Астанаға газ құбырын тарту жобасы аяқсыз қалмайды. Ал республиканы газдандыру жоспары аясында 2030 жылға дейін 13 облыс газбен қамтылады.
Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, Астанаға тартылатын газ құбырының бекітілген техникалық-экономикалық негіздемесі бар. Жобаның құны да анықталып қойған. Алайда дәл қазір газ құбырының құрылысы уақытша тоқтап тұр. Бұл туралы арнайы шешім қабылданған.
– Бұл шешім Астанаға газ құбырын тартпаймыз дегенді білдірмейді. Алдағы уақытта жоба жүзеге асырылады, ол аяқсыз қалмайды, – деді вице-министр.
Бұдан кейін М.Мырзағалиев ел Үкіметі өткен жылы республикамызды газбен қамтамасыз етудің 2015 – 2030 жылдарға арналған Бас сызбасын бекіткенін баяндап, межелі мерзімге дейін 13 облыс газбен қамтылатынын жеткізді.
Оның айтуынша, қазір еліміздің 42 пайызы газбен қамтылып отыр. Бас сызбаға сәйкес, бұл көрсеткіш 56 пайыз болады.
– 2030 жылға дейін газ саласына 656 млрд теңге инвестиция құйылады. 2014 жылы республикада табиғи газды тұтыну көлемі 12,4 млрд текше метрге жетті. Ал газ өндіру көлемі 43,2 млрд текше метрді құрады, – деді министрдің орынбасары.
М.Мырзағалиев табиғи газдың экспорты туралы да сөз қозғады. Вице-министрдің мәліметінше, былтыр Қазақстан газ экспортын 6 млрд текше метрге жеткізіпті.
– Каспий қайраңында ашылған кен орындарын қоса алғанда, еліміздің геологиялық ресурстары газ бойынша 6-7 трлн текше метрден асады. Шығарылатын қор 3,9 трлн текше метр. 2014 жылы 43,2 млрд текше метрді құрады, соңғы 4 жылмен салыстырғанда бұл 2 есеге артық көрсеткіш, – деді ол.
Осыдан соң вице-министр елімізде газ құю стансаларының саны артатынын айтты. «Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» компаниясы, сонымен қатар «Гелиос» жанар-жағармай құю стансасы желісі газды автокөліктерге отын ретінде пайдалануды көпшілікке тарату бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сәйкесінше, болашақта елімізде газ құю стансаларының саны көбейеді. Қазақстанда әзірге осы отын түрі кеңінен тұтынылмайды. Бұған тиісті стансалардың жеткіліксіздігі бірден-бір себеп болып отыр. Әлемдік бағаның төмендеуі нәтижесінде, наурыз айынан бастап біз сұйытылған көмірсутекті газдың шекті көтерме бағасын бекіттік. Оның дейгейі тоннасына 11 мың теңге көлемінде айқындалды. Енді отынның осы түрі қолжетімді болады» деді М.Мырзағалиев.
Вице-министрдің пікірінше, Қазақстанның Солтүстігі мен Шығысын АЭС-тің электр энергиясымен қамту тиімді болады. Бұл туралы ол былай деді: «Өздеріңізге мәлім, қазір дүниежүзі бойынша Атом электр стансасынан шығарылатын энергияның құны ең тиімді. Екіншіден, салынып жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасы бойынша алдымен оңтүстіктегі елдімекендерге газ тарту жоспарланған. Бұдан артылған газ экспортталады. Павлодар облысында шығарылатын көмірдің құны арзан болуына байланысты, Екібастұзда шығаратын электр энергиясы өте тиімді. Сондықтан Солтүстік пен Шығыс өңірлерге электр қуатын тарту үшін ең тиімдісі АЭС деп ойлаймыз»
Қанат МАХАМБЕТ, Астана
http://www.aikyn.kz/