы тыншыды. Ішімдікке құмар жандар қалағанынша сілтеп алып, «әлемнің жарығын» айтып, көшеде шалқып жүрудің қиындап кеткенін біліп, артын ойлап, ойлана ішетін болды. Есесіне аспаннан «мастар» жауып жатыр. Дұрысы әуе кемелерінде тойып алып, жұрттың мазасын алған мас жолаушыларды амалсыз «түсіріп кету» оқиғалары жиілеген. Күні кеше Шымкент әуежайына ресейлік «Боинг-737» ұшағы амалсыз қонуға мәжбүр болды. «Террористер» жарып жібермек болыпты» … деп ойлап қалмаңыз. Алып лайнер Дубайға бет алған екен. Жетер жеріне жете алмай қаншама уақытын жоғалтқан әуе кемесінің қонуына «алқаш» жолаушы себеп болыпты. Демалуға кетіп бара жатқандардың көңіл күйін түсіруге сеп  болған жолаушы рейске отырмай тұрып-ақ тойлауды бастап жіберіпті. Артығынан сілтеп қойса керек. Өзін жалпақ әлемнің жарты патшасындай сезінген әлгі әркімге бір тиісіп жұрттың ығырын шығарған. Өз әрекетіне жауап беруден кеткен әлгі жолаушыларды балағаттап, енді біреуінің жағасына жармасып, әбден мазаларын қашырған. Ескертуді де елемей есіріп кеткен немені экипаж мүшелері де сабасына түсіре алмапты. Амалы құрыған экипаж командирі  Шымкент әуежайы басшылығынан қонуға рұқсат сұрап, ішімдік ішкен азаматты түсіріп кетуге мәжбүр болған. Жергілікті желілік ішкі істер басқармасы қызметкерлері араққұмар жолаушыны «құрметпен» күтіп алды.

Нұрлыбек Райысов, Шымкент қалалық әкімшілік полиция бөлімінің инструкторы:

—    Әуе лайнерінде ішімдік ішіп, бұзақылық танытқан азамат заңға сәйкес, әкімшілік сот арқылы айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ресей азаматына 5 айлық есептік көрсеткіш яғни, 8 655 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мастықтың әлегінен шым-шытырық оқиғаға тап болған азамат есін жиған соң айыппұлын төлеп, өз еліне қайтарылды. Дубайға жиналған «батыр» жетер жеріне жете алмай кері қайтты. Бұл бірінші оқиға емес, әуе кемесінде ішіп алып, есіргендердің шымқалаға түсіп қалғандары аз емес. Мұның алдында да дәл осындай оқиға бірнеше рет қайталанған болатын. Жердегі мастарды ұстау қиын емес, әуеден «жауатын» мастар әурелеп тұр… Осылайша Шымкент мастардың әуеден түсіп қала беретін транзиттік орталығына айналып кетпесе болғаны…

http://alashainasy.kz/